
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
2025 жылы 245 білім ошағында жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде 146 мектеп ауылдық жерлерде, 99-ы қалалық аймақтарда орналасқан.
Жоспар бойынша:
- 214 мектепте – күрделі жөндеу жүргізіледі;
- 19 мектепте – ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады;
- 12 мектеп – реконструкцияланады.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жобаның жүзеге асырылуы 100 мыңға жуық оқушының оқу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары білім беру саласының заманауи талаптарына сай келетін тоғыз бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Оған мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу, пән кабинеттерін жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жиһаздарды жаңарту, талшықты-оптикалық интернет желісіне қосу, спорт залдары, кітапханалар мен асханаларды қайта жабдықтау, қауіпсіздік жүйелерін орнату және мектеп аумағын абаттандыру кіреді.
Айта кетейік, ауыл мектептеріне ерекше назар аударылған. Бұл бастама қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы айырмашылықты азайтып, барлық оқушыларға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.