
Соттағы дау
Тамыз айының басында апелляциялық сот мұнай алпауыттарының шағымын қанағаттандырып, күкіртті сақтау ісіндегі экологиялық талаптарға қатысты салынған айыппұлды жойған еді. Сол кезде North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы – Eni, Shell, ExxonMobil және TotalEnergies секілді ірі корпорациялар – бұл шешімді өздерінің жұмыс тәжірибесі қазақстандық заңға да, халықаралық стандарттарға да сай екенін дәлелдейтін үкім ретінде қабылдады.
Айта кетейік, Қашаған жобасы – Қазақстандағы алғашқы ірі теңіз кен орны. Ол Қашаған, Қайран және Ақтоты кен орындарын қамтиды. Қашаған соңғы онжылдықтағы әлемдегі ең ірі мұнай кен орнының бірі саналады. Оның қоры 9-13 миллиард баррель көлемінде бағаланады.
Қазақстан тарабының уәжі
Соған қарамастан, қазақстандық тарап консорциумды күкірт қалдықтарын дұрыс сақтамады деп айыптап отыр. Бұл мәселе әлемдегі ең қымбат әрі күрделі жобалардың бірі – құны $55 миллиард тұратын Қашаған кен орнындағы негізгі даулардың біріне айналды.
Билік орындары экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 2,3 трлн теңге айыппұл салды. Бұған қоса, Қазақстан Үкіметі компанияны халықаралық арбитражға беріп, 160 миллиард доллар көлемінде шығынды өндіріп алуды көздеп отыр. Оның басым бөлігі – жоғалған табыстарға байланысты шағымдар, сондай-ақ экологиялық зиян мен келісімшарттарға қатысты күмәнді әрекеттер де бар.
Айыппұл төлеу талабы
Bloomberg таратқан дерекке сәйкес, Қазақстанның Экология министрлігі айыппұл күшінде екенін шетелдік компанияларға ресми түрде жеткізген. Олар 40 күннің ішінде $4,4 миллиардты төлеуі тиіс. Сонымен қатар 10 күннің ішінде бұл шешімге шағым түсіруге мүмкіндіктері бар.
Министрліктің аймақтық бөлімшесі бұған дейін сот көрсеткен «процедуралық кемшіліктерді» жою бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.
Қашаған жобасы – ел экономикасының ірі тіректерінің бірі. Бірақ пайда табумен қатар, қоршаған ортаны қорғау мәселесі де естен шығарылмауы тиіс. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің бұл даудағы табандылығы келешекте табиғи ресурстарды игеру кезінде экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.