
– Еркебұлан Бөлтірікұлы, командалық ақындар айтысы «Amanat» партиясының қолдауымен жүзеге асқанын жақсы білеміз. Бірінші кезекте осы жобаны қолға алу туралы идея қалай туғанын айтып берсеңіз.
– Бұл жобаның идея авторы – Мәжіліс депутаты, белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Дүйсенбайұлы Әлтай. Біз бұл жобаны тек өнер сайысы емес, ұлттық болмысты жаңғыртуға бағытталған іргелі мәдени бастама ретінде қарастырдық. Жобаның тұжырымдамасын «Amanat» партиясы әзірлеп, ұйымдастыру құрылымын нақтылап шықты. Партия төрағасы Ерлан Қошановтың қолдауымен командалық айтыстың жалауы желбіреп, ел ішін өнерге сусындатқан рухани алаңға айналды.
– Командалық айтыстың ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз? Бұған дейінгі айтыстардан несімен өзгеше?
– Айтыс тарихын ақтарсаңыз командалық айтыс алғаш рет 1986–1987 жылдары ұйымдастырылыпты. Араға қырық жылға жуық уақыт салып, игі дәстүр қайта жаңғырып отыр. Мұнда айтыскер ақындар ғана емес, бірнеше өнер иесі бір командада бас қосқан. Яғни әр команда 10 адамнан құралады. Оның ішінде команда жетекшісі, команданы таныстыратын жас өнерпаз, төрт айтыскер ақын және бір-бір жыршы, термеші, дәстүрлі әнші мен күйші бар. Осылайша, тұтас дәстүрлі өнердің сахналық симфониясы жасақталды деуге болады.
Команда құрамына қарап сол өңірдің рухани келбетін тани аласыз. Мұнда әрбір қатысушының рөлі маңызды. Мысалы, сіздің команданың айтыскерлері мықты болғанымен, өзге өнерпаздарының бабы келіспей тұрса бәрібір жалпы нәтижеге әсер етеді. Бұл үшін команданы алақайлап таныстырған жас өнерпаздан бастап күллі құрамның тастүйін дайындығы керек. Сондықтан екі команда бір-бірін жақсылап зерттейді. Мықтап дайындалады. Өңірдегі ең мықты, ел аузында жүрген өнерпаздарды қатарына қосуға тырысады. Бұл айтыстың деңгейін өсіруге тікелей әсер етпек.
Айтыскерлер түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы, өтірік өлең сияқты айтыстың көне түрлерінен сынға түсті. Осылайша, сан-салалы бекзат өнерімізді қайта жаңғырта алдық. Мысалы, ақтаңгер ақындардың көбі қайым айтысқа шығуға жүрегі дауалай бермейді. Бір шумаққа ойыңды жинақтап сыйғыза білу – шын мықтының ғана қолынан келмек. Сол сияқты бауырын жазып ұзаққа көсілетін сүре айтысқа түсу үшін де ішкі қуат керек. Бұл жобада көне айтыс түрлерінің жаңғырғанын көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Бір жағы ақындарға әрі сынақ, әрі мол тәжірибе мектебі болды.
– Күні кеше ғана Ақтау қаласында финалдық айтыс өтті. Бұл жоба жалпы бір жарым жылға жуық уақытқа созылыпты. Жалпы, барысы, іріктеу кезеңдері қалай өтті?
– Былтыр 9 наурызда Қызылорда қаласында командалық айтыстың шымылдығы түрілді. Айтыс Әйтеке бидің 380 жылдығына арналып, Сыр сүлейлері мен Шымкент қаласының өнерпаздары бақ сынасты. Іле-шала қасиетті Түркістан облысы игі дәстүрді жалғап, наурыз мейрамына арнап айтыс өткізді. Жамбыл облысының командасы қонаққа келді. Одан кейін, өзіңіз білесіз еліміздегі су тасқынына байланысты екі жарым ай айтыс өтпеді. 1 маусым күні ұлт ұясы Ұлытауда қайта жалғасып, Қостанай облысының командасы екінші айналымға жолдама алды. Ереже бойынша, бірінші кезеңде 20 команданың 10-ы іріктеліп екінші айналымға өтуге тиіс. Былтыр 9 мәрте айтыс өтіп, 18 команда бақ сынады. Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының айтысы кейінге шегеріліп, биыл наурызда Петропавл қаласында өтті. Ал айтыстың екінші кезеңі биыл 8 ақпанда Ақтөбе қаласында басталды. Ақпан-сәуір айларында екінші кезеңге жолдама алған 10 команда өзара бәсекеге түсті. Осы 10 командадан ұпай айырмасы жоғары болған төртеуі ширек финалға жолдама алды. Оның ішінде Қарағанды, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының командалары бар. 2-3 мамыр күндері Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбековтің қолдауымен екі күн бойы елорда төрінде ширек финалдық айтыстар өтті. Өзіңіз білетіндей, Қарағанды мен Түркістан облыстары топ жарып, финалға жолдама алды. Ал финалдың Ақтау қаласында өтетінін былтыр бекітіп қойғанбыз. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай хабарласып: «Командалық айтыстың финалын Ақтауда өткізіңіздер. Біздің команда өтсе де, өтпесе де осы айтыстың жауапкершілігін мойнымызға алайық», деп ниет білдіріпті. Оның үстіне биыл «Ақтау қаласы – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, қарт Каспийдің бойында ұлан-асыр той өткенін, түркі халықтары бас қосқанын білесіз. Осы қуанышқа, игі қадамға орай қос команданың өкілдері тамаша рухани кеш сыйлап, тұтас түркі әлемінің бірлігін жырлап қайтты.
Қос команда финалға тыңғылықты дайындықпен келгені бірден байқалды. Айтыс басталған сәтте Түркістан облысының ақындары 3 ұпаймен алға шыққан еді. Алайда Қарағанды командасы шабытпен өнер көрсетіп, есепті теңестіріп үлгерді.
Жалпы, айтыс аса жоғары деңгейде, өте тартысты өтті. Әр жұп өз шеберлігін, суырыпсалмалық қабілетін толық таныта білді. Қазылар алқасының ортақ шешімімен екі команда да жеңіске лайық деп танылып, қос тарапқа да 1-орын жүлдесі берілді. Бұл – әділет пен өнерге деген құрметтің белгісі. Сонымен қатар елдік пен бірлікке құрылған рухани кештің шын мәнінде ұлт игілігіне айналғанының дәлелі.
– Жаңа сіз атап өткен Астанадағы айтысқа арнайы барып тамашалап едім. Бір байқағаным, көп тыңдарман дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, күйшілерді тыңдау үшін келеді екен. Клара Төленбаева, Қазыбек Әдікей, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Сарина, Ерболат Шалдыбеков, Айгүл Елшібаевалардың өнеріне деген қошемет ерекше болды.
– Сіз атап өткен өнерпаздар – қазақ өнерінде өзіндік орны бар тұлғалар. Жаңа айтып өттім ғой, әр өңір мыңнан тұлпар атанған кіл мықтыларын үкілеп топқа қосады. Көп аймақ өнерпаздарына ерекше қолдау көрсетіп, арнайы ұлттық киім тіктіріп, барлық мүмкіндікті жаратып берді. Бұл – ең бастысы қазақтың өнеріне деген құрмет.
Жасырары жоқ, рухтың алтын тұнбасы болған жыршылық дәстүр, текті өнер терме, болмысы бүтін сақталған күй жанрлары басқа өнер түріне қарағанда насихаты кемшін болып жүргені де рас. Бұл жоба бір жағы осы олқылықтың орнын толтыра түсті. Әсіресе өнерге жаңадан қадам басқан жастар үшін үлкен мүмкіндік. Шығармашылығына серпіліс беретін алаң. Осындай додалар арқылы ел көзіне түсіп, өнерін шыңдайды.
– Командаластарын таныстырған жас өнерпаздар туралы да айта кетсеңіз.
– Бұл жобадағы ең үлкен жетістіктердің бірі – осы өнерлі балалардың жарқырап шыққаны дер едім. Таңдайы тақылдаған балалардың алдымен шығып өз ұжымын таныстыруы – көрермен назарын бірден аударды.
Командалық айтыста ерекше өнер көрсеткен олар былтырғы «Алтын домбыра» ақындар айтысына шығып, үлкен өнердегі тұсауын кесті. Қостанайдан келген 100 жастағы ақсақалмен бірге қаршадай төрт бала шығып жыр айтқанда елдің бәрі сүйсінді. Өнердегі рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі болды. Ол балалардың қатарында Ислам-Әли Біржанұлы, Ершат Кәмілжанұлы, Ерсұлтан Мұхамжан, Нөсер Айдосұлы бар. Бәрі бастауыш сыныптың оқушылары. Одан бөлек Мағжан Нүркенұлы, Тихон Козлов, Шахмардан Бекарысұлы мен Жанель Қисатованың өнерін ерекше атап өткім келеді. Бұлардан бөлек, «Қола домбыра» оқушылар айтысының жүлдегері атанып жүрген балалар аз емес.
– Ел көлемінде өтетін айтыстар негізінен «Amanat» партиясының қолдауымен ұйымдастырылады. Айтыскерлерге «мынаны айт, мынаны айтпа» деген шектеу қойыла ма?
– Бұрын қоғамдағы үлкен проблеманың бірін айтыскер көтерсе, жалпы билікке тиісе сөйлесе зал теңселіп, қиқулап кететін. Кейінгі кездері ондай емес. Ақындар айта алмай қалған жоқ. Қаншама мәселені көтеріп, жеріне жеткізіп айтады. Бірақ көбіне өтімді болмайды. Неге? Себебі ол бұрынғыдай іште тығылып, сыртта шықпай жүрген, Үкіметке жеткізе алмай жатқан мәселе емес. Елдің бәрі білетін көп жағдайдың бірі. Оны айтыскерден бұрын халық сараптап, пайымдап үлгерген. Қазір халықтың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығы мен белсенділігі артты. Әрбір мәселе ашық талқыланады. Бұрын мұны айтыскерлер арқылы жеткізіп келсе, енді әр адам өз пікірін еркін жеткізе алатын болды. Депутаттар да қоғамдық пікірге баса мән беріп, ел аралап, шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді Парламент мінберінде көтеріп жатыр. Осының арқасында халық пен биліктің арасында ашық диалог қалыптасты. Қазір халықтың ұсынысы, тілегі ескерілетін заман. Ұлттық құрылтайларда көтерілген ұсыныстар – жыл бойы зерттелген халықтың көкейіндегі сөз. Әрі қарай ақындар да әрбір мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, орамды ой айтса оны неге шектейсің? Қайта жақсы емес пе? Бірақ өзі көтергелі отырған мәселенің байыбына бармай, жете түсінбей көрерменге «жағу» үшін жаңғалақ сөз айтатындар да жоқ емес. Сахнада айтылатын әр сөз – елдік мүддеге, халықтың береке-бірлігіне, Тәуелсіздігіміздің тұтастығына арналуға тиіс. Конституциялық құрылымға қарсы немесе арандатушылық сөздер кімге керек? Қазіргі тұрақсыз, құбылмалы әлемде байыппен басқан қадам ғана жақсылыққа жеткізеді. Ұлт руханиятының мінбері саналатын айтыста да «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген қағиданы ұстанамыз.
Әңгімелескен –
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»