
Фото: National Geographic
Ыбықты сай- табиғаттың ерекше шеберлігімен жасалған геологиялық ескерткіш. Бұл каньонның қабырғалары пористы әктас жыныстарынан тұрады, олардың бетінде жел мен судың әсерінен пайда болған ұсақ тесіктер мен өрнектер бар. Туристер бұл көріністі «пористы шоколадқа», «мұхит кораллдарына» немесе «ажурлы шілтерге» ұқсатады. Ғалымдардың пікірінше, Ыбықты сайының пайда болуы шамамен 60 миллион жыл бұрынғы палеоген дәуіріне жатады. Бұл кезеңде қазіргі Маңғыстау аумағы Неотетис мұхитының түбі болған. Каньон қабырғаларындағы пористы құрылымдар ежелгі коралл рифтері мен басқа да теңіз организмдерінің қалдықтары болуы мүмкін. Ыбықты сайы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Ақтау қаласынан 50 км қашықтықта орналасқан. Алайда, жолдың қиындығына байланысты нақты жүріс бағыты шамамен 150 км-ге дейін созылады. Каньонға жету үшін алдымен Беки ауылына дейін 130 км асфальт жолмен жүріп, содан кейін 30 км қатты топырақты жолмен жалғастыру қажет.
Саура шатқалы –шөлейтті өңірдегі ерекше табиғи және тарихи нысан. Шатқалдың түбінде сулы сазды мергель қабаттарынан аққан бұлақтардан жиналған тұнық сулы Қаракүп көлі орналасқан. Көлдің тереңдігі 5 метрге дейін жетеді және оның айналасы жасыл шөптермен көмкерілген.
Саура көлі - ерекше флора мен фаунаға бай. Мұнда қазақ сирені (тамарикс), хош иісті жалбыз және гармала өсімдіктері өседі. Көлдің жағасында және маңында су тасбақалары мекендейді, бұл жердің экожүйесінің байлығын көрсетеді .
Ақтау қаласынан Саура шатқалына дейінгі жол шамамен 80 шақырымды құрайды. Жолдың бір бөлігі асфальтталған, бірақ соңғы бөлігінде топырақты және қиыршық тасты жолдар кездеседі, сондықтан жол талғамайтын көлікпен немесе арнайы ұйымдастырылған турлармен бару ұсынылады.
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - Түркістан облысының Қазығұрт, Төле би және Түлкібас аудандарында орналасқан. Парк аумағы 149 000 гектарды қамтиды және Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік беткейлерін, атап айтқанда Өгем, Қаржантау, Боралдайтау және Талас Алатауы жоталарын қамтиды. Шымкент қаласынан шамамен 30 км оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан бұл парк Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан .Сайрам-Өгем паркі флора мен фаунаның байлығымен ерекшеленеді. Мұнда 1 635 өсімдік түрі тіркелген. Сондай-ақ, жабайы алма, алмұрт, жаңғақ, шие және басқа да жеміс-жидек ағаштарының жабайы түрлері кездеседі .
Жануарлар әлемі де алуан түрлі: қар барысы, Түркістан сілеусіні, аю, қасқыр, түлкі, тау ешкісі, қабан және марал сияқты сүтқоректілер мекендейді. Сондай-ақ, парк аумағында көптеген құс түрлері тіршілік етеді .
Сайрам-Өгем ұлттық паркі экотуризм мен белсенді демалыс үшін тамаша орын. Парк аумағында 10 туристік маршрут бар, олардың жалпы ұзындығы 604 км, оның ішінде 187 км жаяу жүргіншілерге, 231 км атпен жүруге және 186 км автокөлікпен жүруге арналған .Паркке Шымкент қаласынан жеке көлікпен немесе ұйымдастырылған турлар арқылы жетуге болады. Паркке кіру үшін алдын ала тіркелу қажет. Тіркеуді парктың ресми сайтында немесе Шымкенттегі парк кеңсесінде жүргізуге болады.
Қазақстанның Қызылорда облысында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағы - әлемдегі ең алғашқы және ең ірі ғарыш айлағы. 1955 жылы құрылған бұл кешен адамзаттың ғарышқа алғашқы қадамдарын жасаған тарихи орын болып табылады. 1961 жылы дәл осы жерден Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшып, адамзат тарихында жаңа дәуірді бастады .
Байқоңыр ғарыш айлағы туристерге ерекше әсер қалдыратын бірнеше нысандармен танымал:
Гагариннің ұшу алаңы (№1 алаң): Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан орны, қазіргі таңда да ғарыш кемелері осы жерден ұшырылады .
Ғарыш тарихы мұражайы: Ғарыштық технологиялар, тарихи жәдігерлер және «Буран» ғарыш кемесінің макетімен танысуға мүмкіндік береді .
Королев пен Гагариннің үйлері: Ғарыш саласының аңыз тұлғаларының өмірінен сыр шертетін тарихи орындар .
Ракета саябағы: Ғарыш кемелерінің үлгілері мен қозғалтқыштарын көруге болады .
Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей Федерациясына 2050 жылға дейін жалға берілген, сондықтан кіру үшін арнайы рұқсат қажет. Сапарға шықпас алдында рұқсат алу үшін 2 ай бұрын өтініш беру керек. Туристік агенттіктер арқылы ұйымдастырылған турлармен бару сіз үшін оңайырақ.
Рахман қайнары-Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданында орналасқан. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай, Алтай тауларының дәл ортасында теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте жатыр. Термальды бұлақтардың жалпы ұзындығы 80 метр, температурасы 34С0-тан-43С0-қа дейін өзгереді.Аңыз бойынша, 1763 жылы аңшы Рахман жаралы маралдың ыстық бұлаққа шомылып, сауығып кеткенін байқап, бұл шипалы көзді ашқан. 1925–1936 жылдары бұл жерде алғашқы курорт жұмыс істеген, ал 1960 жылдан бастап қайта қызметін жалғастырды. Рахман қайнары – тек шипажай ғана емес, сонымен қатар табиғатпен етене араласуға мүмкіндік беретін орын.
Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында орналасқан Хан Ордасы - қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің алтын қазынасы. Бұл ауыл - XIX ғасырда Жәңгір ханның бастамасымен іргесі қаланған, еліміздегі алғашқы мектеп, аурухана, баспахана, қыздар училищесі және банк сияқты маңызды мекемелердің негізі қаланған орын. Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы 1962 жылы ашылып, бүгінде ашық аспан астындағы музей ретінде танымал. Хан Ордасы 2025 жылы Қазақстанның үздік бес туристік ауылының қатарына еніп, БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында елімізді таныстыру мәртебесіне ие болған.
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында, Тараз қаласынан 40 шақырым шығыста орналасқан Ақыртас кешені -VIII-IX ғасырларға жататын, Орталық Азиядағы ең ерекше тарихи-археологиялық нысандардың бірі.Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. Қазіргі кезде қабырғаларының сақталған сілемдері 160,146 және 140 м шамасында. Қабырғаларының қалыңдығы 40х70х70 (80) см. Ірі тас блоктардан қаланған. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. 2014 жылы Ақыртас кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Содан бері кешенді туристік орталыққа айналдыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынған.
Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ
ЕҰУ 2-курс студенті