Білім • Кеше

90 мыңға жуық бала мектепалды даярлықтан өтеді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балалардың білім деңгейін теңестіру мақсатында елімізде қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба Қазақстанда қатарынан екінші жыл қолға алынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

90 мыңға жуық бала мектепалды даярлықтан өтеді

Фото: Ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сай әзірленген және мектепке дейінгі білім мен бастауыш білім арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған. 

«Оқыту мерзімі бір айға есептелген. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді. Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді. Әсіресе, балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға баса назар аударылады», деді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Айта кетейік, маусым мен шілде айларында бағдарламаға 25 мыңға жуық бала қатысқан. Ал тамыз айында тағы 5,3 мың топ ашылып, 65,2 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Осылайша, жаз бойы 90 мыңға жуық бала қысқа мерзімді мектепке даярлық курстарымен қамтылмақ.