21 Наурыз, 2015

Нығмет айы

528 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
nauryz1Наурыз мерекесі Орталық Азия халықтарында бес мың жылдан бері  тойланып келеді. Бұл – тарихы көне, дәстүрі мәңгілік халықтық мейрам. Қазақ халқының ынтымақ пен ырыс, бірлік пен береке мейрамы. (Тарихтан тәбәрік) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы 24 сәуірдегі  Жарлығымен наурыз айының «21,22,23 күндері Наурыз мейрамы» болып ресми түрде бекітілді. ...Наурыз, наурыз, күн игі! Күні игі жердің – түні игі. Бауыры жылып науат-қар, Бабымен ғана жібиді. Шашылып ырыс шанақтан, Шақырып бір үй бір үйді, Шаттанушы еді бір игі!.. МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ _MG_4672Әлқисса Ордам – Отаным – дара саңлағым, Сенде қаз бастым, сенде самғадым. Батысым, Шығысым, Оңтүстік, Солтүстік – Төрт құбыла түгелім, Қазақстаным – Қарашаңырағым! Киіз үй. Түндік түру Жыл жетті қайтқан құстың қанатымен, Жарылқап салтанаттың санатымен. Жадырап жақсы шуақ төрге шықты, Жақсылық нұрын шашты абатымен. Аспанда ақша бұлттар қарқарадай, Алтын күн – алтын көмген шар табадай. Адамға қуат берген, жаңа күнім, Ақ маржан ықыласың тарқамағай. Кел, күнім, кемпірқосақ өрген күнім, Күй болып көңілдерге енген күнім. Көк тасын Самарқанның ерітетін, Көңілін көк аяздың жеңген күнім. Кел, күнім, көкжиекке кірген күнім, Кілемін көкорайдан ілген күнім. Көктегі бозторғайдың әуенінен, Көктемнің кіргендігін білген күнім. Наурыз, сырымды айтып назданайын, Нәуірзек шуағыңнан саз бағайын. Нақтылап бір тәуліктің сыбағасын, Нақыштап, жолға түсіп, қозғалайын. Желбаудағы жыр Нөсер жауар, батыс бұрқап, жел соғар, Көз жасындай көрінеді өлсе қар. Көктем келіп, керілгенде көкжиек, Бұла маусым халық үшін қансонар. Басқұрдағы жыр Керегеге байланады ырыс-құт, Маужырайды мақпал түнде тыныштық. Аспан мен жер қауышады қуанып, Күннің нұрын жүректерге туыс қып. Сықырлауықтағы жыр Ай деген аспандағы – бадана мөр, Жұлдыздар – жауһар шеге, жаңара бер. Сыбырлап сықырлауық тіл қатады, Сұлудай сылаң қаққан самала-жел. Маңдайшадағы жыр Парқын білген парасатты салтымның, Бағасы бар дәстүрінде алтынның. Таңдайында ұясы бар бұлбұлдың, Маңдайына жел тимесін халқымның. Табалдырықтағы жыр Оң аяқпен аттап кірсін наурыз, Жақсылыққа қол ұсынсын жанымыз. Ақ мол болсын, Аман болсын Еліміз, Таңғы нұрдай таза болсын арымыз. Түн. Астана Алып қала самалмен тыныстайды, Асқақ қолы биікте ту ұстайды. Алаңдардың оттары сазбен ойнап, Аспан жаққа әуенін дыбыстайды. Сағыныштың саздарын қайта өремін, Сағынғанда келмесең қайтер едім? Самал болып келдің сен, наурызым, Самғап көкке барады «Бәйтерегім». Шаттық күйін тартады алаңдарым, Шұғыласын шашады бағандарым. Шапағатын таратып Отаныма, Шуағына бөлейді адамдарын. Ел дамылда. Тамаша түн шырайлы, Еркелеген баулары – гүл-шырайлы. Ел назарын қаратып бір өзіне, Елордамыз түнімен тыншымайды. Асқақ-асқақ аршынды ақ жалдарым, Ақ жалдарым, аяулы бақ жолдарым. Астанадан барады сәлем алып, Аэропорттар, сапаржай, вокзалдарым. Шаттық әні шаршамай шырқатқаным, Шындығымды көрсін деп ұрпақтарым. Шұғыласын таратып жан-жағына, Шалқып жатыр бұлағай бұрқақтарым. Нағыз думан таң ата бастала ма, Нақышымды төгейін бас қалама. Нығметін Алланың қарсы алайын, Наурызым кеп кірді Астанама. Үркер ауған шақ. Алматы Армысың, алып қанат Алатауым, Алпамыс мінезі бар дара тауым. Алыстан аңсап, талып наурыз жетті, Ақ тілек, бата бергін, дана тауым. Алматым, асыл ұям, әз шаңырағым, Аяулы абзал мекен – боз шаңдағым. Арайын наурыздың салтанаттап, Ақпа жыр, ағыл-тегіл сөз таңдадым. Барқыт түн, үркер ауған, балдай самал, Бояуы наурыздың қандай жамал! Бүр жарған иба талдың ибасындай, Бойжеткен білдіреді қандай хабар? Алматы – наурызда ғашық қала, Арманға, алғы күнге асық қала. Ақысын асыл таңның білгің келсе, Ақ сандық – көңіліңді ашып қара. Ақша бұлт Алатауды ықтамайды, Аспан да күңгірттікті құптамайды. Алланың рахымы жауған күні, Алматы абыр-сабыр, ұйықтамайды. Елең-алаң. Талдықорған Жұмақ таң. Жұмақ самал. Жұмбақ әлем, Жетісу сыр айтады, тыңдап өлең. Жамыраған бұлақтардың дамылы жоқ, Жыр айтып, сылдырайды шыңға керең. Жетісу – жеті өзенін өргізеді, Жаңаның жауһарлығын көргізеді. Жағасын қар көмкерген биік таулар, Жылғаға жылға қосып, ергізеді. Ұлардың даусы биік – аспан-сынды, Ұмтылып, төмен қашып, тастар сынды. Ұясын ұрпағы үшін тастап шыққан, Ұлылап ұстау керек жас баршынды. Жетісу таңға асылып, ай қарайды, Жұлдызын біртін-біртін майдалайды. Жаратқан жаңа күнді бере гөр деп Жарықтық таңғы нұрды аймалайды. Бозала таң. Өскемен Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай, Өрлікпен келер күнге басқан Алтай. Өзегін жарып аққан Қара Ертістің, Өлеңін тасқа жазып, шашқан Алтай. Таң бозаң ізін кескен кешкі өлеңнің, Тәңір-ай, ебін тауып, ескерер кім? Төріне кенді Алтайдың наурыз келді, Төркіндеп төскейіне Өскеменнің. Таң келді – сыбағалы кешеден бек, Тың ырғақ тынбай жетер көшеден көп. Тірлігін Өскеменнің жариялап, Тынбаған түні бойы еселі еңбек. Жанымды ұсынамын дос дегенде, Жаңа күн жарқылдап бір көшті өлеңге. Жасаған жақсылығы елден қайтсын, Жадырап наурыз келді Өскеменге. Таңсәрі. Семей Екпіні секілденіп көп өлеңнің, Ерекше көзіндей боп көнелердің. Ертісті бойлап ұшып жетті самал, Ежелгі тынысындай Дегелеңнің. Ақылдың жеңіл тартты күйі тағы, Алыс күн өткен сайын сұйытады. Ағы мол, әзіз күнім, уызыңды, Абайдың жыры келіп ұйытады. Қарт қала, шежірелі, дана қала, Қадіріңді білдім ғой жаңа ғана. Қазақтың нақ өзіндей қарапайым, Қарапайым болғанмен дара қала. Семейім, сенде таттым жан уызын, Сөйлеттім шаң-шаң басқан дәуір ізін. Сыбағаң сыйдан болсын таңсәріде, Сәтімен келсін саған наурызым. Таңертең. Павлодар Ертістен ерке самал жел еседі, Елімнің секілденіп келешегі. Ерліктің мылтығы жоқ майданында, Еңбегің оныменен теңеседі. Ақ құрыш ағады кеп науаменен, Адамға жол көрсетіп жаңа белең. Ақ күмістей қақтаған, балқымадай, Ақ бұлақ боп таң ата ағады өлең. Көңілдерде бел алып күрескер күн, Көкжиегін ашады сірескен мұң. Көшелерін уақыттың жарқыратып, Көкке созды бойларын ГРЭС-терім. Жаңа күнде жарқырап, бағы жанар, Жақсылығы бір емес, тағы да бар. Жарқын наурыз әманда жарылқасын, Жарық қала, жасампаз Павлодар. Кіші сәске. Қызылжар Тал сәске, тамылжиды Қызылжарым, Таратып тал бойына қызыл жалын. Тоғайын ақ қайыңның аралап жүр, Той бастап ерке Есілде – Қызырларым. Қара орман – қалың кітап оқылмаған, Қайырып шырқатады тоқылдақ ән. Қадірлі Мағжан ақын өлеңдерін, Қастерлеп ормандарым оқыр маған. Көкжиек бұлаң-бұлаң қыр асады, Көктемгі байтақ далам сыр ашады. Көктегі жерге құштар, жауғыш бұлттар, Көктеген ырыздыққа ұласады. Қызылжар – қызыл оттай қайнап жатыр, Қырмызы қызыл гүлі жайнап жатыр. Қыраны қара орманын қақ айналып, Қуанған бұлбұлдары сайрап жатыр. Ұлы сәске. Қарағанды Өмірлі, көмірлі де Қарағанды, Өзінің тұлғасымен дараланды. Өлкемнің омыртқасы – Қарағанды, Өлеңім саған деген сараланды. Өлеңім саған деген сараланды, Өзекке ұялаттың сан адамды. Өмір деген көмір деп ұран тастап, Өлімге бас имеген Қарағанды. Жаңаарқа, Ұлытауым, Қарқаралы, Жыр-күйін жеңістердің тартар әлі. Жаңғыртып келер ұрпақ әнге салып, Жас күнді қарсы алуда Арқадағы. Шат көңіл. Шапағатты, шуақты сәт, Шайтанкөл шашын өрген шырақты сәт. Шойынын ынтымақтың бірге құйып, Шаттанып шыңға тартқан қуатты сәт. Талтүс. Көкшетау Сексен көл Көкшетаудың саясында, Самалдың Сәкен сүйген аясында. «Серінің сертке таққан семсеріндей», Сөзім де бағышталды сай асылға. Оқжетпес оқтан озып, әуелеген, Ойында ор қарағай мәуелеген. Орманның түсін көрсең талтүстегі, Орамал секілденген әуе деген. Ерке күн. Елгезек жел жан тербеген, Ендігін Көкшетаудың көркемдеген. Еліктей үркіп қашқан толқындардан, Екпіндеп алға тартқан желкен көрем. Көкшетау. Көкше теңіз. Көкше бұлақ, Көктем боп тау басынан келем құлап. Кеудесін желге тосып жатыр Көкше, Кербез ақын секілді өлең құрап. Шаңқай түс. Қостанай Тың дала. Дарқан дала, диқан дала, Тап бүгін топырағың – құйқаң қара. Тербетіп тіршіліктің тал-бесігін, Талай күн болар енді ұйқың шала. Бұл дала бүгін сайын, ертең алтын, Береке күтіп жатыр туған халқың. Бойында Қостанайдың дән ұшады, Бақыты бола берсін емен-жарқын. Көктем кеп көп тіршілігі оңайлады, Көк бүршік атырапты орайды әлі. Кеудесін елжіреген самал сүйіп, Көктемді қарсы алуда тоғайлары. Тал бүрлеп, гүл тіріліп, өсіп-өнген, Тіршілік тіл қатады осы жерден. Толқыны көктеменің толықсиды, Торғайға сәлем жолдап осы желден. Бесін. Ақтөбе Тоқсан жол, тоғыз тарау, сан салалы, Тобылғы бүрлеп, толып ән салады. Төркіндеп қарлығаштар ұясына, Төбесіне үйлердің там салады. Екінді, Елек жақтан жел еседі, Елеңдеп көңіл көкпен теңеседі. Етегін Ақтөбенің гүл көмкеріп, Елжіреп, еске ап бәрін кеңеседі. Жәдігері секілді мұрағаттың, Жауһарға жасымнан-ақ құмар ақпын. Жаңа күн, жарылқағыр, наурызым, Жақсысын көбейте гөр бұл алаптың. Ойылдан, Қиылдан да, қиырдан да, Ортаға наурыз жетті бұйырғанда. Отанның бір отауы – Ақтөбенің, Олжасы аз болмайды жиылғанда. Екінді. Орал Ақ Жайық, айналайын, аманбысың, Ақ та төк, «Сарыарқадай» сағамбысың? Ат жалдап көңіл-көлден өтіп келем, Ашаң жүзің ашылып, қарармысың. Жанымның жапырақ жайды армандары, Жарқ етті жабығып бір қалғандары. Жұпарын жан-жағымнан бұрқыратсын, Жайықтың жамыраған ормандары. Оралым, отты Оралым, Қасым сүйген, Олжаң бар көріктенген асыл сыймен. Орыстың ұлы ақыны Пушкин бауыр, Ойланып, ойға батып, басын да иген. Ұлы өзен, жалғай берші есілуді, Ұлдарың көп аңсаған осы нұрды. Ұлықтап наурызды қарсы ала бер, Ұмытпай өткеніңді, осы күнді. Ақшам. Атырау Күй болып, дауылдатып, теңіз болып, Көктемгі көк аспанмен егіз болып. Көтеріп мұнарасын жатыр байтақ, Көңілдің тасқынымен егіз болып. Атырау, ата күлдік, асыл аймақ, Аруана мінезі бар жасыл айлақ. Арғымақ арман мініп келді наурыз, Ақ көңіл ырыздығын басыбайлап. Айдынға шағылысып шуақ сынды, Алыстан жеткен шауып бұлақ сіңді. Арайы мың бояудың астасатын, Ақшамда Атырауым жұмақ сынды. Мұнайдан мың байлық боп тарады ұғым, Молшылық қазынасы – дала бүгін. Маң дала қараңғыда қалмасын деп, Мұнаралар басында жанады күн. Намаздыгер. Маңғыстау. Маңғыстау аспан асты – мұражайым, Мұнан сен тарихыңды сұра дәйім. Мың ғасырлық өткенін тасқа жазған, Маң дала ұландары бұл адайым. Теңізі тентек мінез, Абыл-сынды, Толқыны аққу шайқар қауырсынды. Тамшалы сыр айтады тамшыдай ғып, Тілегі Бекет-Ата қабыл-сынды. Тең ұстап ән мен күйді – ел өнерін, Танытқан тереңдігін, өрелерін. Туларын тыныштықтың желбіретіп, Тартады болашаққа кемелерім. Ғажайып, қандай мезгіл намаздыгер, Ғаламға Алла нұрын себезгілер. Ғибрат айтар мәңгі әулиелер, Ғылымын дүниенің қағаз білер. Кеш. Қызылорда Сыр бойы, ақ самалы Дарияның, Сөйлейді қобыз болып қария-күн. Суреті көк аспанның су бетінде, Саумалы қанып ішкен сан ұяның. Сыр елі – ұлы дарқан, қызы батыл, Сүлейден сөз жетеді – үзік ақыл. Сарнаған Қорқыт бабам қыл қобызы, Серінің талай ұлы ізі жатыр. Сыр елі тоқшылықты, ақ күрішті, Сыр елі ынтымақшыл, бақты, ырысты. Сәуірде адамзаттың арманын ап, Сағымды Байқоңырдан шаттық ұшты. Сыр елі, сүйдім мен де бір қызыңды, Сырға сап, кеттім алып жұлдызымды. Сыбағаң молдан болсын наурызда, Сүйе бер бейбіт таңды, күн қызуды. Іңір. Тараз Таразым, тарихыңды таратамын, Тұлғаңды тау мінезді жаратамын. Тауарих намазындай күмбірлеген, Тас күмбез шежіреңді санатамын. Армысың, көне қала – жаңа қала, Айшығы тіреу болған бағанаға. Айшасы үлгі болған ғашықтарға, Ажары айдай болған самалада. Сан бояу әрлеп жатыр іңіріңді, Сұлулық сипаттайды бүгініңді. Сағымға көмген жылдар адастырса, Саған мен арнап келем жүгінуді. Әріден келе жатқан мақалың бар, Әлдилеп, қастерлеген отаның бар. Әз наурыз ағын құйып, ырымдасын, Әулие деген қала атағың бар. Ымырт. Шымкент Шырайлы, шын күмістің өрнегіндей, Шырынды, патша-жүзім дәндеріндей. Шымкентім – шымылдығы сұлулықтың, Шырқалған шандоз Шәмші әндеріндей. Күні ыстық – өздерінің пейіліндей, Көңілі аналардың мейіріндей. Көрінген көк аспанның жұлдыздары, Кәдімгі Жаратқанның көрігіндей. Шежіре жазуындай шұбыртпалы, Шырайы – шын көңілдің ғұрыптары. Шатырын наурыздың шалқи тіккен, Шымкентім қандай сұлу ымырттағы. Аспан да ықыластың серігіндей, Абыздың айтары көп өміріндей. Ақ деген қай кезде де қадірлі ғой, Ақ мақта – оңтүстіктің көңіліндей. Түндік түсіру Нағыз – думан ай, толады дала құстарға, Нығмет пейілі жол ашып жаңа ағыстарға. Назары секілді Жаратқан иемнің – Наурыз, қош келдің, кең байтақ Қазақстанға! Дастарқан жаю Оттан шықты алтын жамбы – таба нан, Пейілімен мархабатты анадан. Ақ мол болсын! Орта толсын, қазағым, Тілегінен тек жақсылық тараған. Құрт, ірімшік, уыз және балқаймақ, Дәмін татың наурыз дәмін таңдайға ап. Қозықұлақ бауырсақты шашайық, Ырыс алды – ынтымаққа барғай бақ. Бесік тербету Теңіз кештік, тау көтеріп, қала сап, Дала, қала егіз ұғым – дана шақ. Бесігіңде тербеледі тыныштық, Бейқам ұйықта, балалық шақ – болашақ. Әз наурыз, әзиз күнім – есімің, Кең ашылсын дүниеге есігің. Қолдарыма қуат берші, Жасаған, Тербетуге Қазақстан бесігін. Қайырлы түн, Қазақ елі!.. Таң атып келеді Жаңа таң жарылқасын! Жаңа күн жалындасын! Жаңа жыр арындасын, Жақсылық жаңылмасын, Жаңа нұр жайнағасын, Жарқырап ай қарасын, Жалындап күнім күліп, Жұртымды аймаласын! Қайырлы таң, Қазақ Елі! Өтеген Оралбайұлы, ақын, Президент  сыйлығының лауреаты.