
Ілгеріде Қызылорда тазалығы жөнінен өңірлер арасында көш соңында келе жатқан облыстың бірі еді. Сәл жел көтерілсе, жиналған қоқыс көкке ұшып, аспаннан қағаз жауғандай күй кешкеніміз әлі де есте. Көшедегі арықтар бойына қалдық тастайтындар тазалықпен айналысатын мекемелердің тынымсыз еңбегін еш қылуды әбес санамайтын. Аудандардағы ахуалдың облыс орталығындағы жағдайдан асып кеткені шамалы еді. Қазір сырттан келгендер ең алдымен Сырдағы тазалықтың көп аймақтан көш ілгері екендігін байқайды, айтады. Бұл осы бағытта жылдар бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Ең алдымен, тазалық тек бір мекеменің жұмысы деп ұғынатындармен күрес жүргізілді. Нәтижесінде, көлденең жатқан қоқыс көзге түспейтін болды. Аймақта «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз елді мекендерге арнайы техникалар табысталды. Соның арқасында ауыл тұрғындары тазалықпен қатар, айналаны абаттандыруға да айрықша мән бере бастады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы да қоршаған ортаның қадірін сезіндіре түскен жоба болды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, қайта өңдеу, кәдеге жарату бағытында 3 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың тұжырымдамасы өткен жылдың маусым айында Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында нақтыланған. Форум аясында Қызылорда облысының әкімдігі мен «With You E&C» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Мемлекет басшысының ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында алдағы екі жылда құны 81 млн доллар болатын 9 жоба жүзеге асырылмақ. Олар толық іске қосылғанда өңірдің барлық ауданы мен Қызылорда қаласында өңдеу зауыттары бой көтереді.
Келісім арқасында «With You E&C Kyzylorda» серіктестігінің қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы аясында оңтүстіккореялық технология бойынша тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, қайта өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. «Seven Rivers Technologies» ЖШС неміс технологиясы бойынша жылдық қуаты 86 мың тонна болатын шыны ыдыс шығаратын өндіріс орнын іске қосады. Құны 48 млрд теңге болатын жобаға Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 38 гектар жер телімі беріліпті. Жер учаскесінің топографиялық картасы жасалып, құрылысты электрмен жабдықтау желілеріне қосуға уақытша техникалық шарттар алынды. Кварц құмының карьерін пайдалану құқықтарын алған инвестор мен геологиялық зерттеулер жүргізуге мамандандырылған геологиялық компания арасында шартқа қол қойылды.
Қосалқы ғимараттар құрылысы мамыр айында басталып, негізгі нысан келесі жылы салына бастайды. Жылына 220 млн бөтелке шығаратын өндірістің бір ерекшелігі – өнім өндіруде 60%-ға дейін шыны қалдықтарын қолданатыны болып тұр. Демек шикізатты да алыстан іздемейміз, ел аумағынан жинақталған шыны қалдықтары кәдеге жарайды.
Үшінші жоба аясында пластикалық шелек пен жеңіл контейнерлер өндірісі іске қосылмақ. Сонымен қатар облыс орталығында «Rem Plast Invest» серіктестігі қайталама шикізаттан қағаз, картон қабаттарын шығаратын цех құрылысын бастады. Қала әкімдігі жобаны жүзеге асыруға шағын индустриялық аймақтан 2,5 гектар жер телімін бөлген кәсіпорынның қуаттылығы жылына 5,4 мың тонна болады деген жоспар бар. Инвесторлар жобаның екінші кезеңінде қағаздан гигиеналық өнімдер өндірісін қолға алмақ.
Осыдан біраз бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған қала сыртындағы полигонның ауқымы қазір ұлғайып келеді. Үш жыл бұрын полигонға 56 мың, 2023 жылы 73 мың, былтыр 100 мың тоннаға жуық қалдық шығарылған. Қала әкімдігі қалдық тасталатын алаңды қалыпқа келтіруге қауқары жететін жобаны бастағандармен кездескенде, алдымен инженерлік инфрақұрылымды тарту мәселесін талқылады. Инвестордың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Белкөлдегі қоқыс сұрыптау кешені маңынан 4 гектар жер мемлекеттік грант ретінде бөлінді.
Жобаны сүйемелдейтін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік директоры Мұрат Балабаев бұл аймақтағы ең ірі нысан болатынын айтады. Жобаны «With You E&C», «Shinha Pascal», «Plex Engineering» компанияларынан құралған корейлік консорциум қаржыландыратын болды. Бірінші кезеңнің құны 9,5 млрд теңге зауыт жылына 300 мың тонна қалдықты қайта өңдей алады. Өндіріс орны іске қосылғанда 122 тұрақты, құрылыс кезінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылады.
«Инвесторлар жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеп, біздегі стандарттар мен нормаларға бейімдеу, сыртқы нарықты зерттеп, техникалық сараптама жүргізу бағытында келісімшарт жасады. Құрылысы биыл басталатын зауыт келер жылдың шілде айында іске қосылады», дейді «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік директоры Мұрат Балабаев.
Жобаның екінші кезеңі аясында қоқыс өртеу зауытын салу жоспарланған. Қалдықты өртеп қана қоймай, одан 6-20 МВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін жобаның құны шамамен 20,5 млрд теңге. Осылайша, Қызылорда қоқыс мәселесін кешенді әрі тиімді шешуге кірісіп кетті. Аймаққа тартылған инвестиция мен инновациялық технологиялар экологиялық мәдениетті дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.
Бүгінде аймақта тұрмыстық қатты қалдықты өңдеп, жинап, сұрыптайтын 15 компания жұмыс істеп тұр. Былтыр жиналған 303 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 30,1%-ы өңделіпті.
Қызылорда