
Конференцияда елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан демократиялық реформалардың тұрақты әрі жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ бұл реформалар халықаралық серіктестердің, соның ішінде ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ және Еуропа Кеңесінің кең қолдауына ие болып отырғанын ерекше атап көрсетті.
«Негізгі жетістіктердің қатарында 2023 жылы БҰҰ ұсынымдарына сәйкес әзірленген Адам құқықтары мен заң үстемдігі жөніндегі іс-қимыл жоспарының бекітілуі, 2024 жылы әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі, сондай-ақ 2025 жылғы наурызда Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарының қабылдануы атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар Мәдина Жарбосынованың 2025–2028 жылдарға Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі БҰҰ комитетіне (CEDAW) сайлануы өңір үшін маңызды қадам болды», деді Н.Нәдірқұлова.
Сонымен қатар ол еліміздің Ыстанбұл конвенциясына қосылуына дайындықты, БҰҰ-ның мүгедек балалар мен адамдардың құқықтары жөніндегі хаттамаларын ратификациялауды, бұдан бөлек «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне белсенді қатысуды қоса алғанда, халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растады.
Жалпы, конференцияда әлемнің әр түкпірінен ұйымның 400-ден астам адам бас қосты. Жиында гендерлік теңдік, әйел мен қыздарға арналған тең мүмкіндіктер, зорлық-зомбылықтың салдарынан туындайтын мәселелер кеңінен талқыланды. Пікірталасқа Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Мариана Беца мен Финляндияның Әлеуметтік істер және денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік хатшысы Лаура Риссанен де қатысты. Одан бөлек, ЕҚЫҰ-ның құрылымдары мен институттарының, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері бой көрсетті.
ЕҚЫҰ-ның Финляндиядағы өкілі Веса Хяккинен конференциядағы сөзінде «Гендерлік теңдікті насихаттау – тек әділеттілік мәселесі емес, бұл тұрақтылық, қауіпсіздік және мықты қоғам құру алғышарты. Әйелдер мен қыз-келіншектердің қоғамдық, саяси және экономикалық өмірге толыққанды қатысуы – инклюзивті әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі. Сондықтан да гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған нақты шаралар барлық мемлекеттің ұзақмерзімді дамуы мен демократиялық институттарының нығаюына жол ашады», деді.
Іс-шараның негізгі сессиялары гендерлік теңдік саласындағы өзекті үрдістерге арналды. Атап айтқанда, «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбын қазіргі күрделі геосаяси жағдайларда қайта қарау, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық дәуірде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелерін қамтыды. Финляндияның Украинаға қолдау көрсету жөніндегі басым ұстанымына сәйкес, жиын шеңберінде украин әйелдерінің құқығын халықаралық деңгейде күшейтуге арналған арнайы сессия ұйымдастырылды.
Конференция аясында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбындағы міндеттемелерді тиімді іске асыруға бағытталған халықаралық деңгейдегі жол картасы таныстырылды. Аталған құжат ұйымның осы саладағы кешенді қызметіне жан-жақты талдау жасап, қатысушы мемлекеттер үшін нақты іс-қимылдар мен практикалық қадамдарға негізделген бағыт-бағдар ұсынады.