09 Наурыз, 2015

Президенттікке үміткерлікке 15 адам тілек білдірді

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

05-03-15-vybory-1

АСТАНА. 9 наурыз. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына үміткерлер ұсынудың барысы және Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстары туралы брифингі болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады. Орталық сайлау комиссиясының 26 ақпанда бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлер ұсыну басталды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына 2-9 наурыз аралығында өзін өзі ұсыну жолымен 14 өтініш түсті. Өзін өзі ұсыну жолымен мына азаматтар өз кандидатураларын ұсынды:
  1. Сырғабаев Асқар Жорабайұлы;
  2. Алдажанов Сафиолла Қалабайұлы;
  3. Қойшиева Лимана;
  4. Әбдікәрімов Бақыт Төлегенұлы;
  5. Мырзашов Сухраб Аминжанұлы;
  6. Өктешбаев Есенбек Жапарұлы;
  7. Жүнісбеков Якобжан;
  8. Жұман Қайрат Тоқтарұлы;
  9. Серғазин Ержан Мерекенұлы;
  10. Маишев Қайрат Әлембайұлы;
  11. Қайсаров Уәлихан Әбішұлы;
  12. Естемесов Бақтияр Өксікбайұлы;
  13. Тұрагелдиев Қанат Сбашұлы.
Сыздықов Тұрғын Ысқақұлы «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы заңнама талаптарына қаншалықты сай келетіндері тексеру жөніндегі қажетті шараларды жүргізеді. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне тиісті сұраулар жіберілді. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде еркін меңгергендері жөнінде лингвистикалық комиссия тексеру жүргізеді. Қазіргі таңда бірқатар үміткерлерді тексерудің қорытындылары белгілі болды. Әбдікәрімов Бақыт Төлегенұлы, Мырзашов Сухраб Аминжанұлы әлі қырыққа толмаған, осыған байланысты 2015 жылғы 6 наурызда Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркеуден бас тартты. Бұдан басқа, Орталық сайлау комиссиясы лингвистикалық комиссияның қорытындысына байланысты тағы екі үміткерді – Сырғабаев Асқар Жорабайұлы мен Алдажанов Сафиолла Қалабайұлын тіркеуге алған жоқ. 6 наурыз күні Қойшиева Лиманаға қатысты Конституция мен сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес тиісті қаулы қабылдады. Оған өз кандидатурасын қолдаушылар қолдарын жинайтын парақша тапсырылды. «Орталық сайлау комиссиясы тіпті үміткерлердің өз қолдарымен жазған мәліметтерінің өзін тексереді. Мысалға өзін өзі ұсынған У.Қайсаров Президенттікке үміткер болып түсуге ниеті бар екені туралы өтінішінде өз қолымен басқа мемлекеттің азаматы болып табылатынын жазыпты. Аталмыш мәселе бойынша біз Ішкі істер министрлігіне бұл мәліметті тексеріп беруді сұраған өтініш жолдадық. Сондай-ақ үміткердің мемлкеттік тілде жазған өмірбаяндық мәліметтерінде бірнеше қате бар», - деді брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлеймен. Мұрат Айтқожа. Дерек: election.kz.