19 Тамыз, 2015

Сөз бастаған бұлбұл, топ бастаған дүлдүл

3399 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Суинбай-1«Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сы­йынбай!», – деген Жамбылдың өмірлік кредосы қазақ оқырманына өсиет сияқты естілетіні қалай? Жәкемнің өнерді өнеге қып, ал сол өнерді жасаушы ұлы өнерпазды пір тұтуы – сөздің құдіретіне бас июі емес пе? Себебі, сөзді сөз ететін де, бөз ететін де адам. Ал ақындар үшін қисынын тапса, сөздің алмайтын асуы, айтпайтын сыры, шақпайтын мұңы жоқ. Өмірдің барлық құбылыстарын көкейге түйіп, содан ғибратты кесте тоқып, халықтың өз сөзін өзіне өлең етіп айтып берген адамды біз ақын деп танимыз. Қас талантқа өмірдің өрі мен ылдиы болған емес. Олар қайда салса да кіреуке бұзған жебедей жанды жерді дәл тауып, қадалмақ серт. Ақынның әділетсіздік пен жауыздыққа сілтейтін алдаспаны да, жақсылық пен ізгілікті құйқылжыта жырлайтын ақ тілек аспабы да әлмисақтан, тек қана сөз болған. Рас, сөзді керек кезінде жұмыр қылыштай сілтеп, әуезді әуенін нақыштай білген майталман ақындар қазақ даласында аз емес. Ақындар көп ретте қарым-қатынас құралы боп жүретін сөзді ырғақ пен ұйқасқа айналдырып, мазмұнына терең сыр мен сымбатты, тағылым тарихты, жинақтап айтсақ, жалпы өмірді сыйдырып жібергенін көргенде, оларды сөздің пірі демеуге лажың жоқ. Сондықтан, Сүйінбайды сөздің пірі деп отырғанымыздың мәні осында. Сүйінбай Аронұлы ХІХ ғасырдың ақыны. Әйтсе де көбіміз оны тым жақыннан көріп, үнін етене естиміз. Мұның құдіреті мынада деп білемін: сөздің сәулесін болмыстың барлық шындығына түсіріп, сол арқылы дәуір мен дәуірді ұштастырған және болашаққа да осы қасиетімен керуен көшін еш тоқтатпай тартып бара жатқан азамат ақын екендігі. Сүйінбай сұлу да сұңғыла сөздің таланты. Жетісу ақындарының атасы. Даңқы Алатаудан асып, бүкіл қазақ даласына жетті. Осылай Сүйінбайдың ақындық ортасы кеңейді, қанатын жайды, мектебі қалыптасты. Оны айтыс өнерінің абызы десек те артық емес. Бір өзі бір ғасырдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өткен көркем шежіре. Ол дала дарабозы. Өйткені, айналасындағы ауылдың алты аузынан атағы үстем шыққанына оның өмір жолы мен шығармашылығы толық куә. Көрнекті сүйінбайтанушы ғалым, ұрпағы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың мәліметтеріне қарасақ, ақын туралы алғашқы дерек ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, баспасөздерде жариялана бастаған екен. Сүйінбай есімін елге танытушылар: белгілі фольклорист-ғалым Ә.Диваев, ардақты ақын С.Сейфуллин, қазақ поэзиясының құлагері І.Жансүгіров екені бәрімізге мәлім. Осы байқампаз бастау кейін де үздіксіз жалғасып, тың зерттеу, тынымсыз ізденістердің нәтижесінде толықтырылып отырды. Елімізде жарық көрген ақындар жырларына, айтыс жинақтарына, поэзиялық антологияға Сүйінбай есімі өзінің өміршең жырымен еніп, әдебиет тарихынан лайықты орнын алды. М.Әуезовтің Сүйінбайды «айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалауы отандық ғылымдағы ақын шығармашылығына берілген үздік баға болды. Осындай негізді пікірлерімен қазақтың көрнекті ғалым-жазушылары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов ақиық ақынның өнеріне жан-жақты талдаулар жасаған. Ал бұл үлкен топқа оны пірім деп батасын алып, жанында жүрген жыр алыбы Жамбылды қоспай кету әбестік болар еді. «Мен Сүйінбайдың қасында көп жүрдім. Мұндай жүйрік тілді, терең ойлы ақынды ешқашан көрген емеспін. Ол өлең айтса көкірегі күмбірлеп, аузынан будақ-будақ сиқырлы сұлу сөздер естілетін: егер айтыса қалса, нұрланып, жер мен аспанның арасын қара сөзге толтырып жіберетін еді, жарықтық!..» – деп Жәкем Сүйінбайдың импровизаторлық талантының аса арынды екенін көз алдымызға елестеткен. Естелік еді деп қомсынбай, зер сап қарасақ, ұстаз сөздерінің көркемдігін шәкірті тап басып байқаған. «Сиқырлы сұлу сөздер», «жер мен аспанның арасын қара сөзге толтырып» деп таңғалған Жамбылдың осы сөзді айтып отырған кезінде даңқы жер жаратын. Ол әлемді таңғалдырып жүрген жыр жампозы бола тұрып, Сүйінбай туралы сөйлесе, ылғи да табынып, тамсанып отырудан ешбір таңған емес. Жамбылдың университеті – Жетісу жері, оқулығы – халық мұрасы, ұстазы – Сүйінбай болса, әдебиеттің терминдерін әлгідей әдіптеуге ақынның дәстүрлі танымы молынан жеткен. Тыңдаушыны елітіп, елжіретіп, арбап, аспан мен жердің арасында құстай қалықтатып қоятын Сүйінбайдың сұлу сөздері Жамбылға зерттеушіге тән зерделі ойын айтқызды. Ол ұстазынан тұрмыстың күйкілігін, жеке бастың мұң-зарын әрі өте-мөте уақыттық нәрселерді сөз қылмауды үйренген адам. Өйткені, Сүйінбай жауынгерлік дәуірдің соңы мен жазба әдебиеттің басында тұрған ақын болғандықтан, замандастарында кездесетін түңіліс сарынынан біршама таза болды. Елдің болашағы туралы әсіре қайғыру, өз басының тақсіретін халық қайғысына дейін көтеру сияқты аясы тар тақырыптарға ақын соншама сөз шығындай бермеген. Бұған Сүйінбайдың жыр-толғаулары куә. Жалпы, Сүйінбайдың жыраулық поэзиямен үндесе дамып, рухани жалғасқан ұран мен үндеуге толы жырлары оның өз ерекшелігі, керек болса жаңалығы ретінде қаралуы керек. Жаңалық уақытында ғана жаңалық, ал уақыты өткен соң тарихқа айналады. Сондықтан, ел бірлігі, қазақтың тұтастығы  жолында ту көтерген батырларды дәріптеп, рулық, топтық шеңберден шығып, ұлттық тұлға дәрежесіне дейін шыққан Сүйінбай өз уақытының жаңашыл ақыны болды. Оған «Тезек төремен айтысы», «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы», Қарасай мен Қараш, Жабай батырлар туралы толғаулары, Сұраншы, Саурық, Өтеген жайындағы жырлары толық дәлел болады. Сүйінбайдың Тезек төре және қырғыз Қатағанмен айтысы І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитова құрастырған 1935 жылғы жинақта жарияланғаннан бері түрлі кітаптарда жарық көріп, зерттеушілердің назарынан да тыс қалған емес. Себебі, асыл сөзді тот баспайды. Әр кезең оның өлең-жыр, толғаулар мен айтыстарына жарығын түсіріп, көркемдік қуаты мен өмірлік шындықтарына әрдайым бойлата бермек. Ал Сүйінбайды Тезек төре өзі де ақын болғандықтан әрі наркескендей қиып түсетін өткірлігінен қаймыққандықтан мойындаған. Сүйінбайды тұңғыш бағалаған адам да осы Тезек төре. Сүйінбайдың онымен қанша уақыт дәмдес болып, бірге жүргенін білмейміз, есесіне оның Тезек төре туралы тікелей де, жанама да жырға қосқан кезі аз болмаған. Ол қайғырып отырғанда көңіл айтты, ел-іші төренің кесірінен дауласып жатқанда төрелікке жүрді, айтысты, тартысты, сынады. Нәтижесінде Тезек төре есімі әдебиетке де түсті. Бәрімізге әдебиет хрестоматиясынан белгілі мына шумақ Тезек төренің барлық болмысын көз алдымызға жайып салған. Суинбай-2 Фото Бақдәулет Батырбекұлы «Ассалаумағалайкум, Тезек төре, Елден жылқы қоймаған кезеп төре! Телі менен тентекті тият десе, Өзің ұрлық қыласың, әттегене!» Билік пен байлыққа масаттанған адамдардың жинақталған образы сияқты әдебиетке енген бұл адам тарихи тұлға. Атасы Абылай хан, өзі Ұлы жүздің аға сұлтаны. Тезектің көзі ашық болғанына оның ақындығы дәлел әрі Шоқанның қайын атасы, орыстан әскери атақ алған, Жетісу жерін патша әскерінің басып алуына атсалысқан адам. Бір сөзбен айтқанда, ақылды алпауыт. Ал оның Сүйінбаймен айтысы осы жанрдағы үздік шығармалардың бірі болып қалды. Өйткені, айтыста халықтың әлеуметтік халі, билік пен байлықтың шектен шыққан озбырлықтары, тектілік пен тексіздік, отбасы, ошақ қасы, сұлулық пен ұсқынсыздық, тіптен мал-жанның күйі мен қоңына дейін сөз болған. Тіршілігі жылқыға тікелей тәуелді қазақтың ары мен айбыны да осында ғой. Ал Тезек төре Сүйінбайды арық-тұрақ, кәрі аттармен мұқатқысы келді. Ақындық кедейлікпен жақын екенін меңзегендей, астамси сөйлеп, көтерем малын сыйға тартты. Сүйінбай оның осы ұсақ мінезін де өз малының аузымен бетіне айтып салды. Нені мұрат тұтқаны да төреге мәлім болды. Ақын өткірлігімен де өзінің адами қасиетін сақтап қалды. «Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын, Мен бірақ көргенімді жасырмаймын! Атың да, шапаның да бәрі өзіңе, Келгенше енді айналып тұрғын аман!» – деп сес көрсетеді. Сүйінбай Аронұлы – төренің, билік пен байлықтың алдында: «Сөз шындыққа келгенде, Бас кессе де болмадым», – деп азаматтық, ақындық ұстанымынан қайтпай, әділет жолында тұра білді. Ол Абай сынаған «шен мен шекпен үшін, жанын жалдап, біреуді алдап» ақындық құратын адамдардың тобынан емес екенін де бұл айтыста дәлелдеді. Демек, айтыстың өміршең болуының көп себебінің бірі де осында емес пе?! «Айтыс – сөз барымтасы» деген ұлы Мұқаң осы өнердің ұлттық сипатын дәл айтқан. Мұнда екі жақтан сөз сайысына түсетін ақындардың артында қалың ел тұр деген сөз. Бәсеке, тартыс, намыс, өнер салыстыру сияқты сын сағаттарда ақындар бағзы барымташылардың қауіп-қатерін бастан кешеді. Айталық, Сүйінбай мен Қатаған айтысқан кезде ел мен елдің жарысы, сөз сайысы, ұлт намысы таразыға түсті. Қос ақын да өз ұлтының ұлы болғандықтан, барын, байлығын, мақтанын дәріптеді. Бір-біріне сөз сойылын аямай салысқан олардың айтыстары қос халықтың импровизаторлық өнерінің өте жойқын, көркемдік кемелдікке ұлттық сипаттарын мейлінше сақтай отырып, ғасырлардан байып жеткенін көрсетті. Қатаған қырғыздың бай-манаптарын дәріптеп, Сүйінбайды кемсіте қорлап отыруы – айтыс табиғаты бойынша қалыпты нәрсе. Өз кезегінде Сүйінбайдың да Қатағанды мақтап отырған манаптарымен қоса жерге тыға түйресе, бұл да орынды боп саналады. Алайда, ақындар айтып жатқан ел мен жердің, бар мен жоқтың, кісілік пен сатқындықтың, атақ пен абыройдың бәрі де екі елдің еншісіне тиесілі нәрсе. Сондықтан, артық айтылған бір сөз бір елді екінші елдің алдында жерге қаратуы әбден мүмкін. Ұятты, намысқа тиетін, бетке шіркеу, керек болса, сүйектеріне мәңгі таңба болып түсетін жайттардың да орын алуы ғажап емес. Табанда суырып салып айтысып жатқан ақын қарсыласынан келетін қатерді де қадағалап отыруы шарт. Міне, осы бағытта Сүйінбай мен Қатаған қазақ пен қырғыздың атынан сөз барымтасына шықты. Екеуі де өз елінің жақсы жағын айта отырып, жамандықтарын жіпке тізді. Бірден тарпа бас салған Қатаған қазақты батыры жоқ, байлығы жоқ, қырғыз көппіз деп аяғын шалыс басты. Осы соңғы сөзі Сүйінбайға Қатағанның, әсіресе қырғыздардың талмау тұсы екенін бірден аңғартты. «Аспан мен жердің арасын қарасөзге толтырып» жіберетін Сүйінбай үшін аз қырғыздың төбесіне де, көмейіне де қалың қазақты құмша құйып жіберу түк болмады. Қазақтың үш жүзін, олар мекендеген атырап пен аймақты, батыры мен биін, байы мен байлығын Қатағанның көз алдынан салқар көштей тізіп өткізгенде, бектер мен манаптар, хан Орман, қара Бәйтік бастаған барлық қырғыз жеңіс Сүйінбайдың қанжығасында кетіп бара жатқанын күрсіне мойындады. Сөздің пірі – Сүйінбай: «...Хандарың отыр қысылып, «Көппін» деп маған айтпай-ақ, Баймын десең жетпей ме?! Асқаралы тау мен едім, Адырмақ тау сен едің. Тартылған бұлақ сен едің, Айдын шалқар көл мен едім! Меніменен айтысып, Қатаған сенің қадамың, Әуел бастан оңған жоқ. Алдаспанға жолықтың, Түбіңе жетпей тынбаймын! Сөз бастаған бұлбұлмын, Топ бастаған дүлдүлмін! Судан шыққан сүйрікпін, Бәйгеден озған жүйрікпін! Шығарма, Қатаған, үніңді. Есіңе сақта құлаған, Қанатың сынған күніңді. Қырғыз, қазақ жиылып, Жалпылдатпа мұныңды!» – деп тоқтағанда намыс пен ұяттан өртене күйінген қырғыздар қазақтың сөз зергеріне астындағы аттарын өздері түсіп берді. Мына жайт анық: бұл айтыстан кейін төскейде малы, төсекте басы қосылып, бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқан қырғыз, қазақтың арасына соншама сызат түскен жоқ. «Қазан бұзар үй тентек» қайда да болған, сондайлардың салдарынан өзара шекісіп қалған жекелеген адамдар болмаса, тұтас ел бір-бірімен мүлде жау еді деп айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Тарих Кенесарыға байланысты кейбір қатқыл тұжырымдар жасайтыны рас, әйтсе де екі елді өзара жау болды дейтін сыңайдағы пікірлердің орнығуына патша отаршылдары мен онымен пиғылдас жазылған тарихи еңбектердің біршама ықпал еткенін де қаперге алу артық емес-ақ. Сүйінбай қырғызды Қатағанша қаралап, орынсыз ой айтатын ақын емес. Кең құлаш, эпикалық санадағы жыршы, ақын болғандықтан, әр нәрсенің себеп-салдарына, әсіре оңғақ сипатына терең үңілген. Қалыптасқан ұлттық таным бойынша, өлгеннің артынан өлмек жоқ екенін, олар туралы ғайбат, пенделік сөз айтудың әбес әрі артық боларын және бәрі де жазмыш, солай болғандықтан, олар ұлы құрбандық, шейіт деген ұлы байлам айтып отыр. Қазақ ақыны абыздың айтатын аталы сөзін Қатағанмен айтысында осылай толғапты. Ал біз, бүгінгі өркениетті қоғамның адамдары сөздің пірі – Сүйінбай жасаған осынау адами тұжырымға тоқтай алмай жүргеніміз өкінішті-ау! Ақынның 200 жылдық мерейтойын өткізіп жатқан күннің мұғдарынан қарасақ, кем айтқанда үш ұрпақ ауысып кетті. Алайда, ақын жырлаған арман мен мұрат ешқайда кеткен жоқ. Өйткені, адам баласының өмірі осынау құндылықтарға негізделген. Тұрмыстың тауқыметінен бастап, өмірдің барлық қуанышы мен қайғысы тарихи уақыттың еншісіндегі нәрсе. Әр заман әртүрлі бағытта көш түзейді және ол ілгерілеу мен кері кетуден де аман болмайды. Сондықтан, түйткілді мәселелер әділ шешімін талап етеді. Ал осы жолда азаматтық үнімен замана үнін толғайтын топ та қалыптасады. Әлбетте, артық айтып, кем пішетін сәттер кездеседі, бірақ бәрі де уақытқа қызмет етеді. Ұрпақ өткеннің дұрыстығы мен қателігін ажыратып, болашаққа үлгілі жолмен қадам басады. Мәңгіліктің сырын тануға талпынған адам өзім мәңгі жасасам екен демейді, елім, рухым, тағылымым мәңгі болса екен дейді. Біздің Мәңгілік Ел болу дейтін ұлы идеямыздың өзі де осы. Рухы, ұжданы, тарихы, тағылымы, әдебиеті мен мәдениеті, экономикасы мен саясаты – бәрі-бәрі таспадай өрілмей, идеялық мақсатқа табан тіреу оңай емес. Ол үшін өткенге үңілейік, болашақта қателеспейік дейік. Ол үшін рухани мәдениетімізге, тарихымызға көз салайық, одан біз үйренетін қандай сабақ бар екен. Сүйінбай Аронұлы – «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр»,  «Жабай батыр», «Қараш – Қараш ұлы екен» дейтін толғауларын айтып отырғанда жан-жағынан қысқан жауларының кім екенін біліп, атын атап, түсін түстейді. Не амал істеу керек екенін де атап-атап айтып берген. Ол сөздерін батырларға, халыққа естіртіп айтқан уақытта ақын өткен бабалардың өмір жолын үлгі ете толғады. Намыс, жігер, қайрат беру үшін олардың ерліктерін замандастарына орасан дәріптеп көрсетті. Өйткені, «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді. Түңілу, мұқату, теріс насихат айту – Сүйінбайға жат мінез. Ол заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «ой батыры» болатын. Тарихи деректер оның Сұраншы, Саурықтармен бірге жорыққа қатысқанын да растайды. Оларға бабасы Қарасайдың рухын шақыра күреске үндеуі замандастарын өлімге итермелеу емес, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» екен. Дәлірек айтсақ, мына біздер үшін. Қалың қазақтың мәңгілік мұраты үшін. «Ей, Сұраншы, Саурық! Қоқанның қолы көп болды, Жетісуда жатқалы. Ақтұяқ атқа мінесің, Бүгін маған ересің! Қаншама халқың ереді, Оны да кейін көресің. Ту алып жауға шықсаң сен: Іледе жатқан Жалайыр, Шапырашты, көп Дулат, Олар да атқа мінеді. Өздеріңдей болған соң, Сұраншы – Саурық тірегі» – деп, осы тарихи шайқастың бас идеологы болған Сүйінбай ақын, кейін Тезек төренің: «Еліңде қандай батыр бар, айтшы?», деп өтірік сауал тастағанда, «Сұраншы батыр» деген әйгілі толғауын айтып, олардың ерлігін шып-шырғасын шығармай дәл көрсеткен әрі төренің ездігін бетіне басты. Азаматтық пен сатымсақтықты таразыға сала сөйлеп, оны ұялтқан еді. Ал бүгінгі оқырман ақынның ел басқарған басшылар мен ел шетін жаудан қорғаған батырларды шынайы, кейде аңыздық сарын қоса жырлаған толғауларынан нені байқайды десек, ерлікті, отаншылдықты, Мәңгілік Ел болу идеясын ұғады деп санаймын. Мына төмендегі отансүйгіштік сезімдерге толы жолдар бізге ақын жүрегінен ақтарылып түскенімен құнды. Сүйінбайдың бабаларға бас иген тағылымды толғаулары мен азаматтық үні көркем әдебиетте риясыз тазалығымен еркін орын алды. «Сол Қарасай бабамыз Еменнен найза алатын, Қорамсаққа қол салатын, Қырық мың дұшпан келсе де, Тайсалмай қарсы баратын», – деп толғайтын Сүйінбай ақын: «Әулеті Қарасайдың түгел батыр, Орнатқан дұшпанына заман ақыр. Сұраншы мен Саурықтың ерліктері, Күн сайын қалың елге тарап жатыр». Немесе: «Қазақ қазақ болғалы, Қазақ атқа қонғалы, Не көрмеді бұл елім?!» – деп қапаланған халық қаһарманы қазағына рухты ұран тастап, замананың жауынгерлік үндеуін жасапты. Ол әйгілі «Бөрілі менің байрағым» өлеңінде: «Бөрілі байрақ астында – Бөгеліп көрген жан емен! Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен!» – деп елдің елдігі мен тұтастығы жолында жанқиярлық жарғысын жариялаған Сүйінбай Аронұлын ХІХ ғасырдың ақиық, «жүйрік тілді, терең ойлы, сиқырлы сұлу сөзді» сұңғыла ақыны деп білеміз. Оның Мәңгілік Ел үшін «бөрілі байрақ көтеріп, бөлініп қалмай» жыр төгетін ақындық мұраты – күллі қазақ, барлық болашақ ұрпаққа ардақты аманаттай естіледі. Алатаудың ақиық ақыны Алматы облысының бүгінгі Жамбыл ауданында Қарақыстақ өзені бойындағы Құлансаз жерінде өмірге келді. Сүйінбай Аронұлының әулеті – өлең ұя салған қасиетті шаңырақ. Арғы атасы Күсеп ірі ақын еді. Ол 1701 жылы туып, 1791 жылы қайтыс болған. Одан Арон туады. Ол 1750 жылы туып, 1835 жылы дүние салады. Аронның төрт баласы болған. Олар: Жаманшал, Жұмық, Сүйінбай, Оспан. Осы төрт баланың ішінен өлең Сүйінбайға қонады. Оған Сүйекеңнің өз өлеңі куә. Түсінде бала Сүйінбай қызыл жолбарысты, айды айналып ұшып жүрген домбыраны көреді. «Атыңнан айналайын, Қызыр бабам, Түсімде таңға жуық келдің маған. Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді, Сайрауық құстар келіп төнді маған. Мен тұрмын қолды-аяққа тұрғым келмей, Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей! Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді, Не дейін сөз кестесі – өлең демей», деп ақынның өзі айтқан. Осыдан соң: «Сүйінбай сөйлер сөзге тарылмаған, Жалтылдап жанған оттай жалындаған, Саңқылдап қалың қазақ арасында, Еліріп өлең айтса арындаған!» «Ақын боп, жиырмада желдей болдым», деп осы өнердің тегеурінін толғайтын Сүйінбай сөз зергері. Ақынның өлең-жырлары уақыттың тезінен тозбай өтіп, бүгінге жетті, болашаққа да кете бермек. Өйткені, «Балқытқан хан-қараны, қызыл тілім, Табылмаған сөйлесем сөзден мінім», «Сөзім сұлу болған соң, Білінді елге зергерім», деген жолдарды бекер айтпаған ғой. Ақынның алдаспаны сөзі еді. Осы жолда елдің мұңы мен арманын айтып, басын бәйгеге тіккен кездері де аз болмаған. Қайталап айсақ: «Халықты тілмен қорғадым, Сөз шындыққа келгенде, Бас кессе де болмадым...», – деген жыр жолдарынан Сүйекеңнің халық ақыны болғанын түйсінеміз. Оның осындай саяси лирикалық өлеңдерінде қазақтың сол уақыттағы шынайы өмірі жатты. Қанында қасиетті өнер бар әрі әулие сөз оны таңдап кеп қонғандықтан,  Сүйінбай Аронұлы қазақ өлеңінің мәртебесін көтерді. Сонымен қатар, «Бөрілі байрақ» толғауында бүкіл қазақтың ортақ рухы көрініп қана қойған жоқ, түбі бір түркілік тұтастық деген идея да көтерілді. Арғы жағы Көк бөріден басталатын бөрілі байрақты ұстап, елдікті нығайту, бірлікке ұмтылу дейтін үлкен мәселе жатыр. Ал айтыстарында ұлттық мүдде мен ұлт тәуелсіздігі де сөз болған. Мысалы, Қатағанмен айтысында Сүйінбай атамыздың мынадай сөздерді жасқанбай айтқаны таңғалдырады. Наурызбай тірі жүргенде, Орыстың кеткен мазасы, – деген жолдарда Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің айбынды рухын дәріптеу бар. Патшалық отаршыл жүйенің арғы түбін аңдау бар. Олар сескенетін Кенесары-Наурызбайлар сияқты ұлт батырлары болған. Сондықтан, қилы заман, қиын күндерде қан төгіп, қаза болған осы тұлғалар ұлт тәуелсіздігі жолындағы боздақтар екеніне Сүйінбай ақын имандай сенген. Ақынның осы тұжырымын бүгінгі тарих растап отыр, демек Сүйінбай Аронұлы да тәуелсіздік идеясының ұлы жыршысы деп есептейміз. Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА мүше-корреспонденті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ. Суретті салған Әбілхан Қастеев. Суретті түсірген Бақдәулет Батырбекұлы.