16 Қазан, 2015

Текті түзеу бесікті түзеумен бірдей

532 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
КуаликОл үшін құжаттандыру жөніндегі заңды қайта қарау қажет «Қазақы тегімді қайырып алу үшін көп жүрдім. Әлі де біраз жүгіру керек сияқты. Шынында да, ата тегімізді дұрыстап жаздырып алу өте қиын екен...» Бұл – төлқұжаттарындағы бұрмаланған ата тегін түзете алмай жүргендердің ашынғаннан айтқан сөзі. Солардың бірі – Тайпақ ауданының тұрғыны Қален Иманбаев. Сексеннің сеңгіріне келіп қал­ған қарт шөбересінің туу ту­ралы куәлігіне өз есімін енгізе алмағанын айтып налыды. «Есімімді шөберелеріме  бере алмай жүрмін...» «Менің бұл хатты жазуыма «Орал өңірі» газетінде (№76, 10 шілде, 2014 жыл) шыққан «Тегімізді түзетуге кедергі жоқ» деген мақала себепші болды. Осы мақалаға орай, мен басымнан өткен бір оқиға жөнінде баяндайын деп едім. Мүмкін, бұл оқиға біреулерге сабақ болар. Мен бұдан 5-6 жыл бұрын шөберелі болып, отбасымның шешімімен сәбидің тегіне өз есімімді беретін болдым. Сөйтіп, нәрестенің туу туралы куәлігін алар кезде немерем Руслан аудандық АХАТ бөлімінен беріл­гелі жатқан құжатқа қызының есімін «Аяулым», ал тегін «Қален» деп, яғни менің есімімді, үлкен атасының атын жазуды сұрады. Бірақ, өкінішке орай, ондағылар бұған келіспепті. Өйткені, менің есімім немерем Русланның құжатында жоқ екен. Руслан дү­ниеге келгенде оның құжатына «Руслан Мәлікұлы Иманбаев» деп жазылыпты. «Аяулым Қален» болып жазылу үшін оның әкесі Русланның құжатында менің есімім болуы керек екен, мысалы, Руслан Мәлікұлы Қален деген сияқты. АХАТ қызметкерлерінің мұнысына ренжіген немерем «Бәріміз сол кісінің ұрпағы екеніміз рас қой, неге мен қызым­ның тегіне өз атамның атын бере алмаймын?» деп ашуланып өзімді жіберді. Аталған мекемеге бүкіл құжатымды арқалап барғаныммен, ондағылар бұдан бұрын немереме айтқандарын маған да қайталап, шығарып салды. Сөйтіп, мен көзімнің тірісінде АХАТ бөліміне өзім ба­рып, Аяулымның шын мәні­сінде менің ұрпағым екенін құжаттай да, былай да айтып, дәлелдеп тұрғанда өз шөбереме есімімді бере алмадым. Менің бір түсінбейтінім, шөбереме тегі ретінде есімімді берер кезде АХАТ бөліміндегілер неге біздің қолымыздағы құжаттарды есепке алмайды? Оның үстіне мен оларға барып, өзімнің Аяулымның үлкен атасы екенімді айтып, оны дәлелдейтін құжаттарымды көрсетіп тұрған жоқпын ба? Сөйтіп жүргенде, сәбиге жәрдемақы төлейтін уақыт жақын­дап қалды да, АХАТ-тағы­лардың айтқандарын орын­дауға тура келді. Нәтижесінде шөберемнің құжаты «Аяулым Русланқызы Мәлік» болып жа­зылды. Одан кейін де шөбе­релерім дүниеге келді. Олар да құжат­тарын осы текпен алды. Бү­гінгі таңда қолданыста жүр­ген құ­жат даярлаудың қатып қалған заңының кесірінен немере, шөберелеріне өз есімдерін бере алмай жүрген мен секілді аталар көп. Бұл жағдай, әрине, біздер сияқты қарияларды қатты қынжылтады. Аталарының есімін тегі етіп алу да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі емес пе? Мен де кезінде заңгер болып істеген адаммын. Бұл өмірде қатып қалған ештеңе жоқ. Бұрын ыңғайына, тиімділігіне қарай қолданылып жүрген заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін. Қазіргі уақытта олай етуге болмай ма, неге құжат даярлау заңы қайта қаралмайды?» – депті Қален қарт редакцияға жазған хатында. Қарияның хатына жауап беру үшін біз сол бойда облыстық Әділет департаментінің АХАТ және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлжамал Лұқпанға хабарластық. Маманның мәлімдеуінше, мем­лекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Қазақстанның «Неке (ерлі-зайыптылық және отбасы туралы») Кодексінің 194-бабына сәйкес ата-ананың тілегі бойынша баласының тегі ұлттық дәстүрді ескере отырып, баланың әкесіне немесе атасына беріледі. Қален қарияның ауылындағы АХАТ қызметкері құжаттау бөлімінде жұмыс жасап отырып, осы заңды неге ескермеген? Қален қарт басқа құжаттары арқылы өзінің Аяулымның туған атасы екенін өзі «тірілей» келіп, дәлелдеп отырған жоқ па? Адамның өзінен артық қандай дәлел немесе куә керек? Бәрібір орысша жазылды.... Қален қарттың реніші орынды. Тегін жаңғыртуда талайлардың тауы шағылып жүргені рас. Солардың бірі – мына менің өзім. Былтыр тегін қазақшалай алмай жүрген бір танысымның әңгімесі мұрындық болып, осы мәселені көтеріп, мақала жазған болатынмын. Сол жолы тиісті орындардың қызметкерлеріне жолыққанымда, олар маған Елбасының 1996 жылдың 2 сәуірінде жариялаған «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығы негізінде құжаттарды қазақшалауда кедергі жоқ екенін айтқан болатын. Және қазақшаланған құжаттардың кейін кедергілерге тап болмайтынын айтып сендірген еді. Осыған орай, мен де өз құжатымды толықтай өзгертіп алуға талап қылдым. Бірақ, құжат ауыстыру мәселесі мен ойлағандай оңай болмай шықты. Әкемнің есіміндегі бір-екі әріптің дұрыс жазылмағанына және бұрынғы туу туралы куәлігімде әкемнің аты көрсетілмегеніне байланыс­ты менің жаңа құжат алуым ұзаққа созылды. Ұлттық дәстүрге сәйкес құжат жасау үшін АХАТ бөлімінің қызметкерлері туу туралы куәлігімді екі рет және басқа да құжаттарымды қайта-қайта жинақтады. Нәтижесінде оншақты ай жүріп, жаңа құжатқа қолымды әрең жеткіздім. Бірақ, тегімнің ұлттық дәстүрге сәйкес өзгертілді дегені тек аты ғана болып шықты. Құжатымда әкемнің аты бәрібір орыс грамматикасына лайықталып жазылды. Өйткені, қазіргі әрекет етіп тұрған заңға сәйкес АХАТ бөлімінің қызметкерлері адам тегінің дұрыс жазылмағанын қанша жерден біліп тұрса да, оны қазақы грамматикаға лайықтап жазуға, яғни бір әріпті де өзгертуге құқықтары жоқ екен... Дүбәра тегіңіз намысқа тимей ме?.. Кеңес дәуірінде қазақтарды орыстандыру ең алдымен құжат­тардан бастаған болуы керек. Өйткені, қай адамның құжатын алып қарасаңыз да, орысша толтырылған. Нанбасаңыз, қасы­ңызда тұрған кез келген адам­ның құжатын қарап көрі­ңіз. Мысалы, Жайлыбаева-Джай­любаева, Орақұлы-Арак­ұлы, Қы­дырқожаева-Кдркуд­­­жаева, Елеу­­сінұлы-­Илеу­­син­ович деген сияқ­ты. Байқа­саңыздар, бұл жерде ешкімнің де атасы өз атымен аталып тұрған жоқ. Құжаттағы ата-бабалар есімінің өзгеше дыбысталуы кейінгі ұрпақтарының оларды мүлдем ұмытуына әкеп соқпай ма? Осындай қате жазбаларды өзгерту үшін құжат иелері мен секілді ұзақ уақыт жүруі керек, оған екінің бірінің шыдамы жетпейді. Осы жөнінде әңгіме болып жатқанда, АХАТ бөлімінің бір қызметкері Ресейде дүниеге келген қазақтың құжатындағы Телекабель деген фамилияны көріп, таң қалғанын айтты. Сөйтсе, ол кісінің Тілекқабыл деген қазақы есімді атасының аты орыстандырудың кесірінен Телекабель болып шыға келген. Кейін Қазақстанға көшіп келгеннен кейін олар көздері ашылып, аталарының атының сондай күлкілі жағдайға дейін бұрмаланғанына намыстанып, аталмыш тегін құжаттан мүлдем алып тастапты. Телекабель деген тегінің орнына өз әкелерінің атын тегі етіп алып, басқа құжат жасатып алыпты. Еліміз тәуелсіздік алғалы талай қазақтың бойында ұлт­тық сезімнің ояна бастағаны рас. Нәтижесінде көптеген қан­дастарымыз Кеңес дәуірінде құжатында өшпестей болып жазылып қалған орысша тектерінен ұялатын, тіпті намыстанатын болды. Сөйтіп, олардың бірқатары Елбасының жоғарыдағы ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты шығарған Жарлығын пайдаланып, құжаттарын ұлттық дәстүрге сәйкестеп алуға ұмтылуда. Бірақ, олардың көбісі тегін ауыстыра алмаған шығар деп ойлаймын. Өйткені, құжаттағы аты-жөніңді ауыстыру деген өте күрделі жұмыс, мен мұны өз басымнан өткерген соң айтып отырмын. Мұндай жағдай жалғыз менің басымда ғана емес, халықтың басым көпшілігі осы бір өмірі өзгермейтін, қатып қалған ескі заңнан зардап шегіп жүр. Бұлай дейтінім, өзім тегімді ауыстырып жүрген кезде АХАТ бөліміне келушілердің көбісі осы мәселемен жүрді. Мысалы, АХАТ бөліміне кезекте отырғанда бір ерлі-зайыптылар қыздарының «Тюлегенова» дейтін фамилиясын «Төлегенова» деп өзгертуге келгендерін айтқан болатын. Алайда, олар құжаттау бөліміне кіріп шыққан соң, алғашқы ойларынан айнып қалды. Неге десеңіз, қыздарының тегін ауыстыру үшін оның әкесінің, ауылдағы атасының құжаттарын қозғау керек екен. «Оның бәріне жүретін уақыт жоқ», деген әлгі ерлі-зайыптылар бәріне қолдарын бір-ақ сілтеп, кетіп қалды. Оларға қарағанда, Ария есімді жас келіншектің жүйкесі мықты екен. Құжатын дұрыстап жүргенін жеткізген ол тегінде кеткен бір қатені түзеу үшін талай есікті тоздырғанына қынжылып, Қазақстан азаматтарын құжаттандыру туралы заңды жаңа заманға лайықтап, қайта жасақтаудың уақыты баяғыда жеткенін айтты. АХАТ бөлімінің қызметкерлеріне: «Әкемнің атын қазақшалауға хақым жоқ па?» деген шарасыз адамдарды аз кездестірмейсің. Еліміздің құжаттау жөніндегі заңына талай адамның өкпе-реніш артып жатқанын өз құлағыммен де естідім. Тек заң аясында ғана жұмыс істеп отырған АХАТ бөлімінің қызметкерлеріне, әрине, өкпе жоқ. Бірақ, ел азаматтарының халықтың талап-үдесінен шық­пайтын, әлдеқашан ескіріп кеткен құжаттау жөніндегі заңға деген өкпелері қара қазандай. Тіпті, қазіргі әрекет етіп тұрған заңды Елбасының 1996 жылдың 2 сәуірінде шығарған «Ұлты қа­зақ азаматтардың тегі мен әке­сінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығының жүзеге асырылуына кедергі келтіріп тұр десек те болады. Өйткені, ол заң бұрынғы құжаттың түпнұсқасындағы орысша жазылған тегімізді қазақы грамматикамен түзетуге рұқсат етпей тұр. Осыған орай, қалың көпшілік еліміздегі жергілікті ұлт өкіл­дерінің тегін қазақшалап алуына, яғни Кеңес дәуірінде сол кездегі саясаттың кесірінен бұр­маланып кеткен қазақы тегін қайырып алуына мүмкіндік бе­рілсе дейді. Сосын жоғарыда келтірілген мысалдағы Қален қарт секілді аталардың есімін немерелері мен шөберелеріне тегі ретінде емін-еркін бере алатындай мүмкіндік жасалса. Қысқасы, құжаттандыру жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы жөнінде арнайы бап жазылса, жоғарыда көтерілген мәселелердің шешімі табылар еді. Бұған қоса, АХАТ бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлерден мемлекеттік тілді, оның ішінде қазақ тілі грамматикасын шебер меңгеруі талап етілсе, құба-құп. Түсінген адамға тегімізді тү­зеу – бесігімізді түзеумен пара-пар. Сондықтан, құжатымызды түзеу ісі де мемлекет саясатының маңызды бөлігі болуы тиіс. Айша ӨТЕБӘЛІ, журналист. Батыс Қазақстан облысы.