Саясат • Бүгін, 08:50

Жергілікті басқарудағы бетбұрыс

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде өзін-өзі басқару органдарының құзыреті кеңейіп, әкімшілік-аумақтық бірліктерде халықтың сұранысына сай шешім қабылдау мүмкіндігі артып келеді. Еліміз бұл бағытта ілгері жылжуға ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 25 мамырда ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Бірер жыл бұрын аудан әкімдерін де осы әдіспен сайлау жүйесі енгізілді. Бірте-бірте бұл жаңашылдық облыстық маңызы бар қалалар мен шаһар басшыларын сайлауға ұласты. Реформа жүзеге асқалы 3 500 әкім сайланған болса, олардың 48-і – аудан әкімдері.

Жергілікті басқарудағы бетбұрыс

Мемлекеттік басқарудың тиімді­лігін арттырып, азаматтардың шешім қабыл­дау үдерісіне қатысуы­на кең жол ашуға бағытталған бас­таманың бүгінгі беталысы қан­дай? Осы сауалға жауап ізде­генде түрлі пікір алдыңыздан шығады. Сарапшылар сайланған әкімдердің 70%-ы осы лауазымға алғаш рет аяқ бас­­қа­нын, олардың 97%-дан ас­тамы халық­тың тікелей дауыс беруі ар­қы­лы сайлан­ғанын, өңірдегі әкім­дер­­дің орташа жасы 43 жасқа дейін тө­мен­­деп, жаңарған кадрлар буыны ай­қын сезіле бастағанын алға тартады.

Бұл ретте халық өзі сайлаған әкімге сенім артып, жергілікті деңгейдегі мәселелерге белсене араласу мүмкіндігі арта түскенін, жаңа сайланған әкімдер ішінде өзін­-өзі ұсынған азаматтар барын ескерсек, «биліктен тыс келетін» тұл­ғалардың мүмкіндігі молайғанын, әкім­дерге ауылдық бюджеттердің кірісін кө­бей­ту, ауыл шаруашылығы техникасын алуға құқық беру, жергілікті аппаратты кү­шейту сияқты жаңа тапсырмалар жүк­телуін оң бетбұрыс ретінде атауға болады.

Сол секілді саяси үдерістің бүгінгі қар­қынына сыни тұрғы­дан қарайтын пікірлер легі де ара-тұра айтылып қалады. Пікірлер­дің дені әкімдерді тікелей сайлау маңызды қадам болғанымен, олардың әлі де толық дербестікке ие емес екенін, бюджет және қаржылық тәуелсіздік толық қалыптаспағанын, әкімдердің жергілікті ресурстарға тәуелділігі, өңірлік әкімдер мен орталық билік арасындағы ықпал сынды мәселелер бар. Бұл туралы қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлының пікірі төмендегідей.

а

«Сайлау алдында әкімдердің пайдаланатын ресурстары мен мүмкіндіктері ашық болуға тиіс. Кандидаттардың бағ­дар­ламасын жариялауы, бюджеттің қалай бөлінетіні нақты көрсетілуі керек. Азаматтық қоғам жергі­лік­ті мониторинг­ті нығайту мақсатында тұрғындар әкім­дер­дің жұмысына толық араласып, есеп талап ете алуы қажет. Бұл тұрғыда бұқаралық түсіндіру жұмыстары әлі де болса кемшін. Ауыл тұрғындары әкім сайлау мен жергілікті басқару жүйесі туралы толық ақпаратқа ие болғаны жөн. Әкімдерді тікелей сайлау реформасы – жергілікті басқаруды демократияландырудағы серпінді қадам. Бірақ формальды өзгерістен гөрі нәтиженің нақты көрінуі маңызды. Ауыл жергілікті дамудың алаңы, әкімнің жұмысы сайланумен ғана шектелмеуге тиіс. Ауыл тұрғындарының нақты проблемаларын шешіп, өмір сапасын арттырған әкім – шынайы жеңімпаз. Міне, осы бағыттағы нақты шешімдер мен іс­-шаралар ауыл әкімдерін саяси субъектіден «қызметші» дәрежесіне көтеруге мүмкіндік береді».

Бірқатар сарапшы әкім­дер сайлауы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі әрі осы арқылы тұрғындар өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал ете алады деп есептейді. Жүйе толық жолға қойылу үшін уақыт керек.

«Орта Азия елдерінің ішінде еліміз ауыл әкімдерін сайлауды бірін­ші болып қолға алды. Меніңше, Прези­дент бастаған бұл реформа бірте-бірте нақты ісімен көрінген жаңа сая­си көш­басшыларды халық алдына алып шығады. Мемлекеттік басқаруда тәжірибесі, нәтижесі, жеткен жетістігі бар заманның жаңа көшбасшыларын қалып­тастырады. Бұл үдеріс алдағы уақытта қоғамдық сана мен саяси мәдениетті мүлдем басқа са­тыға көтереді. Халық сөздің емес, істің адам­дарын бірден танитын дең­гейге келеді. Соған қарап баға беріледі. Ауыл әкімдерін сайлау реформасы елімізді сатылап өзгертетін, демократия қағидаттарын мықтап орнататын, ең бастысы, елімізді саналы, өркениетті демократияға бастайтын бірден-бір жол болуы керек», деп пікір білдірді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.

Ашық ақпарат көздерінде елдегі әкім сайлауларының барысы мен қорытындысына қатысты толымды әрі тың ақпарат аз. Дегенмен бірқатар өңір­дегі биылғы сайлау нәтижелеріне қатысты ресми мәліметтер көр­сетілген. Мәселен, Жам­был облысында биыл 38 ауылдық округ әкімі сайланса, олардың 63,2%-ы – бұл қызметке жаңадан келгендер.

«Әкімдерді сайлау арқылы таңдау кадрлық әлеуеттің артуы­на өте үлкен әсер етеді. Оны Жол­дауда Президенттің өзі де атап өтті. Бізде әкімдер корпусы жаңа­рып жатыр. Сайланған ауыл әкімдерінің 70 пайызы  – бұрын-соңды мемлекеттік қызметте істеп көрмеген кадрлар. Биылдан бас­тап жаңа жүйеге біржола көшіп жатырмыз. Заңнамаға жаппай өзгеріс мен толықтыру енгізіл­мек. Бұдан былай еліміздегі барлық ауыл-кенттің, аудан­ның және облыстық маңызы бар бүкіл қаланың әкімдері жергілікті тұрғындардың тікелей сайлауы арқылы ғана қызметке келеді. Оларды бұрынғыдай облыс басшы­лары өз бетінше таңдай алмайды. Бұл, әрине, оң шешім. Себебі бұл – саяси көзқарасты жандандыру, саяси модернизацияға демократиялық қағидаттарды ұстануға байланыс­ты алғашқы қадамдардың бірі», дейді заңгер Олжас Есенбай.

Өңір-өңірде өткен аудан әкімдерін сайлау үдерісі халықтың сенімін нығайтып, көңілдегі үмітін жаққандай. Әкім сайлауына қатысты ақпараттарды саралай отырып, Алматы облы­сының тұрғыны Гүлжанар Шойынбекованың әлеуметтік желіге жазған пікірін көзіміз шалды. Зейнеткер бұл механизмді құптайты­нын, осы арқылы әкімдік пен қарапайым жұртшылық арасында берік көпір орнай түскенін тілге тиек еткен.

«Жуырда біздің Райымбек ауданына жаңа әкім сайланды. Өз ауданымыздан шыққан іскер азамат Дастан Құдабаевты ел бірауыздан қолдап, дауыс берді. Осындай маңызды сәттен шет қалмас үшін мен де даусымды қостым. Елдің, жердің жайын білетін, халықтың өмір тынысымен етене таныс адамдардың ел басқарғаны жақсы ғой. Сенім артқан азаматымыз кез келген мәселені халықпен ақылдаса отырып жүзеге асырады деп үміттенемін. Әрине, ел ішінде түрлі пікір айтыла береді ғой. Кейде ел басқарған азаматтардың еңбегі көрінбей жатады. Ел басқару – оңай шаруа емес. Осының бәрін ауызбіршілік пен ынтымақ, әділдік пен түсіністік бар жерде еңсеруге болады», дейді Г.Шойынбекова.

Жуырда Алматыда Парламент Мәжі­лі­сі жа­нындағы Қоғамдық палата­ның кезекті отырысы өтіп, «Қазақстан Республикасын­дағы жергілікті мем­лекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған еді. Аталған басқосуда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Кейінгі екі-үш жылда ауыл, аудан әкімдерін, үлкен шаһар әкімдерін сайлай бастадық. Олар саяси өмірмен қатар бюджеттік өмірге аяқ басып жатыр. Сайланған депутаттар мен сайланған әкім бір-бірімен қалай жұмыс істеуі керек? Олардың халыққа берген уәдесі, сайлауалды бағдарламасы бар. Бірқатар сайланған ауыл, аудан әкімдерін жиынға арнайы шақырдық. Олардың үнін тыңдау маңызды. Аймақтар­дың тынысы кеңеюге тиіс. Меніңше, мықты заң осындай қатынастардың негізін жасайды. Мәселен, аудан­дық, қалалық, облыстық бюд­жет қоғамның назарындағы үл­кен мәселе болуы керек. Сол кезде жемқорлық азаяды, талап өзгереді, сонда ғана біз осы қазір республикалық дәрежеде болып жатқан үлкен өзгерістерді аймаққа жеткізе аламыз», деп пікір білдірді.

Дәл осы жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков әкімдердің сайлауалды бағдарламасы мен берген уәдесіне қатысты нақты тетіктер мен жауапкершіліктің болмауы мәселе туындатып отырғанын айтқан еді. Заңда ұсынылған тың өзгерістер өзін-өзі басқару институттарын дамытуға, билік­тің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған.

Қалай айтқанда да, әкімдерді халық­тың өзі сайлауы – еліміздің демо­кра­тиялық даму жолын­дағы маңыз­ды бе­т­бұрыс. Бұл – би­лік пен қоғам ара­сындағы сенім­ді нығайтатын, ашықтық пен есептілікті арттыратын нақты қадам. Әрине, жаңашыл бастама болған соң, жүйеде бірқатар кемшілік пен түзетуді қажет ететін тұстар бар. Дегенмен уақыт өте келе бұл олқылықтар реттеліп, ауылдық басқару жүйесі шынайы халық мүддесіне жұмыс істейтін деңгейге жетеді деген сенім зор.

 

АЛМАТЫ