04 Сәуір, 2015

«Жамбылдық әдіс»

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақ күресіндегі осындай тәсілді білесіз бе? Бар саналы ғұмырын күрес өнерін дамытуға арнап, ел спортына  еңбегі сіңген тұлға,  КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінен 122 КСРО спорт шеберін, 8  халықаралық  дәрежедегі  спорт шеберін,  2 КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп шығарған Марат Жақыттың есімі көпшілікке жақсы таныс. Марат Нұрмұхамедұлының 70 жылдық мерейтойына арналып жақында Тараз қаласында қазақ күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ел чемпионаты өтті. Осы дүбірлі жарыстың соңында М.Жақытпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді. – Марат аға, спорт жолын­дағы қадамыңыз қалай басталды? Өзіңізді алғаш рет спортқа баулыған бапкеріңіз есіңізде ме? –  Әрине, есімде. Алғашқы – бап­керім   Петр Терещенко де­ген азамат еді. Мен Семей облысының, Аякөз ауданындағы, Ақшатау ауылында дүниеге келіп, сол ауданға қарасты Мамырсу деген жерде мектепті тәмамдадым. Содан кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факуль­тетіне  оқуға түскенмін. Бапкеріммен де сол жерде таныстым. Бірақ бәрі бірден бола қойған жоқ. Басында еркін күреске барып едім, бірақ, үміткерлер көп болғандықтан, қабылдамады. Сол кезде институтқа қайтып келсем, оқу орнына самбодан Петр Терещенко деген жаттықтырушы шәкірт жинап жатыр екен. Бірден қабылдады. Осылайша алғашқы жаттығуды бастап кеттім. Екі айдан кейін жарысқа қатысып, 68 кило салмақ дәрежесінде бірінші орын алдым. Сосын институт біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атандым... Кейінірек спортпен түбегейлі айналысып, Қазақстан құрама командасының қатарына ендім. Кеңестік кезеңде 103 ауыл шаруа­шылығы институттарының арасында Кеңес Одағының бірін­шілігі өтеді. Біздің команда сондай ірі жарыстарда алғашқы үштіктен төмендеген емес. Қысқасы, спорт­тағы жолым осылай басталды. 16 жыл КСРО құрамасына қарасты ауыл спортының бас бапкері және Жамбыл облысының бапкері қызметтерін атқардым. Бір айтатыны, менде «спортшы» деген мамандық болған емес. Бірақ адамның таудай талабы ештеңеге қарамайды екен ғой. – Жас кезіңізде шаңғы тебуден облыс жеңімпазы атаныпсыз. Спорттың бұл түрін неге жалғастырмадыңыз? –  Рас, мен ес білгеннен спорттың осы түрімен шұғылдандым. Шаңғымен жарысуда аудандық, тіпті, облыстық жарыстарда алдыма жан салмадым. Әйтсе де институтта шаңғы спорт үйірмесі болмады. Оның үстіне, күні бойы тауда жүруің керек. Оқу кезінде оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Сондықтан спорттың бұл түрімен қоштасуға тура келді. – Бүгінгі таңда қазақ күре­сіне шетелдің спортсүйер қауы­мы қызығушылық танытуда. Соңғы жылдары қазақ күре­сінің де насихатталу шең­бері кеңейді. Жалпы, қай мемлекет­тің балуандары біздің басты қар­сы­ласымыз болады деп ойлайсыз? – Біздің қарсыластарымыз негізінен Моңғолия балуандары. Олар дзюдодан да, самбодан да шебер күресе біледі. Бір сөзбен айтқанда, спортшылары әмбебап. Бұған қоса, өзбектер мен қырғыздардың, тәжіктердің балуандары да осал емес. Ресейдің жуан білектілері бүгінде бізбен тайталасқа түсіп жүр. Грузия мен Иранның күресі де біздікіне өте ұқсас. Ал дзюдодан жапон мен корей балуандары оңай шағылатын жаңғақ емес... – Кілемде күресіп жүрген спортшылардың арасында «Жам­былдық әдіс» деген бар. Бұл қандай тәсіл? – Ол рас. Бұрын бұл әдіс болмаған. Мұны осы Жамбыл жерінде жүргенде өзім ойлап таптым. Бұл – қарсыласын бастан асырып лақтыру әдісі. Бұрын арқадан ұстап лақтырушы едік. Кейін қарсыластың бір қолын орап алып, екінші қолмен белбеуден ұстап айналдырып жіберетін болдық. Әрине, оны әркім өз мүмкіндігіне қарай іске асырады. Ерекшелігі, кез келген жағдайда қолдануға болады. Әсіресе, Алмас Мұсабеков осы әдісті жақсы жасайды. Мұны толық игерген балуан қарсы әдіске ешқашан түспейді. Қазіргі таңда қолданыста бар. Ережеге сай. Үйреткенде де «Жамбылдық әдіс» деп қолданылады. –  Қазақ күресінің болашағы жөнінде бір ауыз сөз айтсаңыз. – Алдағы жылдарда қазақ күресін Азия ойындарының қатарына қоссақ деген ойымыз бар. Оның жоспарында елуден аса мемлекетті қамту тұр. Осы ой-арманымыз орындалса, қазақ күресі қанатын кеңге жаятыны анық. Бір сөзбен айтқанда, қазақ күресінің болашағы өте зор!  Әңгімелескен Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ. Жамбыл облысы.