
– Неге екенін қайдам, кейінгі кезде баспасөз бетінен әдеби пародияның қарасы көрінбей кетті. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Пародия – әдебиетті жасандылықтан, көп сөзділіктен, шала ұйқастан, ой, сөз қайталаудан, «жиендік» жасаудан аршып, тазалап отыратын санитар жанр. Рас, 90-жылдардың басынан бері сатириктердің әдеби пародия жазбай жүргендігі алаңдатады. Себебі бұл – батыр да батыл жанр. Белгілі бір қаламгердің көркемдік тәсілін өзіне қарсы қолданып, былайша айтқанда, өз бидайын өзіне қуырып беретін сатиралық туынды шығармашылық шеберлікті де, сыншылдық сергектікті де талап етеді. Сондықтан көп сықақшылар бұл жанрдан ығысып, қауіпсіздеу өріске ойысады.
Қазақ әдебиетіне пародия жанрын батыл енгізген қаламгер – Саттар Ерубаев. Оған дейін Абай, Бейімбет, Сұлтанмахмұт шығармаларында пародия жанрының талап-тілегіне толық жауап беретін бірді-екілі туынды болды. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде емес. Бұл сөзімізді Саттар Ерубаевтың «Өз пародияларым туралы» атты мақаласындағы «Әдетте, мені пародия жазушы деп атайды. Расында да, менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақ мен қазақ әдебиетінде пародия жанрын бірінші жаза бастадым» деген жолдар қуаттай түседі.
– «Пародия – санитар жанр» деген сөзді айтып қалдыңыз. Оқырманға түсінікті болу үшін жалпыламай, фактіні қолға ұстай отырып, талқылай кіріссек...
– Олай болса, «Құрғақ қасық ауыз жыртадының» керін келтірмей, әдебиеттегі «жиендерге» де бірер мысал келтіре кетейік:
Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,
Армысыңдар, қария-қарлы шыңдар.
Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,
Сен менің керуен-керуен алғысымды ал, – деп дарабоз ақын Төлеген Айбергенов шабыттана жырлағаны белгілі. Міне, осындағы ой мен ұйқасты түпнұсқадан айнытпай көшіре қойған ақын Есләм Зікібаев өзінің «Ақ қайнар» атты жинағында былайша «шабыттана» жырлайды:
Абзал жүрек Аналар! Армысыңдар!
Барлығың да есен-сау бармысыңдар.
Сендер менің жанымды нұрға ораған,
Арманымдай кіршіксіз мәңгі шыңдар.
Әрине, егер «Есләм Зікібаев» деген қолтаңбаны алып тастаса, бұл өлеңді Төлеген Айбергенов шумағының екінші нұсқасы деп қабылдаған болар едік. Осы епті «жиеннің» әрекетін қырағы пародист Қажытай Ілиясов қалт жібермей, оған төмендегідей пародия арнады:
Абзал жүрек Аналар! Армысыңдар?
Әйтеуір, аман-есен бармысыңдар.
Зікібаев қымқырып кетем десе,
Сөз емес, сіздер түгіл, қарлы шыңдар, деп орынды сын айтты. Осы секілді әдеби пародияға мыңдаған мысал келтірсек болады. Тағы бір айта кететін жайт, пародия тек қана поэзиялық жанрда жазылсын деген қағида жоқ. Ол прозалық жанрда да көрініс табады.
– Теоретик-ғалым Темірбек Қожакеев «Сықақ шығармалардың жай оғындай ойнап шыға келмейтінінің тағы бір себебі – қайсыбір оқырмандарымыздың сатира табиғатын түсіне бермейтіндігінде» деген еді. Осы турасында не айтасыз?
– Бұл – рас сөз. Мәселен, жақында ғана әлеуметтік желіде 3-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» құралындағы «Ғаламтор туралы» деген өлеңге қатысты қисық-қыңыр пікірлер тарады. Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Ертай Ашықбаевтың осы өлеңі жоғарыда аталған оқулықтың 68-бетінде, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» атты тарауда берілген. Негізі, бұл жерде дау туатындай дәнеңе жоқ. Өйткені ақынның «Ғаламтор туралы» өлеңі – тұрмыстық пародия жанрына жатады. Ал тұрмыстық пародия қоғамдағы кемшіліктерді кері кеңес беру арқылы сынайды, түйрейді. Сөйтіп, содан нәтиже шығарып, қоғамды алға сүйрейді. Бұл – ұтымды әдіс-тәсіл. Баланың көз алдына жаманның не екенін тура елестетеді, кейбір оқушы тура өзін сипаттап отырғандай әсерде қалуы мүмкін. Кейбір ұстаздар солай деп жазып та жатыр: «Оқушы тыңдап немесе өзі оқып келе жатып-ақ күліп жібереді, өйткені бірден дұрыс емес нәрсе туралы оқып отырғанын түсінеді». Осы тұрғыдан келгенде, оқулық авторлары мәтіндерді өте сауатты пайдаланып, оқушыларға дұрыс тапсырма беріп отыр. Сондықтан бұл жерде байбалам салатындай олқылық көріп тұрған жоқпыз. Оның үстіне, оқулық авторлары 69-бетте оқушыларды үш топқа бөліп, тапсырма береді. Яғни
I топ: «Ұялы телефонның зияны көп», II топ: «Ұялы телефонның пайдасы зор» деген тақырыпта ой қорытып, ал III топ: «Қорытынды пікір» айтуға тиіс. Міне, осылайша, өлеңдегі балақайдың іс-әрекетіне баға беріле отырып, кейіпкерді зиянды әдеттерден арылтудың нақты қадамдары қарастырылады. Бұл, әрине, «телефонға телмірме» деп үлкендердің мың рет айтқанынан анағұрлым тиімді, әсерлі болар еді. Егер дәл осы өлеңді сатиралық бетке жарияласақ, оған «Тұрмыстық пародия» деп айдар тақса, жетіп жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу, талғамы зор оқырманның бәрі түсіне қояды.
– Жастар, жалпы оқырман қауым жанр табиғатын жете тану үшін қайтпек керек?
– Бұл – өте өзекті мәселе. 2000-жылдардың басында ұстазымыз Темірбек Қожакеевтен кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де сатирадан арнаулы курс жүргіздім. Сол кездерде Кәмшат Сатиева, Қанат Ескендір, Ержан Байтілес, Ысқақ Егембердиев, Бейбіт Сарыбай, Асқат Қылышбек, Кәмшат Әбілова, Олжас Қасым, Мұрат Есжан, Үміт Зұлхарова, тағы басқа шәкірттерімнің тырнақалды туындыларын «Жас Алаштың» «Біртүрлі бет», «Айқынның» «Жатыпатар» қосымшаларында жариялап отырдым. Теория мен тәжірибені ұштастырдық. Соның арқасында біразы сатирик болып қалыптасты. Осының бәрі – сатира туралы сабақ алғанның нәтижесі. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де, еліміздің басқа жоғары оқу орындарында да сатира курсы жеке пән ретінде жүргізілмейді. Салдарынан кейінгі уақытта сатира жазатын, сатира жанрларын түсінетін жастардың қатары азайып кетті. Сол себепті еліміздің жоғары оқу орындарында сатирадан арнайы сабақ жүргізілгені жөн. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Осы ұсынысымыз жауапты орындар тарапынан қолдау тауып жатса, қуанар едік.
– Біз білетін сатириктердің біразы балалар әдебиетінде де қалам тербеген. Сіздің де осы саладағы бағытыңыз айқын көрінеді?
– Иә, оқырман қауым мені тек сатирик ретінде таниды. Негізі, тырнақалды туындыларымды балаларға арнап жазған едім. Алғашқы шығармаларым балалар басылымдарында жарық көрді. «Медина мәзірі» атты жинаққа енген жаңылтпаштың басым көпшілігін оқушы кезімде жазғанмын. Одан бір бөлігін студент кезімде, қалғанын кейін толықтырдым. Сөйтіп жүріп, «Шылдыр шүмек», «Әріп әлемі» атты екі жинақ шығардым. Қазақта 42 әріп болса, соның 25-іне бір әріптен ғана тұратын мәтін құрастырдым. Мұны қазірдің өзінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары «Сахна тілі» пәнінде, емтиханда тиімді пайдаланып жүр. Алдағы уақытта арнайы монографияға енгізілмек. Сонымен қатар бұл кітапты балабақшалар мен мектептерде пайдалануға болады. Өйткені жаңылтпаш жаттау баланы ұшқыр ойлап, ұтқыр сөйлеуге жетелейді. Сондай-ақ олардың қабілет-қарымын шыңдайды. Жоғарыда айтқан «Медина мәзірі» мен «Әріп әлемі» – тіл ұстартудың ең қажетті құралы. Ал ондай кітаптар әрбір үйдің сөресінде тұруға тиіс.
– Сатираның салмағын арттыру бағытында қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– 1956 жылы кеңес өкіметі «Сатираны қолдау туралы» қаулы шығарды. Сол жылы бізде «Ара – Шмель» журналы дүниеге келді. Осы кезден бастап, сатира өсті, өркендеді, дамыды. Қай жерде қандай сын айтылса, дереу жауап берілетін. Сыннан нәтиже шығатын. Сол сияқты, қазақ сатирасына үкімет тарапынан да, Жазушылар одағы тарапынан да қолдау қажет. Сонда ғана қазақ сатирасының көсегесі көгеріп, қадамы құтты да қайырлы болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»