13 Наурыз, 2015

Шаңғы жолы

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
өскемендіктердің қала ішінде шаңғы тебуіне мүмкіндік сыйлады IMG_6431Биыл Өскеменде қала ішінен шықпай-ақ қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалды. Қыс басында қаланы қақ жарып ағып жатқан ақ Ертістің сол жағалауындағы Комсомол аралында 1,5 шақырымдық шаңғы жолы пайдалануға берілді. Аталған алаңда 400 және 800 метрлік шаңғы жолдары жарықтандырылды. – Бұрын қала сыртындағы шаңғы кешендеріне баратынбыз. Биыл Комсомол аралына келіп жүрміз. Қала ішіндегі шаңғы жолы уақытымызды үнемдеуге мүмкіндік берді. Оның үстіне трассаның орналасқан жері де тамаша. Шаңғымен өзеннің жағасын, орман ішін аралап, тынығып қаласыз, – деді шаңғымен сейілдеп жүрген қала тұрғыны Ирина Кузнецова. Ал өскемендік Ләззат Ком­паева немересі Диастың биыл бі­рінші рет коньки тебе бас­тағанын жеткізді. Бастапқыда конь­киді жалға алып жүрген ол таяу­да жаңа коньки сатып алған екен. – Халық мұз айдынына көп келеді. Тіпті, кей күндері конь­кидің босауын күтіп қалатынбыз. Әлбетте, қала сыртындағы тау шаңғысы курорттарына баруға қарапайым халықтың жағдайы мен уақыты келе бермейді. Сон­дықтан, балаларымыздың бос уақы­тын тиім­ді өткізуге тамаша жағ­дай жасаған қала басшылығына риза­шы­лығымызды білдіреміз, – деді ол. Өткен аптада С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Қазақ­стан-2050: тарихи таңдау» акция­сы да осында өтті. Акция барысында қала университеттерінің оқытушылары мен студенттері кезектен тыс Президент сайлауын қолдау мақсатында шаңғы жарысына қатысты. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануына қажетті инфрақұрылым құру жө­нінде тапсырма жүктеген бола­тын. «Алтай» стадионына құйылған мұз айдынына күніне 2 мыңға жуық халық келеді. Қала тұрғындарының спортқа құлшынысы күн санап артып келеді, – деді Өскемен қала­сы­ның әкімі Темірбек Қасым­жанов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суретті түсірген Есімхан Орынбаев.