Медицина • Кеше

Ауыл емханасы кадрмен толығып жатыр

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адам жанының арашашысы саналатын дәрігер мамандығы – қай кезде де қадірлі, қай заманда да жауапкершілігі зор. Әсіресе, шалғайдағы ауылдарға білікті маман тарту – кезек күттірмейтін маңызды міндет. Соңғы жылдары елімізде осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылып, нақты нәтижелер көріне бастады, деп жазады Egemen.kz

Ауыл емханасы кадрмен толығып жатыр

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі

Былтырғы жылы ел Президенті медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби беделін арттырып, олардың қоғамдағы орнын нақтылауға жасалған маңызды қадам. Жаңа заң аясында медицина қызметкерлерінің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекіп, олардың қауіпсіз еңбек етуіне, кәсіби өсуіне, материалдық және әлеуметтік тұрғыда қолдауға кепілдік берілді.

Бүгінде елімізде медицина кадрларын ауылдық жерлерге тарту мен бекітуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары сәтті іске асырылып жатыр. Бұл шаралар үш негізгі бағытты қамтиды:

  • әлеуметтік кепілдіктер беру (мысалы, көтерме жәрдемақы, қызметтік баспана мәселесін шешу);

  • тұрғын үй жағдайын жақсарту (баспанамен қамтамасыз ету, ипотекалық жеңілдіктер);

  • материалдық ынталандыру (жалақыдан тыс қосымша қаржылай қолдау, сақтандыру жүйесі).

2024 жылдың қазан айынан бастап 186 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтыған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл – дәрігердің қателігі үшін жалғыз өзі емес, мемлекет те белгілі деңгейде жауапкершілік көтеретінін білдіреді. Жүйе маманға қорған болумен қатар, халық сенімін де күшейтеді.

Елді мекендерге барып, ұзақ мерзімге еңбек етуге бел буған дәрігерлерге мемлекет айрықша көңіл бөліп отыр. Атап айтқанда, тапшы мамандық иелері ауылға кемі 5 жылға барған жағдайда 100 ЕТЖ (яғни шамамен 8,5 млн теңге) көлемінде біржолғы жәрдемақы алады. Қазірдің өзінде 254 дәрігер жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгеден астам төлем алып, шалғайдағы ауылдардың тынысын кеңейтуге жол ашты.

Жүргізілген шаралар өз нәтижесін бере бастады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлер тапшылығы 3 986 бірлікті құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмен. Ал орта медициналық персонал бойынша тапшылық 4 230 бірліктен сәл асқанымен, бұл да 7%-ға төмендеген. Бұл – жүйелі жұмыстың және тиімді кадрлық саясаттың көрсеткіші.

Бүгінгі таңда елімізде, барлық ведомстволық мекемелерді қоса есептегенде, 275 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде:

  • 83 мыңнан астамы – дәрігерлер;

  • 191 мыңға жуығы – орта медициналық мамандар.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы үш жылда дәрігерлер саны 2%-ға, ал орта медициналық қызметкерлер саны 0,5%-ға артқан. Ең бастысы – бұл көрсеткіштер экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа деңгейінен асып түсіп отыр, яғни еліміздің медициналық кадрмен қамтылуы халықаралық стандарттарға сай келе бастаған.

Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесін орнықты дамытуға, оның ішкі тұрақтылығын нығайтуға, әрі ауылдағы ағайынның сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне кең жол ашып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медицина кадрларын қолдау мен қорғауға, олардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді реформаларды жалғастырмақ.