Жоба • Кеше

Үнді мұхитына жол ашылмақ

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір Орталық Азия елдері Ауғанстан, Пәкістан және Парсы шығанағындағы елдермен байланысты нығайтуға ден қойып отыр. Соның ішінде Қазақстанның Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына шықпақ ниеті бар. Алайда 1979 жылдан бері азаматтық қақтығыстан көз ашпаған бұл мемлекеттің логистикалық әлеуеті ауқымды жоба бастауға дайын ба?

Үнді мұхитына жол ашылмақ

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Еліміз Ауғанстан арқы­лы Үнді мұхитындағы сауда бағыттарына қосылу­ды бұрыннан бері жос­парлап келеді. Ондағы ахуал реттелісімен Үкімет бұл жұ­мысты қолға алды. Өйткені Ауғанстан – ресурсқа бай ел. Инвестиция тартып, адамдарға жұмыс беріп, ел экономикасына үлес қоса отырып, көздеген мұхитқа шығатын дәліз орна­туға мүмкіндік бар.

Жуырда Ауғанстан тара­пының шақыруымен Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сол елге барып қайтты. Онда екі ел Ауғанстан аумағымен өте­тін Тургунди – Герат – Спинболдак темір­жолының құрылысына 500 млн доллар көлемінде инвестиция салуға келісті. Теміржол Орталық Азияны Иран және Пәкістанмен байланыстырады.

Жалпы, геосаяси шиеленістер ха­лықаралық көлік қатынасына кедергі келтіріп, шығынға батырып отыр. Сон­дықтан бірқатар мемлекет жаңа бағыттар ашуға кірісті. Орталық Азия елдері жанама транзит жолдарын Ауғанстанға салуды құп көріп отыр. Нәтижесінде, Пәкістан, Үндістан секілді елдермен алыс-беріс артпақ.

Президент жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Мұхит Асанбаевтың айтуын­ша, Ауғанстанда елдің күрделі гума­нитарлық жағдайынан бастап қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі көптеген проблема бар. Бірақ ел біртіндеп тұ­рақтануға бет бұрып жатыр. Осылайша, бірқатар ел Кабулмен өзара әрекет жасап, дип­ломатиялық миссияларды олардың бақылауына берді.

– Халықаралық ұйымдардың гуманитарлық және экономикалық дағдарыс туралы пессимистік сцена­рий­леріне қарамастан, Ауғанстанның экономикасы мен әлеуметтік өмірінде құлдырау болған жоқ. Көпшілігі аштықта өмір сүргеніне қарамастан, жалпы халық қалыптасқан шындыққа бейімделді. Ауғанстанның жаңа билігі жағдайды бақылауға алды, елде салықтар мен кедендік баждарды жинау тәртібі орнатылды, контрабанда мен есірткі трафигі шектелді, валютаның заңсыз айналымына бақылау орнатылды. Билік кедейлердің пайдасына арнайы салық жинап, ең маңызды азық-түлік бағасын ұстап тұру арқылы азаматтардың ең аз қамтылған санатын қамтамасыз етіп отыр, – дейді сарапшы.

Қазір БҰҰ және бірқатар шетелдер тарапынан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жеткізу жалғасып жатыр. Ел үкіметі де артта қалмайды. Биылғы жарты жылдың өзінде Астана Кабулға 36 гуманитарлық көмек вагонын жіберді. Өсімдік майы, бидай ұны, күріш жармасы, қысқы және жазғы шатырлар, көрпелер секілді теміржолмен жеткізілген жүктің жалпы көлемі 2,2 мың тоннаны құрады. Ал дәрі-дәрмек заттары бар гуманитарлық көмектің бір бөлігі ұшақпен жіберілді.

Сыртқы істер министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, еліміз химия өнер­кәсібі, ауыл шаруашылығы, жанар-жағармай материалдары мен минералдық тың­айтқыш өнімдерінің жеткізілімін ұлғайтады. Осыған орай екі ел сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қол қойылған «жол картасына» сәйкес екіжақты тауар айналымын 3 млрд доллар­ға дейін жеткізуге ұмтылып жатыр.

Ауғанстан билігі де біздің нарыққа жіберетін өнімдерін ұлғайтпақ. Қазір елімізге Ауғанстаннан жаңа піскен және кептірілген жемістер, минералды су мен алкогольсіз сусындар экспортталады. Бұл өнімдер Түрікменстан аумағы мен Тургунди шекаралық қаласы арқылы еліміздің батыс өңірлеріне жеткізіліп отыр.

– Еліміз Ауғанстанмен сауда-эко­номикалық салада өзара байланыс­ты арттыруға дайын. Гератта сау­да өкіл­дігіміз де ашылды. Оның негіз­гі мін­деттері сауда-экономикалық қа­ты­нас­тарға жәрдемдесу және екі елдің тауар айналымын ұлғайту, өңірлік те­ле­коммуникациялық, көліктік және логис­тикалық байланыстарды дамыту, Ауғанстанның транзиттік және шекара маңындағы әлеуетін өңір елдерімен сауда жасау үшін пайдалану, ел экономикасына инвестициялар тарту болды, – дейді М.Асанбаев.

Осылайша, Үнді мұхитына тікелей дәліз ашып бере алатын елдің бірі Ауғанстан болып отыр. Қазақстанмен бірге Өзбекстан да ауқымды жобаға қаржы салуға дайын. Сарапшылардың айтуынша, бұдан Орталық Азияның да, Ауғанстанның да ұтары көп. Өйткені жанама жолдар арқылы жүк жеткізу жеңілдеп, сауда-саттық көлемі артады.

Ауғанстан билігіне келген тәліптер де шетел инвесторларын құшақ жая қарсы алуға дайын. Тіпті қаржының қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр.