
– Марат Елеусізұлы, әңгімемізді облыстың туристік әлеуетінен бастасақ. Туризм – табыс көзі. Оны дамыту – экономикалық тұрғыда өрлеудің тиімді жолы. Сіз басшылық ететін аймақта бұл сала қалай өріс алып келеді?
– Алматы облысы – көз тартар көркем табиғаты, тарихи жәдігерлері мен мәдени мұралары тоғысқан айрықша өңір. Табиғаттың таңғажайып сұлулығы мен халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін қасиетті мекен. Облыс аумағында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Таңбалы тас петроглифтері, сондай-ақ, «Алтын адам» табылған Есік қорғаны сынды тарихи орындар шоғырланған. Шарын шатқалының әсем көрінісі, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің тұмса табиғаты, Іле-Алатау ұлттық паркі мен Жоңғар Алатауының биік шыңдары туристердің ерекше қызығушылығын тудырады.
Былтыр облысқа 1,7 миллион турист келіпті. Оның ішінде шетелдік туристер саны 60%-ға өсіп, 135 мың адамға жетті. Осынау жоғары көрсеткішпен облысымыз республикада үшінші орында тұр. Қазір өңірде 384 мың туриске қызмет көрсететін 274 нысан тұрақты жұмыс істейді. Туризм саласында жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өткен жылы ASP-Arena отбасылық-сауықтыру кешені ашылып, 480 жұмыс орны құрылды. Облысымыздағы маңызды жобалардың бірі – «Oi-Qaragai» курортының аумағын 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғайту. Бұл жоба аясында туристер саны 850 мыңға дейін артып, 104 млрд теңге инвестиция тартылады. Туризмді дамытудан облыс орталығы Қонаев қаласы да шет қалмайды. Қаламызда 25 млрд теңгеге екі бес жұлдызды қонақүй мен 48 млрд теңгеге халықаралық курорттық-жағажай кешені салынады.
Жалпы өңірде туристік инфрақұрылымды жақсарту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айттық. Бұл бағыттағы іргелі істерге инвестиция да молынан тартылды. Солардың бірі – «Фридом финанс холдинг» компаниясының бастамасымен Қонаев қаласындағы №5 жағажай аумағында жүргізілген абаттандыру жұмыстары. Бұл жобаға компания тарапынан 4 млрд теңге инвестиция құйылды. Ойға алғандар орындалса, облыс орталығының басты демалыс орындарының бірі болып саналатын Қапшағай су қоймасының жағалауы туристердің еліміздегі қалаулы орындарының біріне айналары анық.
Кеген ауданындағы табиғаттың тамаша тартуларының қатарында ойып тұрып орын алатын Көлсай көлдерінің тартымдылығын арттыру бағытындағы да шаралар жалғаса бермек. Былтыр осы мақсатта тағы бір маңызды жоба – Қайыңды көліне апаратын 500 метрлік жаяу жүргіншілерге арналған туристік маршрут абаттандырылып, табиғат аясында демалғысы келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасалды.
– Туризмге қатысты биылғы жоспар жөнінде не айтасыз?
– Биыл негізгі назар Алматы тау кластері мен ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамытуға аударылды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 253 миллион теңге бөлінді. Туризмді жүйелі әрі сапалы дамыту мақсатында тау кластері аумағында «Crystal Bay», «Кипрос» компанияларының серіктестігімен «Ақбұлақ» туристік кешенінің жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастамалардың барлығы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Алматы облысын еліміздің туризм орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадамдар қатарында.
Сонымен бірге облысқа туристер ағынын арттыру мақсатында жыл сайын өңірде халықаралық деңгейдегі ірі спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, биыл «Oceanman» жарысына 17 елден 2500 спортшы қатысса, «Tengri Ultra» ультрамарафонына 2000 адам, дәстүрлі Қымызмұрындық фестиваліне 4000-нан астам адам жиналды. Қонаев қаласында биылғы Наурыз мейрамы да ерекше сипатта өтті – қалада 25 киіз үй тігіліп, мереке ауқымы айтарлықтай кеңейді. Іс-шараға Қытай, Үндістан, АҚШ, Түркия, Мажарстан, Литва, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия секілді елдердің бас консулдық өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар қатысып, мерекелік көңіл күйге ортақтасты, қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық құндылықтарымен танысып, мәдени мұраларын тамашалап, ақ дастарқанынан дәм татты.
Алматы облысын алға жетелейтін жетекші саланың бірі саналатын туризмді дамытуға қатысты алдағы уақытта өңірде бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында Ұлы дала жорығы, «Абрикос» фестивалі, маусым-шілде айларында жоспарланған «Ұлы дала көші» этнофестивалі бар. Қазақ халқының мәдени мұрасын, көшпелі өркениет ерекшелігін халықаралық деңгейде дәріптеуді көздейтін фестивальға 12 мемлекеттен – Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Башқұртстан, Бурятия, Татарстан, Мажарстан, Саха, Тыва республикаларынан өкілдер қатысады. Осындай еларалық деңгейді қамтитын байыпты бастамалар өңірдің ғана емес еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып, туристік тартымдылығын одан әрі күшейтуге серпін берері сөзсіз.
Биылғы «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны – Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылатын айтулы іс-шара ретінде алғаш рет толық Алматы облысының аумағында өтеді. Бұған дейін бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған шақырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәйге-марафон биыл қатысушылардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сынағалы отыр. Мерейлі халықаралық шара біздің мәртебемізді арттырып қана қоймай, облыс жұртшылығына зор жауапкершілік артары да анық. Сондықтан барымызды салып, дайындалып жатырмыз.
– Бәйгеге дайындық барысына тоқталсаңыз. Бұл шараның туризмге қосар үлесі қандай?
– Халықаралық бәйге-марафонды «Joryq» ат спорты федерациясының басшысы әрі жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков Алматы облысы әкімдігіне бірлесіп ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген. Ел руханияты үшін маңызы зор жобаны бірден қолдап, қолға алдық. Болашағы жарқын жобаның мазмұны терең әрі туризм саласын ілгерілетуге қосар үлесі зор. Бұл бастама біздің алға қойып отырған мақсаттарымызбен де үндесіп жатыр. Өңірімізге келетін туристер мен жарысқа қатысушыларға көрсететін көрікті жерлеріміз баршылық. Тіпті жоспарланған шараларды бес күнге сыйғызу қиынға соғып отыр. Сондықтан барлығын егжей-тегжейлі ойластырып, барлық тарапқа тиімді болуын қарастырып жатырмыз. Әр шетелдік қатысушының қызығушылығы болашақта облысымызға шетелдік туристердің легін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Мемлекет басшысы: «Ұлы дала жорығы – бұл қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жастарды патриотизмге тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам», деп жобаның елдік мән-маңызын атап өткенін есте ұстай отырып, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта жаңғырту, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі озық тәжірибемізді өзгелерге де насихаттай алсақ, нұр үстіне нұр болары анық.
Ат спорты – қазақтың қанында бар, ұлттың төл болмысы. Жастарды атқа баулу, жылқы жануарын тануға үйрету – ұлт жадында ат үстіндегі өмір сүру мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.
Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафоны 9–14 мамыр аралығында өтеді. Қазіргі таңда бес күндік бәйгеге бірнеше шетелдік команда қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл – азамат пен қазанаттың қайрат-күші мен ерік-жігері сыналатын үлкен дода. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім мол.
Жарысқа 10-нан астам елден, атап айтқанда, Түркия, Ресей, Мажарстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан, өзге де мемлекеттерден жүзден астам спортшы келмек. Біздің шабандоздар жарысқа қатысып қана қоймай, халықаралық әріптестік орнатып, өңіріміздің көрікті жерлерімен қонақтарды таныстырады. Биылғы халықаралық бәйге-марафон табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының аумағында өтеді. Шабандоздар бес күн ішінде 500 шақырым жолды еңсеріп, шын мықтыны анықтайды.
Марафон аясында өтетін ауқымды шаралардың бірі – асылтұқымды жылқылар көрмесі. Бұл көрмеде келушілер елімізде өсірілетін ерекше жылқы тұқымдарымен танысып, жылқы шаруашылығының дамуына назар аудара алады. Сонымен қатар шетелдік меймандарға қазақ халқының мәдени мұрасын тереңірек таныту мақсатында этноауылдар, фотоаймақтар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады. Ел ішінен келген қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдарын жәрмеңкеге шығарып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін көпшілікке кеңінен насихаттайды. Бұл – дәстүрлі мәдениеттің бай мұрасын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тек спортшылардың ғана емес, халқымыздың тарихи болмысы мен мәдени құндылықтарын да бүкіл әлемге танытуды мақсат етеміз.
Марафон барысында қатысушылар күн сайын арнайы аялдамаларда аттарын суытып, тынығуға мүмкіндік алады. Сол сәттерде ұлттық ойындарымыз көрсетіліп, қазақи киім үлгілері таныстырылады. Осылайша, бәйге тек спорттық дода ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, достықты бекемдейтін бірегей алаңға айналмақ.
– Облыс құрылған үш жылдың ішінде спорт, оның ішінде ұлттық ойындарды дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Бүгінде облысымызда дене шынықтыруды насихаттау, олимпиадалық резервті дайындау, бұқаралық спортты өрістету, балалар спортын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында балалар спортында айтарлықтай серпіліс байқалады.
Облыс спортшылары жылдар бойы қалыптасқан даңқты жолды жалғастырып келеді. Кейінгі кездері елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүр. 2023 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында шабандоздарымыз «Бәйге» сайысынан екі бірдей алтын медаль иеленді. Ал VIII халықаралық «Азия балалары» ойындарында 2 күміс, 2 қола жүлдені қанжығалады. XXXIII жазғы Олимпия ойындарында грек-рим күресінен Демеу Жадыраев 77 кило салмақта күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ биылғы ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында өңір спортшылары ел намысын абыроймен қорғады. Биатлон эстафетасында Әсет Дүйсенов күміс медаль жеңіп алды. Жалпы, жыл басынан бері облыс спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 519 медаль иеленді: 208 алтын, 148 күміс, 163 қола.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында құрылған «Алатау лигасы» аясында өңірдің барлық ауылдық округтерінде 140-қа жуық спорт клубы ашылды. Бүгінде бұл клубтарда 13 500 адам тұрақты түрде спортпен айналысуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 15 000 адамға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыс тұрғындарын саламатты өмір салтына тарту мақсатында жыл сайын 5000-нан астам бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 2022 жылмен салыстырғанда спортпен тұрақты айналысатын халықтың үлесі 6%-ға артып, 41,4%-ға жетті (2022 жылы – 35,4%, 530 364 адам, 2024 жылы – 642 276 адам).
Ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында облыста арнайы Спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл мекеме 12 ұлттық спорт түрімен айналысып, 776 секцияда 42,8 мың адамды тұрақты жаттығуларға тартып отыр. Бұл – өңір халқының спортпен шұғылданатын бөлігінің 7,1 пайызын құрайды.
Көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді дәстүрлі спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсеткен 43 спортшыға 100 мыңнан 180 мың теңгеге дейінгі көлемде арнайы шәкіртақы тағайындалды.
Спорт инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылып келеді. 2022 жылмен салыстырғанда халықты спорт нысандарымен қамту көрсеткіші 10,5%-ға артып, 50,14%-ды құрады (2022 жылы – 39,6%). Облыстағы спорт нысандарының жалпы саны – 1891. Соның ішінде 1586 нысан ауылдық елді мекендерде орналасқан. Кейінгі жылдары 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Тек 2023 жылы Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек, Ащысай ауылдарында жаңа кешендер пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталды. 2025 жылы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару» жобасы аясында Кеген ауданының Жалағаш ауылында 50 орынды спорт кешенінің құрылысына арнайы қордан 1,1 млрд теңге бөлінді. Жамбыл ауданының Тарғап ауылындағы 70 орынды спорт кешенін салуға жергілікті бюджеттен 100 млн теңге қарастырылған. Бұл бастамалар ауыл жастарына қолжетімді спорттық инфрақұрылым ұсынып, олардың саламатты өмір салтын ұстануына жол ашады.
– Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы» жобасына қатысушыларға сәттілік тілей отырып, сұхбатымызды түйіндесек.
– Сөз басында атап өткенімдей, бұл жорық – ат пен адамның физикалық қуатын ғана сынайтын дода емес, ол – рухани саяхат. Тарихпен, мәдениетпен, табиғатпен үндесіп, бабалар ізімен жүріп өтетін «Ұлы дала жорығы» – ата-баба мұрасын құрметтеу, ұлттық рухты көтеру жолындағы үлкен қадам. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін! Өз тарапымыздан барлық спортшыларға лайықты жағдай жасауға бар күшімізді саламыз.
Әңгімелескен –
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»