Руханият • Бүгін, 08:58

Мерейтой бағдарламасы мәлім болды

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – халқымыздың рухани болмысын ұлықтайтын, ел бірлігін бекемдейтін тарихи оқиға. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аймақта айтулы іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге арналған мерейтой бағдарламасы белгілі болды.

Мерейтой бағдарламасы мәлім болды

Өңірлік коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен бас­па­сөз мәслихатында Абай облы­сы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омар­ха­нов бастаған атқарушы билік өкілдері баян­дама жасады. Онда халықаралық, респуб­ли­калық және өңірлік деңгейде 100-ден аса ауқымды іс-шара бекітілгені айтылды.

«Ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні «Abay Academiyasy» энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифр­ландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған», деді Жанжігіт Абзалбекұлы.

2–6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, аудандарда жалғасады. 3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші өтеді (Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы, Мәдениет қай­раткері Еркін Шүкіман, Ерлан Рыс­қали өнер көрсетеді). 4 тамызда Секен Тұрыс­беков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті қойылады. 5 тамызда «Ой толғау – Хакім Абай» моноопе­расы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Әлихан Бөкейхан уни­вер­си­тетінде «Өлең – сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек.

«7 тамызға халықаралық «Алаш» сый­лығының иегері Асқар Алтайдың шы­ғармашылық кеші аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұр­сын­байдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кіта­бының тұсаукесері жоспарланған. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» рес­­публикалық ақындар айтысы, Абай ауда­­нында «Жеті қазына» ұлттық байқауы­ның ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім уни­вер­ситетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейін­де көрме, Абай кітапханасында кітаптар топ­тамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фес­тивалі ұйымдастырылады. Ал кешкісін ор­талық алаңда «Абайға тарту» концерті өтеді», деді спикер.

9 тамыз күні Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция белгіленді. Конференцияда абайтану ғылымының өзекті мәселелері талқыланып, мақалалар жинағы жарыққа шығады. Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәде­ни және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай. Уақыт. Өнер» тақырыбында бейнелеу өнері туын­ды­ларының көрмесі ашылады. Абай атын­дағы облыстық әмбебап кітапханада рес­пуб­ликалық «Абай» баспасының «Абай әлемі: аударма, тағылым, мұра» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтеді. Бұған қоса «Абай» баспасының тартуы ретінде Даниял Ысқақовтың көркем аудармалары, Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» ғылыми монография­сы, «Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы естеліктер мен мұрағаттық құжаттар» кітабы оқырманға жол тартады.

Сонымен бірге кітапханада «Адам­зат­тың бәрін сүй, бауырым деп...» ха­лық­аралық ақындар айтысы өтеді. Оған 15 елден ақындар қатысады. ТҮРКСОЙ және халықаралық Эминеску поэзия академиясының қол­дауымен ұйымдастырылатын іс-шарада Абай өлеңдері 15 тілге аударылып, антологиялар шығарылады.

10 тамыз – Абай күні. Бұл күн таңер­тең Жидебайда ұлы ақын рухына Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі­нен бастау алады. Еліміздің барлық өңі­рін­де Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.

 

Семейдегі сауық

Семей қаласы әкімінің міндетін атқару­шы Бекжан Бапышевтің мәлімдеуінше, 1 тамыз қалалық іс-шаралар бағдарламасы Бейбітшілік аралындағы Этноауылда сағат 09:00-де бастау алады. Онда 10 киіз үй мен алтыбақан құрылып, ұлттық спорт ойындары, концерттер мен көрмелер, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтеді. Сол күні Абай өлеңдерінен халықаралық марафон басталып, шетелдегі жастар онлайн қатысады. Сонымен қатар сағат 11:00-де зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өз есігін айқара ашады.

2 тамыз күні «Аренада» сағат 15:00-де 180 команданың қатысуымен зияткерлік «Абай Quiz» ойыны өтеді. Республикалық ойынға мерейтоймен мазмұндас етіп, 180 команданы қатыстыру жоспарланып отыр (әр командада 6 адамнан 1 080 қатысушы). Ал 3 тамызда «Арена» спорт кешенінде сағат 10:00-де қазақ күре­сінен республикалық чемпионат өт­кізі­леді. 200-ден астам балуан күреседі. Сонымен қатар «Абай мұрасы – халық даналығы» атты республикалық әдеби кеш ұйымдастырылады.

4 тамыз күні Ертіс жағасында елге кеңінен танымал «Семей Батыры» күштік экстрим турнирі республикалық деңгейде өтеді. Мысалы, қап көтеріп жүгіру, зер­хер­ді уақытқа көтеру, гір тасын жұлқа көтеру,­ бөренемен отырып-тұру, тағысын тағы.

5 тамыз күні «Тайқазан» мейрамхана­сында үш күндік халықаралық мәдени-шы­ғармашылық сән көрсетілімі бас­талмақ. Ал 6 тамызда Alikhan Bokeikhan University-де «Өлең – сөздің патшасы» атты халықаралық ақындар мүшәйрасына 7 мемлекеттен және еліміздің барлық өңі­рінен ақындар қатыспақ. 7 тамыз күні Семей қаласынан Қарауыл төбеге дейінгі 2 күнге созылатын 180 шақырымдық ха­лықаралық марафон басталады. Қала тұрғындарына арналған 3 шақырымдық марафон да қарастырылған.

Онымен бірге 10 тамыз күні сағат 19:00-де Семей қаласының Орталық ала­ңында әлемге танымал «Ұлытау» тобы, Жұба­ныш Жексен, Анар Батырхан сынды ән­шілер қатысуымен «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты гала-концерт өтеді.

 

Қарауылдағы қызық

10 тамыз – Абай күні Абай ауданын­да «Бала Абайдан дана Абайға» атты театр­ландырылған қойылым сахналанады. Сағат 11.30-да «Абай күні» мере­кесі салтанатты түрде ашылады. 12.00–13.00 аралығында «Өлеңге әркім­нің-ақ бар таласы» атты күндізгі концерт ұйым­дастырылады. 13.00–14.30 Қарауылтөбеде ас беріледі. 14.30–17.00 аралығында Ұлттық ат спорт ойындары өтеді (топ бәйге, жорға, аламан бәйге). 15.30–17.30 Қазақ күресінен республикалық турнирдің финалдық бәсекелері (түйе және өгіз палуан). 19.00–21.00 өнер жұлдыздарының «Желсіз түнде жарық ай» гала концертімен аяқталады. Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұловтың айтуынша, 8–10 тамыз күндері тұңғыш рет республикалық «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі өтеді. «Бабамыздың сүйікті ойыны тоғызқұмалаққа, ұлттық ат спорты мен қазақ күресі (өгіз палуан, түйе палуан) жарыстарына жиыны 1000-ға жуық қатысушы қамтылады деп жоспарланып отыр», деді аудан әкімі.

Қарауыл төбеде кең ауқымды этно-қалашық құрылып, 200-ден аса киіз үй тігіледі. 8–10 тамыз аралығында арнайы қоғамдық көлік маршруттары, 12 автобус қызмет көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға 10 инватакси қарастырылған.

Абай тойы қарсаңындағы іс-шараларға 30 мыңнан астам адамның қатысуы жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық іс-шара мазмұнды, тәрбиеге негізделген, ысырапсыз өтеді.

1–10 тамыз аралығында өтетін Абайдың 180 жылдық мерейтойының он күндігінің тақырыбы:


1 тамыз – «Артық ғылым кітапта...»
2 тамыз – «Туған жерге тағзым»
3 тамыз – «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар...»
4 тамыз – «Адамның кейбір кездері...»
5 тамыз – «Әнді сүйсең, менше сүй...»
6 тамыз – «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»
7 тамыз – «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл берсеңіз...»
8 тамыз – «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...»
9 тамыз – «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек...»
10 тамыз – «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»

Абай облысы