Қылмыс • Бүгін, 13:52

Сүт өндіруге бөлінген субсидия құмар ойынға жұмсалған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы саласына бөлінген мемлекеттік қолдау қаржысы қылмыстық жолмен қолды болғаны анықталды. Жетісу облысында сүт өнімдерін өңдеуге арналған 300 миллион теңгеден астам субсидия жымқырылып, оның бір бөлігі құмар ойындарға пайдаланылған, деп жазады Egemen.kz.

Сүт өндіруге бөлінген субсидия құмар ойынға жұмсалған

Агенттік мәліметінше, облыстық АФМ департаменті екі жылға созылған алаяқтық фактісін тергеп жатыр. Тергеу барысында белгілі болғандай, жергілікті серіктестік басшысы жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияны заңсыз алып отырған. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы сүтті қайта өңдеуге бөлінген.

Зерттеу көрсеткендей, кәсіпкер шығындарды растау үшін жалған есеп-қисап құжаттарын тапсырған. Онда жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алынғаны жөнінде және май өндірісі туралы шындыққа жанаспайтын деректер көрсетілген.

Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз алынған қаражаттың бір бөлігі – 110 миллион теңгенің құмар ойындарға, яғни казиноға жұмсалғанын хабарлады.

Соттың санкциясымен құны 300 миллион теңгеден асатын зауыттың мүлкіне тыйым салынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылып отыр.

Агенттік тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.