Медицина • Бүгін, 17:35

Келер жылы 1 миллионнан астам адам МӘМС-пен қамтылады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру бағытында маңызды заң қабылданды. Бұл заң халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын, әсіресе әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және шұғыл жағдайда тұрған азаматтарды медициналық көмекпен қамтуды кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Келер жылы  1 миллионнан астам адам МӘМС-пен қамтылады

Фото: Ашық дереккөз

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне қосымша 1 миллионға жуық адам қамтылады. Бұл — Д және Е санатындағы, яғни дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейінде тұрған адамдар. Олар үшін МӘМС жүйесіндегі жарналарды жергілікті бюджеттер өз мойнына алады. Яғни, бұл азаматтар медициналық көмекке өз табысына қарамастан, тегін және кедергісіз қол жеткізе алады.

Бұл өзгеріс еліміздегі табысы төмен халықтың шамамен 5%-ының жоспарлы медициналық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар осы топтағы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жарна төлеуге міндеттеледі. 

Сонымен қатар, заңда ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарналарын төлеу міндеті жергілікті билікке жүктелетіні қарастырылған. Бұл қадам жұмыссыздықпен күрес және халықты жұмыспен қамту шараларымен тікелей байланысты. ЖАО (жергілікті атқарушы органдар) енді жұмыспен қамту саясатын іске асырумен қатар, сол азаматтардың денсаулығын қорғауға да жауапты болады.

Қазіргі таңда елімізде 16,9 миллион адам немесе 82,6% халық сақтандырылған. Оның ішінде 11,9 миллион азамат (яғни, 59,5%) жеңілдетілген санаттарға жатады, олардың МӘМС жарналарын мемлекет өзі төлейді.

Сонымен бірге, шамамен 3,4 миллион адам әлі де МӘМС жүйесіне кірмеген. Оның 2,4 миллионы — өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық азаматтар болса, 1 миллионға жуығы әлеуметтік осал, дағдарыстық жағдайдағы азаматтар. Осы санаттағы адамдар үшін енді МӘМС жүйесіне қосылу жолы ашық әрі жеңіл болады.

Еңбекке қабілетті азаматтар үшін де МӘМС жүйесіне қосылу шарттары жеңіл: айына бар болғаны 4 250 теңге, жылына — 51 000 теңге. Бұл сома толық медициналық қызметтер пакетін алу үшін жеткілікті.

2027 жылдан бастап Қазақстан толыққанды сақтандыру моделіне өтуді жоспарлап отыр. Бұл модель мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Аталған шаралар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте көзделген ортақ жауапкершілік қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.