
Кеңес жұмысына Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина және Аслан Түкиев, сондай-ақ Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшылары іс-шараға БКБ арқылы қосылды.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н.Рахметуллина өз сөзінде заңнамаға енгізілген өзгерістерге (ҚК-нің 6-бабы) байланысты 87% материал (1 279) қанағаттандырылып, сотталғандардың жазалары жеңілдетілгенін, бұл түзеу мекемелеріндегі орындарды босатуға елеулі ықпал еткенін атап өтті. Үш ай ішінде қылмыстық істер саны 8,5%-ға артқан (8 795-тен 8 962-ге дейін).
Биылғы жылдың I тоқсанында апелляцияда 453 үкім түзетілді (5,1%), ал 2024 жылдың осы кезеңінде - 340 үкім (4,3%) өзгертілген және күшін жойған. Кассацияда 48 адамға қатысты (барлығы 81 сот актісі) апелляциялық актілер өзгертіліп, күшін жойған, 11 іс 22 адамға қатысты қайта қарауға жіберілген. Тергеу соттары қамауға алуға санкция беруді сирек қолдана бастады — 65,8%, бұл өткен жылғы 87%-бен салыстырғанда аз.
Баяндамашы соттардың процестік қатысушылардың шағымдарын объективті қарауға, дәлелдемелердің заңға сәйкестігіне принципті баға беруге назар аударуы қажет екенін атап өтті. Адамның кінәлілігі туралы шешім барлық заң талаптарын сақтай отырып жиналған жеткілікті дәлелдер жиынтығына негізделуі тиіс.
Бостандықтан айыруға баламалы бұлтартпау шаралары мен жазаларды кеңінен қолдану ұсынылады - электрондық білезіктермен үйқамақ, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар. Сондай-ақ, шартты-мерзімінен бұрын босату (ШМБ) және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру (ЖЖА) кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажет.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н.Шәріпов талап қоюлар санының 40%-ға өскенін (281 мыңнан 393 мыңға дейін) атап өтті. Көбінесе бұл банкрот деп тану, шығынды өндіру және шарттық міндеттемелерге қатысты даулар. Бұл өсім сондай-ақ сот тапсырмалары, сот орындаушыларының ұсыныстары мен борышкерлерді мәжбүрлі түрде алып келуге санкциялар есебінен де байқалады.
Қаралған істер саны 19%-ға артқан (118,6 мыңнан 141,2 мыңға дейін), оның ішінде шешім шығарылған істер — 15%-ға (68,2 мыңнан 78,5 мыңға дейін). Апелляцияда 8,4 мың іс қайта қаралып, (одан бұрынғы 8,2 мың іс), 1 111 сот шешімі түзетілді (1,4%), бұл өткен жылғы 1 081-ге (1,6%) қарағанда аз.
Апелляция 3 өрескел заң бұзушылықты анықтаса (2024 ж. — 5), кассация мұндай фактілерді анықтамаған. Жоғарғы Соттың өзгерткен және жойған актілер саны үштен біріне азайды (140-тан 91-ге дейін).
Сонымен қатар Сот төрелігінің сапасы жақсарғаны атап өтілді. Татуласу рәсімдері бойынша 62 мыңнан астам медиацияға жататын істердің 30,5 мыңы баламалы тәсілдермен шешілген (2024 ж. — 28 мың).
Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Түкиев 2025 жылдың I тоқсанында талап қоюлар саны 5%-ға (7 833-ке дейін) артқанын мәлімдеді.
Сот орындаушыларымен дауларды есептемегенде сот шешімдерінің 59%-ы талап қоюшылардың пайдасына шешілді. Татуласу және талап қоюдан бас тарту 39% жағдайда тіркелді (2 521 іс), бұл да 5%-ға өсім көрсетеді. Апелляция сот актілерінің 11%-ын, кассация -13,6%-ын түзеткен. Биылғы 1 наурыздан бастап аумақтан тыс соттылық 59 іс бойынша қолданылған.
Заң бұзушылықтарға төзбеушілік туралы сөйлеген баяндамашы бірінші сатыдағы соттар 393 жеке ұйғарым шығарғанын, 265 ақшалай өндіріп алу қолданылғанын айтты. Ол істерді негізсіз қайтаруға жол бермеу және әкімшілік рәсімдерді қолдану мен сот актілерін шығару практикасын тұрақтандыру үшін сапалы аналитикалық материалдар әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Сот әкімшілігінің басшысы Н.Ахметзакиров сот ғимараттарын салу мен жөндеуге қатысты бірқатар жоспарланған жобаларды атап өтті.
Оның айтуынша, роботтандыру судьяларды күнделікті жұмыстан босатып, сот актілерін беруді жеделдеткен, судьялардың уақытын күрделі істерді қарауға қайта бөлген және негізсіз талап қоюлар санының азаюына ықпал еткен.
«Мәселен, 2024 жылғы тамыздан бастап робот даусыз дәлелдемелер және құқық бұзушылардың келісімі болған жағдайда 85 мыңнан астам іс бойынша шешім жобаларын дайындаған. Борышкерлерге елден шығуға тыйым салу туралы қаулылар саны 76%-ға артты (108 мыңнан 190 мыңға дейін).
Роботтандыруды әкімшілік қамау және көлік құралын мас күйде басқару істеріне, сондай-ақ басқа санаттағы істер бойынша болжам технологияларын енгізуге кеңейту жоспарлануда. Ол сондай-ақ ЦДИжАӨМ-мен бірлесіп, барлық мемлекеттік органдардың деректерін жаңа деректерді өңдеу орталығына ауқымды көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл соттың IT-жүйелеріндегі үзілістерді болдырмауға бағытталған», дейді Н.Ахметзакиров .
А.Мерғалиев кеңесті қорытындылай келе, жалпы соттардың істерді қарау сапасын атап өтті. Сонымен қатар, судьялар корпусының басты назары істердің мән-жайын мұқият зерделеуге және заң нормаларын нақты түсіндіруге, баламалы бұлтартпау шараларын қолдану, ШМБ және ЖЖА туралы өтінішхаттарды қарау жөніндегі Жоғарғы Соттың ұсынымдарын орындауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен судьялық әдеп нормаларын бұзуға жол бермеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Жоғарғы Сот Төрағасы облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшыларына мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды қарау кезінде мемлекеттің мүддесін «жалған қорғауға» жол бермеу туралы Президент тапсырмасын, сондай-ақ сот төрелігінің тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмаларды орындауды жалғастыру қажеттігін еске салды.