Қоғам • 22 Сәуір, 2025

Белгілі жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабар туралы ақын Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Белгілі жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 

Еңбек жолын 1956 жылдан бастаған. Жамбыл облысының Шу ауданында мұғалім (1956-1958), «Ара» журналында фельетонист (1958-1959), «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы (1962-1970), «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редактор, 1970-1971 жылдары «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша тілшісі, 1971-1980 жылдары Қазақстан Кинематографиялық одағы басқармасының 1-хатшысы болды. 1986-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің кеңесшісі, 1993-1995 жылдары «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы. 1995 жылдан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті қызметтерін атқарды.

2009 жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры, Қазақстан жазушылар Одағының (2007) филиал жетекшісі.

Әкім Таразидың алғашқы  шығармалар жинағы «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған» романы, «Қорқау жұлдыз» романы, «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» романдары.

Қазақ киносының алтын қорына қосылған кинотуындылары: «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай».

Қазақ театрларының сахнасындағы  драматургиялық шығармалары: «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» т.б. Жазушының бірқатар дүниелері орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылды.

1994 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік  наградасымен марапатталды.  1999 жылы  Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2011 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты (Прага) атағына ие болды,  2015 жылы «Отан» ордені мемлекеттік наградасын иеленді.