10 Наурыз, 2015

Президенттікке үміткер Тұрғын Сыздықов ана тілін жетік біледі

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
suzdukovАСТАНА. 10 наурыз. Коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президент сайлауына түсуге тілек білдірген Тұрғын Сыздықов мемлекеттік тілді жетік білетіні белгілі болды. Бұл туралы «24kz» хабарлады. Лингвистикалық комиссияға Қазақстанның коммунистік партиясы атынан келген кандидат Тұрғын Сыздықов дәстүрлі сынақтың үш кезеңінен өткенін айтқан комиссия төрағасы М.Жолдасбеков: «Бірінші сынақта «Біздің күшіміз бірлікте» деген тақырыптағы жазбаша жұмыс болды. Тақырып ашылған. 6 қате жіберіпті. Оның ішінде 3-еуі емле, 2-еуі тыныс белгісі, 1-еуі стилдік қате.  Айтайын дегенім, Л.Қойшиевадан кейін сауатты, тақырыбы ашылған жұмыс осы Сыздықов мырзаның жұмысы болды», – деді. Комиссия төрағасының айтуынша, екінші кезеңде кандидат Бауыржан Момышұлының прозасынан үш беттік мәтін оқыған. «Жақсы оқыды. Біз оқыған мәтінді түсінді ме, түсінбеді ме деген оймен  барлық кандидаттарымызға сұрақ қойып жүрміз. Көбі не оқығанын білмейтін еді. Ал енді Сыздықов мырза өз оқыған мәтінді өте әдемі жақсылап айтып берді», – деді ол. Кандидат үшінші сынақта «Астана - тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында 15 минут сөз сөйлеген. «Сәтті тақырып келген сияқты. Жақсы жауап берді. Сонымен біздің комиссия мүшелері риза болып отыр. Қорытындымыз,  Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген», – деді М.Жолдасбеков. Үміткердің өмірбаянына тоқтала кетсек, Тұрғын Сыздықов 1947 жылы Көкшетау қаласында туған. Жоғары білімді. Мамандығы – ғалым-агроном. Айта кететін жайт, Тұрғын Сыздықов – партия атынан емтихан тапсырып отырған алғашқы үміткер. Осы күнге дейін лингвистика комиссиясы алдына тек өзін-өзі ұсынған азаматтар келген болатын. Сонымен ОСК берген соңғы мәліметтер бойынша, өтініш берген 14 үміткердің әзірге тек екеуі ғана лингвистикалық комиссия емтиханынан өтті. Жолдыбай Базар. Дерек, сурет: «24kz».