Музей • Бүгін, 09:10

Бірегей музей қазынасы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы жалғыз Минералогиялық музей – табиғаттың ғажайып сырларын ашатын ерекше орын. Оның негізін қалаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген геологі Олжабай Исмаилов. Оның жеке жинағынан бастау алған бұл мұра бүгінде еліміздің геология саласындағы ең құнды экспозицияның біріне айналды.

Бірегей музей қазынасы

Музейге кірген сәттен-ақ көздің жауын алатын минералдар әлемі қарсы алады. Экспозицияда кристалдар, минералдар, бағалы минералдардың, тау жыныстары мен палеонтологиялық қалдықтардың бірегей үлгілері бар. Бұл жәдігерлер табиғаттың шексіз құдіретін көрсетіп, ғылым мен өнердің үндестігін танытады.

Музейде сирек кездесетін минералдарды, түрлі геологиялық дәуірлерге тиесілі тау жыныстарын, бағалы және жартылай бағалы тастарды, жарқыраған асыл бұйымдарды тамашалауға болады. Ең ерекше жәдігерлердің бірі – Менделеев кестесіндегі барлық элементі бар минералдар топтамасы. Сондай-ақ мұражай сөрелерінен палеонтологиялық қалдықтарды, ХІХ ғасырдан бері сақ­талған сирек геологиялық кітаптарды, өткен ғасырларда қолданылған дала геологтерінің құрал-саймандарын көруге болады. Бұл жәдігерлер бір кездері жер қойнауын зерттеген ғалымдардың ізденістерінен сыр шертеді.

Олжабай Жұмағалиұлының айтуын­ша, музейге жыл сайын мыңдаған адам келеді. Олардың қатарында шетел­дік туристер, ғылыми зерттеу орталық­­тарының мамандары, депутаттар, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрлері де бар. Дегенмен музейдің басты қонақтары – мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының жас­тары. Музейді салғандағы басты ой – балалар келіп көрсін, оқысын, ертең геолог мамандығына қызығып, елдің байлығын қалай іздеу керегін білсін деген ниет. Бұл жас ұрпақтың табиғатқа, ғылымға деген сүйіспеншілігін оятып, туған жердің байлығын бағалауға үйретеді. Мұндағы әрбір минерал мен тау жынысы – Отанымыздың сан ғасырлық геологиялық тарихының бір бөлшегі және байлығымыздың көрінісі.

Бүгінгі таңда Минералогиялық музейде үш мыңнан астам экспонат бар. Бұл сан жыл сайын артып келеді. Ғалымдар жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың бір күні сарқылатынын айтады. Сондықтан мұндай мұражайлар минералдардың сирек үлгілерін сақтап қалуға, оларды болашақ ұрпаққа мұра етіп жеткізуге мүмкіндік береді. Музей – ғылыми орын ғана емес, сондай-ақ еліміздің байлығын көрсететін рухани және мәдени орталық. Оның әрбір тасы – жер қойнауындағы сан алуан байлықтың айғағы. Мұражай келушілерге табиғаттың ғажайып сырын ашып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын ерекше орын болып қала бермек.

Алайда музейдің қазіргі ғимараты тар және экспозицияларды толық көрсетуге мүмкіндік бермейді. Олжабай Жұмағалиұлы бірнеше рет мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы өтініш білдіргенімен, әлі күнге дейін нақты жауап алмаған. Музейге кең ғимарат қажет, бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы тапсырма бергенімен, әлі орындалмаған. Бұл музейдің дамуына және келушілерге қолайлы жағдай жасауға кедергі келтіріп отыр.

Минералогиялық музей – еліміздің мәдени және ғылыми мұрасының маңызды бөлігі. Оның сақталуы мен дамуы үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет. Бұл болашақ ұрпаққа табиғат ғажайыптарын танып-білуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

 

Ерлан КИІКБАЙ,

журналист