05 Мамыр, 2015

Қазақстан Президентінің кеңесшісі тағайындалды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
-05-2015-Kul-Mukhamed 01АСТАНА. 5 мамыр. Мемлекет Басшысының Өкімімен Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Мұхтар Құл-Мұхаммед 1960 жылы 12 желтоқсанда Қытайдың Шәуешек қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолында «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясында ғылыми, аға ғылыми редактор, философия, құқық және социология редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы (1982-1992 жж.), «Атамұра» корпорациясының президенті (1992-1999 жж.), Парламент Сенатының депутаты (1999-2001 жж.), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі (2001-2003 жж.), Қазақстан Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы (2003-2007 жж.), Қызылорда облысының әкімі (2007-2008 жж.), Мәдениет және ақпарат министрі (2008-2010 жж., 2013-2014 жж.), Мәдениет министрі (2010-2012 жж.), Мемлекеттік хатшы (2012-2013 жж.), Президент кеңесшісі (2014-2015 жж.) қызметтерін абыроймен атқарды. Соңғы атқарған қызметі – 2015 жылы 26 сәуірде өткен кезектен тыс Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алды штабының басшысы. Мұхтар Абрарұлы қазақ ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Тарих ғылымдарының кандидаты (1995 ж.), заң ғылымдарының докторы (1999 ж.), профессор (2000 ж.). Нью-Йорк Ғылым академиясының толық мүшесі (1997 ж.), Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (2001 ж.). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996 ж.). «Құрмет» (2004 ж.) және «Парасат» (2010 ж.) ордендерімен марапатталған. Әскери шені – запастағы полковник. Еламан Қоңыр. Дерек: akorda.kz. Сурет: egemen.kz.