08 Наурыз, 2015

«Астана» өз алаңында «Нижний Новгородтан» жеңілді

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана-Нижний Новгород 01АСТАНА. 8 наурыз. «Астана» баскетбол командасы ВТБ лигасы аясында өз алаңында «Нижний Новгородтан» 72:79 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ойын Қарағанды қаласында өтті. Тең жағдайда өрбіген алғашқы кезеңде үш ұпай артық олжалаған қонақтар 23:20 есебімен басым түсті. Десе де, келесі кезеңде «Астана» намысқа тырысып, өз пайдасына 26:17 есебін тіркеді. Нәтижесінде, үлкен үзіліске қазақстандық команда алты ұпай басымдығымен аттанды (46:40). Өкінішке  қарай, үшінші кезеңде алаң иелері алғашқы қарқындарын жоғалтып алды. Уақыт өткен сайын қонақтар ұпайларын молайтып, кезеңде 18:10 есебімен жеңіске жетті. Соның нәтижесінде, жалпыесепте алға шықты (58:56). Шешуші кезеңде Рашид Махалбашич, Джейкован Браун және Джерри Джонсон бастаған «Астана» баскетболшылары шабуылдарын күшейтіп, осыған дейінгі жеңіс сериясын жалғастыруға бар күштерін жұмсады. Алайда, бұл жолы «Нижний Новгородтың» осал тұсын таба алмаған елордалықтар жеңілістің ащы дәмін татты. Төртінші кезең де 21:16 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Тартыс барысында ең көп ұпай жинаған ойыншы «Нижний Новгород» сапындағы Галь Мекель. Ол 40 минуттың ішінде 18 ұпайды еншісіне жазды. Ал «Астана» баскетболшылары арасында Рашид Махалбашич 15 ұпай жинап, командасындағы ең үздік ойыншы атанды. Айта кетейік, «Астана» литвалық маман Рамунас Бутаутас келгелі тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. Осыған дейін ВТБ лигасында қатарынан үш рет жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын айтарлықтай жақсартып алған еді. Дегенмен, бүгінгі жеңілістен кейін бір саты төмен сырғып, 10-орынға табан тіреді. Біздің команда келесі ойынды 14 наурызда өз алаңында Қазанның УНИКС командасына қарсы өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz. Астана-Нижний Новгород 02