Қоғам • Бүгін, 09:25

Ауызсудың әлегі: Өңірде 40 ауыл ауызсумен қамтылмаған, 129 елді мекенге кестемен беріледі

40 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді 100% таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Ауызсудың әлегі: Өңірде 40 ауыл ауызсумен қамтылмаған, 129 елді мекенге кестемен беріледі

«Ондаған жылдар бойы қо­мақты қаржы бөлінгеніне қара­мастан, ауызсу мәселесі әлі ше­ші­мін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жо­басы аясында бес жыл ішінде ха­лықтың 100 пайызын таза ауыз­сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», деді Президент.

Берілген мерзім аяқталуға жа­қын. Жолдауда айтылған міндетті орындау  мақсатында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен ауызсумен қамту жұмыстарының сапасына шағымданушы ауыл тұрғындары да аз емес. Яғни сан мен сапа сәй­кес келмей тұр. Бірқатар нысан­дар­дың келесі жылға өтпелі болып отырғанын ескерсек, тап­сырманың жыл соңына дейін орындалуы күмән тудырады. Ретімен баяндасақ.

Жауапты басқарманың мәлі­метіне жүгінсек, жыл басындағы жағдай бойынша өңірдегі 807 елді мекеннің  767-і (7 қала, 760 ауыл) немесе 95,0%-ы ауызсумен қамтамасыз етілді. Биылға 63 ны­санның құрылысына бюджеттен 37,7 млрд теңге бөлін­ген. Соның ішінде, биыл 36 нысан құрылысы аяқталса, қалған 27-і 2026 жылға өтпелі. Бүгінде ­40 ауыл (31,4 мың адам) ауызсумен қамтылмаған. Облыс кө­лемінде жалпы –129, оның ішінде ­аудан, қала әкімдіктеріне қарасты – 68, «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиа­лы тарапынан 61 елді мекен тұр­ғын­дарына ауызсу кестемен бері­леді. Биыл Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта – 9, Ор­дабасыда – 3, Отырар мен Бәй­дібек аудандарында 2 елді мекеннен, Қазығұртта 1 ауыл ауыз­су­мен қамтылмақ. Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төр­аға­лығымен өткен мониторинг жұмыстарының нәтижесін зерде­леу бойынша кезекті штаб оты­рысында кемшіліктерге жол бер­ген жауапты басшылар мен мер­дігерлерге қатаң ескерту жасал­ды. Ескерту жасауға себептер де жоқ емес. Өйткені облыстың бір­қатар қала мен аудандарында ауызсуға қатысты мәселелер же­тер­лік. Өңір тұрғындарын ауыз­сумен қамтуға қатысты жауапты басқармада басшы жиі ауысатыны да көп жайтты аңғартады.

Облыстық энергетика және­ тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Т.Усубалиевтің бізге берген мәлі­ме­тіне қарағанда, қалалардың қам­тылуы деңгейі жоғары бол­ға­ны­мен, Арыс, Шардара, Леңгір, Сарыағаш қалаларын ауызсумен қамтуда өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, Арыс қаласында 2 000 абонентке су беріп отырған су айдау стансасында тазарту қон­дырғысы орнатылмаған. Ауыз­су тұндырылып, хлорлау ар­қылы залалсыздандыры­лып бе­ріліп келеді. Аталған стан­са ми­нистрлікке қарасты «Қаз­су­шар» кәсіпорнының теңгерімінде. Сонымен қатар Арыс қа­ласындағы «Теміржолсу» ЖШС-на қарасты су тазарту стан­сасында, тозығы жеткен су жүйелерінде (2 200 абонент) де өзекті мәселелер қалыптасқан. Шардара қаласында су тазарту стансасының тозығы жеткен, жаз мезгілінде қоймадағы су дең­гейі төмендеп, судың сапасы на­шарлайды. Мәселені шешу мақ­сатында «Тама-Тастанбек» жер асты су көзінен топтық су құбы­рының құрылысы жүргізіліп жатыр. Леңгір қаласының ашық су көздері – Көктерек, Қарабастау бұлақтары жауын-шашын кезін­де лайланып, судың сапасына қа­тысты мәселелер туындайды. Соны­мен қатар бұл су көздерін­дегі тазартқыш қондырғылары­ның қуаттылығы жеткіліксіз болуына орай, тиісті деңгейде тазартып үлгермейді. Төлеби ауданы аума­ғындағы Көксәйек ауылдық окру­гінде 300 отбасы ауызсуды арықтан ішіп отырғанын айтып, мұқтаждықтарын ақпарат құ­рал­дары арқылы жария еткен соң ғана тиісті шаралар қабылданып, мәселе шешімін тапқандай болды. Тасарық, Қаратөбе ауылдық ок­ругтеріне қарасты елді мекен­дерге бірнеше жыл бұрын жүр­гі­зілген ауызсу жүйесі тиімсіз бо­лып шықты. Жауын-шашынды күндері тұрғындар құбырдан лай су ішеді. Себебі ауызсудың ба­сына тазартқыш қондырғылар ор­натылмаған. Оның үстіне жоғарыдан келетін судың қы­сымы да есепке алынбаған. Осын­дай кемшіліктер салдарынан кейбір ауылдар, көшелер орта­лық су құбырынан ажырап, бұ­рынғы жүйені қолдануға мәж­бүр. Тұрғындар жаңа жобаны іске асыруға бюджеттен жұм­салған қыруар қаржының қайы­ры болмағанын айтады. Са­рыағаш қаласында жалпы топ­тас­қан су құбырына қосылған елді мекендерді толық сумен қам­туда жаз мезгілінде су тазарту стансасының қуаты жетпейді. Бүгінде Р-1 каналында магистралды су құбырының құрылысы жүр­гізіліп жатыр.

Жоғарыда айтылғандай, ­40 ауыл су құбырымен қам­тыл­маған. Соның ішінде, 30 елді мекенде құ­рылыс жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Қалған 10 елді мекен қол­­да­­ныс­тағы су көздерімен (ұңғы­малар, құдықтар) қамтыл­ған. Ауыз­су саласында қайта-құру, ке­ңейту, күрделі жөндеу жұмыс­тары­­на арналған 44 жобаға сарап­та­маның оң қорытындысы алын­ған. Жалпы құны – 37 млрд тең­гені құрайды, аталған жобалар рес­публикалық бюджеттің нақ­ты­лауына ұсынылған. Дегенмен қар­жы­лан­дыру мәселесінде қиын­дықтар бар. 

Жетісай ауданы Ш.Ділдә­бе­ков ауылдық округіне қарас­ты Сырабат елді мекені тұрғын­дарының ауызсу сапасына қатысты арыз-шағымы бар. Ауыл тұрғыны Камалбек Ортаевтың айтуынша, 2012 жылға дейін ауызсуға қатысты проблема болмаған. «Сол жылдары қазынадан 50 млн теңге қаражат бөлініп, ауызсудың ұңғымасы қайта қазылды. Осы кезде ұңғымадан ащы су шықты. Ол ішуге жарамсыз болған соң  жабуға тура келді. Ауыл сол кезден бастап көршілес Бірлік ауылының ауызсу жүйесіне қосылған. Бірақ бұл су да таза емес, ащы. Жалпы біз тұратын Ш.Ділдәбеков округіндегі ауылдардың бәрінде осы жағдай. Ішетін судың сапасы нашар. Ауыл­ға қойылған су тазартқыш «Омега» қондырғысынан шыққан судың көлемі мардымсыз. Ол су­ды тұрғындар литрін 2 теңгеден сатып алады. Қазір  көлігі барлар тіршілік нәрін басқа жақтан тасып ішеді. Сырабаттағы 1400-ге жуық тұрғынның көрген күні осы болып тұр. Көлігі жоқтар амалсыздан ащы су ішеді. Жаңа ұңғыма қазуға арнайы жер бөлінген. Бір­ақ аудандағы атқамінерлер мен мердігер ұңғыманы мүлдем басқа жақтан қазып, жұмыстарын дұрыс жүргізіп жатқан жоқ», дейді К.Ортаев.

Дегенмен Ш.Ділдәбеков ауыл­дық округінің әкімі Қанат Тілеуов халыққа беріліп жатқан суға тиісті органдар «ішуге жарамды» деген қорытынды бергенін айтып отыр. «2012 жылы ауылдағы ауызсу ұңғы­масын қайта қазу жұмыстары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүргізілген. Қазылған жерден ащы су шыққан. Осыдан кейін Сырабат көршілес Бірлік ауы­лының ауызсу жүйесіне қо­сылған. Яғни дәл қазір ауыл ауыз­су жүйесімен қамтылған, есеп­тегіш құралдар орнатылған. Су тәулігіне 24 сағат бойы ағып тұр. Тұрғындардың судың сапасына көңілі толмайтын шығар. Бірақ бізде ащы су, тәтті су деген ұғым жоқ. Судың сапасына СЭС «ішуге жарамды» деген қорытынды берген. Сырабатта жаңа ауызсу ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кеткен. Бұған тапсырыс беруші – аудандық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Мердігер мекеме 300 метрдей қазып қойды. Шыққан су сараптамаға жіберілген», дейді ауыл әкімі.

Тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі төмен аудандар – Сары­ағаш (11 ауыл),  Келес (19 ауыл). Келес ауданына қарас­ты 83 елді мекеннің 64-і орталық­тандырылған ауызсумен толық қамтылған. Бұл ауызсумен қам­тылу деңгейінің 88,4%-ға жет­кенін көрсетеді. 19 елді мекенде ауызсу жүйесі әлі толық жүргізілмеген. Қазірде 14-інде құ­рылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаз мезгілінде ауызсу тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылында су тапшылығы байқалған. Бұл мәселені уақытша шешу мақ­сатында арнайы көліктер арқылы ауызсу тасымалдау кес­тесі бекітіліп, тұрғындарға жүйелі түрде жеткізіліп отыр. Соны­мен қатар Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, то­лықтай іске қосылыпты. Аудан бо­йынша ауызсу мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 га жерге 20 000 текше метрлік су қоймасын, Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 га аумаққа 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланған. Бұл – 25 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағыт­талған маңызды жоба. «Шардарада – 3, Мақтаарал­да – 1, Ке­лесте – 4, Сарыағашта 2 ауыл­­дың тұрғындары кешенді блок модульдерін орнатуға қарсы бо­лып отыр, осыған байланыс­ты тұрғындардың келісімі алынып, тиісті хаттама түзілген. Министрлікке хаттамалар толық ұсынылған», делінген басқар­маның мәліметінде.

Жоғарыда айтылған Жетісай ауданындағы Сырабат ауылы басқарманың есебі бойынша ауызсумен қамтылған елді мекендердің санатына кіреді. Бірақ құбырмен келген суды көп тұрғындар ащы болғандықтан тұтынбайды. Аудан орталығына сабылып, тұщы су тасиды. Яғни ауызсумен қамтылғандардың есептік санын көбейтіп тұр.

 

Түркістан облысы