Білім • Бүгін, 07:45

Шымкенттен – Стэнфордқа

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі Стэнфорд университетіне оқуға түсу – дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған жастың арманы. Сол арманға жетіп қана қоймай, оқу орнынан ғылыми жұмыстарына қаржылай қолдау алу – үлкен жетістік.

Шымкенттен – Стэнфордқа

Шымкент тумасы Әсел Ибадулла осындай биік белесті бағындырып, ел жастарына жаңа өріс ашты. Ол – аты аңызға айналған Стэнфорд университетінің докторантурасына қабылданған тұңғыш қазақ қызы.

Әсел Шымкент қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – кран жүргізушісі, анасы – мектеп мұғалімі. 8-сыныпта Назарбаев Зияткерлік мектебінің грантын жеңіп алған ол болашақ арманына қол жеткізу үшін барын салды.

9-сыныпты аяқтағаннан кейін АҚШ-қа барып, Бостон қаласында екі апталық оқу бағдарламасына қатысады. Гарвард секілді әйгілі университеттердің атмосферасын сезінген жас түлектің жүрегінде үлкен арман оянады. Күндердің күнінде мен де осында оқимын деген мақсат туады. Алайда ата-анасы 16 жастағы қыздарын жат елге жалғыз жіберуге батпайды, рұқсат бермейді. Бірақ бұл шешім талапкердің арман отын өшірмей, білімін елімізде тереңдетуге итермеледі.

Сөйтіп, Әсел оқуын елордадағы Назарбаев университетінде жалғастырады. «Биология ғылымдары» бойынша үздік нәтиже көрсетіп, бакалавриатты қызыл дипломмен тәмамдайды. Осылайша ғылыми әлеуетінің жоғары екенін айналасына дәлелдейді. Бұдан соң оған АҚШ-тың алты университеті магистратураға шақырту жібереді. Бірақ ол әлемге әйгілі Стэнфорд университетін таңдайды.

Таңдаған университеті жас ғалымның әлеуетін бағалап, оның оқуына және ғылыми зерттеулеріне жалпы 350 миллион теңгеге жуық грант бөледі. Бұл – тек оқу ақысы емес, болашақ зерттеушінің мүмкіндіктеріне деген үлкен сенім.

Әсел Ибадулланың бұл жетістігі – табандылық пен еңбек арқылы кез келген қиындықты мүмкіндікке айналдыруға болатынын көрсететін мысал. Қарапайым отбасынан шығып, әлемдік деңгейдегі ғылым ордаға жолдама алу қазақ жастары әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін білдіреді.

Әселдің жетістігі – жас буын үшін үлкен шабыт, қазақ қызының қайсарлығы мен білімділігінің көрінісі.