Президенттің Қазақстанды негізгі көлік-логистикалық торапқа айналдыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде елімізде бес ірі трансшекаралық хаб жүзеге асырылып жатыр. Бес трансшекаралық хаб – шикізаттық емес тауарлар экспортын 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты. Ол бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша басқарушы компаниялар анықталып, инфрақұрылымдар құрылысы қарқынды жүріп жатқанын баяндады.
Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекарада елдер арасындағы тауар айналымын $10 млрд-қа дейін жеткізуге арналған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады. Еліміздің шығысында «Қорғас» ХШЫО» мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтарын біріктіретін Қорғас торабы дамып келеді. Мұнда Қытаймен өткізу қабілетін арттыру үшін SkyHansa халықаралық әуежайы және жаңа логистикалық кешендер салынады.
Арман Шакқалиевтің айтуынша, осылармен қатар Каспий торабын дамыту бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді, онда Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хаб пен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы бой көтермек. Батыс бойынша БҚО-да Ресейге экспортқа бағдарланған «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Ал Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағдарында Индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады. Ол Қырғызстанмен шекарада тауар ағындарын өңдеуді және бөлуді қамтамасыз етеді.
«Біз инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың белсенді кезеңіне аяқ басқалы отырмыз. Бұл кезеңде жобаларды нақты іске қосуға, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және бизнесті кооперацияның жаңа форматтарына тартуға баса назар аударылатын болады. Бұл хабтарды іске қосу шекара маңындағы мемлекеттермен сауда процестерін едәуір жеделдетуге, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.