Мәдениет • 21 Мамыр, 2025

Мәдени мұра: сақтау мен жаңғырту үрдісі

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәдениет және өнер – ұлтымыздың санғасырлық бітім-болмысын айшықтайтын мәңгі өшпес ұғымдар. Соның ішінде өткенімізді тірілтіп, бағзы мұрамызды саф күйінде сақтауда ерен еңбек сіңіріп отырған музей саласының орны қандай оқшау болса, оған қанаттас кітапхана, архив, театрлар бір-бірін толықтырып, мәдениет атты айдынның ұлылығын әйгілейді.

Мәдени мұра: сақтау мен жаңғырту үрдісі

Кәсіби мереке қар­саңында Мәдениет және ақпа­рат министрлігімен  Халық­ара­лық ТҮРКСОЙ ұйы­мының қол­да­уы­мен елордада мәдениет қыз­меткерлерінің форумы өтіп жатыр. Жиында саланың өзекті мәселелері жан-жақты талқылану үстінде. Ұлттық музейде Қазақстан музейлерінің ІІІ конгресі аясында Музей ісі және тарихи-мәдени мұра секциясы «Қазақстан» Орталық концерт залында Театр өнері және концерттік қызмет секциясы, Ұлттық  академиялық кітапханада Кітапхана және архив ісі секциясы бір уақытта қатар өтіп жатыр. Осылардың арасынан біз III Қазақстан музей конгресінің ашылуына қатысып, келелі жиын­ның ортасында болдық. Музей ісі деген соң мақсат белгілі – тарихи-мәдени мұраны сақтау ғана емес, қолда барды заманауи тұрғыда қайта жаңғырту, шетелдік тәжірибелердің тиім­­­дісін пайдалансақ, ұтыл­май­мыз. Өз кезегінде білікті сарапшылар теориямен қатар практикалық мәселелерге де назар аударды. Қатысушылар экспонаттарды консервациялау мен реставрациялаудағы басты жетістіктермен танысып, археологиялық артефактілерді сақтау бойынша шеберлік сабағына қатысты.

– Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен біршама музей қызметкерлерін шетелге жіберіп, біліктілігін арттырдық. Музей саласында жүрген азаматтардың барлығын мазалайтын мәселе – реставрация екені анық. Бұл жолы шетелдік шеберлерді шақырып, олармен тәжірибе алмасу мақсатында жиналдық. Конгреске Ресей, Беларусь, Түркия, Өзбекстан, Молдова, Қырғызстан елдерінен арнайы қонақтар келді. Соны­мен қатар отандық және шетел­дік музейлердің өкілдері, зерт­теуші ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер қатысуда, – деді Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы.

Алқалы жиында шетелден келген музей мамандары тәжірбиесімен бөлісіп, құнды жәдігерлерді сақтау, реставрациялау ісінің құпияларымен бөлісті. Алғаш­қылардың бірі болып сөз алған Беларусь Ұлттық ғылыми академиясы Тарих институтының археологиялық артефактілерді ғылыми консервациялау бөлі­мінің меңгерушісі Анастасия Костюкевич металл мен керамикадан жасалған археологиялық жәдігерлерді реставрциялау тура­сында айтып өтті.

– Өткенсіз бүгін жоқ екені ақиқат. Біздің реставрация маманы ретіндегі негізгі міндетіміздің бірі – өткеннің қазынасын сақтап, бүгінге жеткізу. Тағы бір мәселе – күн райын бақылай отырып, музейдегі қажетті ауа қысымын сақтау, сол арқылы жәдігерлерді бастапқы қалпында бұзбай ұстай білу мәселесі. Реставрация дегеніміз – үлкен ғылым. Егер медициналық тілмен айтсақ, бұл өткен уақыттың хирургиясы десек болады, – деді ол.

Сонымен қатар Түркия Мәдениет министрлігінің рес­тавраторы Мелике Аргун мата бұйымдарын құжаттандыру әдіс­тері және тозу ерекшеліктері жөнінде баяндама жасап, бір­қатар тың мәліметтерімен бө­лісті. Ал Ыстанбұл реставрация және консервация орталығы мен Өңірлік зертханалық меке­месінің реставраторы Илкер Кызылчай өздері жүргізетін ағаш материалдарды қалпына келтіру жұмыстары жөнінде айт­ты.

– Реставрация мәселесі, әсі­ресе, музей заттарын сақтап қалу, қалпына келтіру бүгінде өте өзекті. Археологиялық қазба жұмыстарынан, этнографиялық экспедициялардан табылған көптеген құндылық біздің климатқа, ауа райына сәйкес келе бермейді. Сондықтан жердің астынан алынған дүниелерді қайтадан қалпына келтіру, тазалау, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу мәселесі осы реставрация және консервация мәселелерімен тікелей байланысты,– деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева.

Айта кетейік, мереке қар­саңында панельдік сессиялар бір мезетте бірнеше алаңда жалғасты. Мәселен, осы уақытта концерттік және мәдени-демалыс ұйымдарының өкілдері сахна шеберлігі, режиссурадағы инновацияларға, продюсерлікке және костюмографияға арнал­ған дөңгелек үстелдерге, шы­ғар­машылық зертханалар мен мастер-класстарға қатыс­ты. Сонымен бірге өңірлік кітап­ханалардың басшылары мен мамандары да бас қосып, даму­дың заманауи стратегияларын, цифрлық технологияларды қол­дану тәжірибесін талқылады.

Форум аясында «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің рес­пуб­ли­калық фестивалі ашыл­ды. Оған қатысу үшін 85 кітап­хана, 50 мәдени-демалыс ұйымы және 30 музей өтінім берген. Мамырдың 19, 20, 21-і – үш күн бойы музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және мәдени-демалыс мекеме­ле­рінің басшылары мен қызмет­керлері саланы дамытуға бағыт­талған өзекті мәселелерді талқы­лап, ұсыныстар әзірледі.