07 Наурыз, 2015

Борис Немцовты өлтірді деген екі күдікті қамауға алынды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

07-03-15-nemcov-1

АСТАНА. 7 наурыз. Бүгін Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников саясаткер Борис Немцовтың өліміне байланысты екі күдіктінің қолға түскенін мәлімдеді. Бұл туралы Interfax хабарлады. «Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгін аталмыш қылмысты жасаған екі күдікті – Кубашев Анзор және Дудаев Заур деген біреулер қолға түсті, бұл туралы мемлекет басшысына баяндалды», - деді ол «Бірінші арнаның» эфирінде. Бортников күдіктілердің Кавказ тұрғындары екенін анықтап айтты. «Қазіргі сәтте жедел және қажетті тергеу шаралары жалғасып жатыр», - деді ФСБ басшысы. Ол «елдің президенті Владимир Путиннің тапсыруы бойынша, ФСБ, ішкі істер министрлігі мен тергеу комитетіне Борис Немцовтың өлімін тексеру жөнінде бірлескен жедел-тергеу тобын құру жүктелгенін» атап өтті. Еске сала кетейік, Борис Немцов 27 ақпан күні Мәскеудегі Үлкен Мәскеу өзені көпірі үстінде 23:30 сағат шамасында атып өлтірілген еді. Сол күні кешке оның жанында украин моделі Анна Дурицкая болған. Ол тергеу органдарына түсініктеме бергеннен кейін, 3 наурызда еліне қайтып кетті. Ресей тергеу органдарында айтылған әңгімені сыртқа таратпау және тергеуге көмектесу туралы қолхат берген. Ресей тергеу комитеті саясаткерді өлтірудің бірнеше версиясын қарастырып отыр. Олардың арасында саяси салдар да, тұрмыстық түйткілдер де бар. Қазір осы қылмысты ашуға көмектескен адамға 3 млн. теңге көлемінде сыйақы белгіленген. Немцовтыі өлтірілуі Ресей мен шетелдердің саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері арасында үлкен дүмпу туғызды. 1 наурыз күні Мәскеуде оны еске алуға мыңдаған адам шықты. Борис Немцов өткен сейсенбі күні Ресей астанасындағы Троекур зиратына жерленді. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Interfax.