
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жергілікті кітапханалар жаңартудан өтіп, оқырмандарын қуантып жатыр. Соның бірі – Қонаев қаласындағы орталық кітапхана.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен алты ай аралығында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана елімізде алғаш аталып өтетін мереке қарсаңында есігін айқара ашып, оқырмандарына зор қуаныш сыйлады.
Заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталған кітапхана бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақтар, шығармашылық кеңістіктер мен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған.
Осылайша, заманауи үлгідегі кітапхананың материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылғанын таныстырған кітапхана директоры Айгүл Ақтанова, кітап қорының сақтау ережелерін ескеріп, ауа алмастырғыш құрылғылар орнатылып, «Планскан» арнаулы кітап сканері қойылғанын, балаларға арналған білім мен демалыс аймағы құрылғанын атап айтты.
Руханият ордасының ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков бұл жобаның өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызын айрықша атады.
«Бұл жай ғана жаңартылған ғимарат емес, білімге, оқуға, дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың үлкен мүмкіндігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісінің маңызын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз», – деді ол.
Алматы облысында осы күні 144 кітапхана жұмыс істейді. Биылғы жылы өңірдің Ұйғыр ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы және Қарасай ауданының Жандосов ауылындағы кітапханаларға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен қаламгерлерге арнайы стипендия тағайындалып, ақын-жазушылардың жарыққа шыққан еңбектері өңір кітапханаларына таратылып келеді.
Кітаптың құндылығын тілге тиек еткен салтанатты іс-шарада жазушы Сәуле Досжан, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева, ақын Мақпал Мыса жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Өңірдің барлық аудандарының кітапханашылары көшпелі көрме ұйымдастырып, тау тұлғалы қаламгерлерінің туындыларын таныстырды.
«Осы кітапхананың тұрақты оқырманымыз. Үйде өзіміздің жеке кітап бұрышымыз бар. Балаларым кітапхананың атынан көптеген байқауларға қатысып, түрлі деңгейдегі жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінгі ашылып жатқан кітапханаға жер мен көктей өзгеріс жасалып, бірқатар жаңа кітаптар қосылыпты. Осындай жайлы орында кітап оқуға құмарлық арта түсері сөзсіз», – дейді көпбалалы ана Ақтолқын Майсалимова.
Кітапхананың ашылу салтанаты түс ауа «Руханияттың жанашыры – кітап» атты мерекелік кешке ұласты. Облыстық орталық әмбебап кітапхана ұжымы ұйытқы болған бұл шараға ақын, жазушылар мен мәдениет саласының майталмандары, қоғам белсенділері қатысты. Айтыскер ақын Айбек Бестенқұл жырдан шашу шашты. Ел алдында сөз алған Жазушылар одағының мүшелері, ақын Жарас Сәрсек, ақын, драматург Бақыт Беделхан, Алматы облыстық Жазушылар одағы филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, жазушы Қанат Әбілқайыр, жазушы, драматург, Қазақстан Президентінің арнаулы әдеби сыйлығының лауреаты Әлішер Айтуар кітап оқу – адам ойын дамытып, өресін өсіретінін, тіл байлығын ұштап, өмірде өз орнын табуға ықпал етерін алға тартты.
Кітаптың қоғамдағы рөлі мен рухани құндылығын насихаттап, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған іс-шара барысында ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылып, қолтаңба алып, кітаптар талқыланып, викториналық ойындар ойналып, концерттік бағдарламалар ұсынылып, көпшіліктің көңілін шалқытты.
Алматы облысы