Энергетика • Бүгін, 14:45

Биыл елімізде 77 газдандыру жобасы аяқталады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауылдағы өмір сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды тетігі іспетті газдандыру жұмыстары өңірлерде белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz

Биыл елімізде 77 газдандыру жобасы аяқталады

Фото: Энергетика министрлігі

Алматы облысы аумағындағы Шарын ауылында ұзындығы 64 км болатын газ құбырының құрылысы аяқталып, 1 200-ден астам үйге, мектепке, ауруханаға, балабақшаға және әкімшілік ғимараттарға газ қосылды. Ташқарасу және Бахарқ ауылдарында құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жуырда тағы 978 үй мен әлеуметтік нысандар газға қосылмақ.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары және Қазақстанды 2030 жылға дейін газдандырудың Бас сызбасы шеңберінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Алматы облысы халқының 77%-ы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Облыста 373 елді мекеннің 157-сі, соның ішінде 5 қала толық газдандырылған. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 4 200 км-ден асады, ал жылдық тұтыну көлемі – 200 млн текше метр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше жалпы, Қазақстан бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрап отыр. Бұл дегеніміз – 20,2 млн халықтың 12,6 миллионы табиғи газға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. 2024 жылы 4 000 км-ден астам газ құбыры салынып, 93 жоба іске асырылған. Биыл тағы 77 жобаны аяқтап, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету жоспарға алынған.