Аймақтар • 12 Сәуір, 2025

OzgeЕpic енді Оралда да бар

90 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Жастар мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, оның жанынан ÓzgeEpic креатив хабы ашылды. 2019 жылы Алматы қаласында бастау алған жоба Түркістан және Астана қалаларында жалғасын тауып, табысты тәжірибеден кейін биыл Орал қаласында ашылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Оралдағы ÓzgeEpic-тің техникалық жарақтандырылуы өте жоғары.

OzgeЕpic енді Оралда да бар

Суретті түсірген – Мейірбек Тәжқұранов

Креатив хаб – заманауи өнер мен мәдени тенденцияларды, цифрлық өнер мен жаңа технологияларды тоғыстыратын алаң. Ал ÓzgeEpic хабы осы бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жастардың шығар­ма­шылық бастамаларын дамытуға үлес қосып келе жатқан танымал орта.

– Бүгін – өңіріміз үшін айтулы күн. Облыстың мәдени және шығармашылық дамуына тың серпін беретін, жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашатын заманауи ÓzgeEpic Oral креативті хабының ашылуына куә болып отырмыз, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Қазір креативті индустрияны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып отыр. Экономиканың бұл стратегиялық маңызды секторы 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізілген. Президент биыл «Креативті индустрияларды дамыту туралы» заңға қол қойды. Оның мақсаты – креативті индус­трия өкілдерінің дамуына жағдай жасау. Креативті индустрияны дамытудың басты бағыттардың бірі – креаторларға арналған инфрақұрылым құру.

– Міне, Президент тапсырмасына сәйкес Орал қаласында ашылып отырған креативті хаб – қазақ өнерін жаңа деңгейге көтеруге, бәсекеге қабі­лет­ті креатив индустрияны қалып­тастыруға бағытталған маңыз­ды бастама, – деді өңір басшысы.

Қазақстандағы тұңғыш креатив хаб ретінде танылған ÓzgeEpic енді Орал қаласында да заманауи театр, музыка, әдебиет, анимация, медиа, жасанды интеллект сияқты бағыттағы жаңа жобаларды жүзеге асырмақ. Сондай-ақ дарынды жастар үшін тәлімгерлік пен креативті білім беру бағдарламалары қолға алынады.

Жоба Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен және Қара­шығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясының әлеуметтік инвестициялары аясында жүзеге асырылып отыр.

ÓzgeEpic идеясының авторы Мақпал Жұмабайдың өзі таныстырған креатив хабтың 837 шаршы метрлік аумағын түгел аралап шықтық. Бұл жобаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры 211 млн теңгеден аса қайырымдылық қаржы құйған. Жоба шеңберінде 200-ге жуық креатив маман даярланады дейді ұйымдастырушылар. Олай болса, өңірдің шығармашылық әлеуетін еселеп арттыратын қадам болары сөзсіз.

– Бүгін дарынды жастар мен шығармашылық сала мамандары үшін маңызды күн болды. Себебі халыққа қажетті, сұраныстағы түрлі контент дайындайтын әрі креативті мамандардың кәсіби орта­сын қалыптастыратын орта пайда болды. Оралдағы орталық – «Самұрық-Қазына» қорының еліміз бойынша ашқан үшінші креативті хабы. Осыған дейін Ақтөбе мен Петропавл қалаларында пайдалануға берілді. Жалпы, Батыс Қазақстанда кейінгі төрт жылда 1,5 млрд теңге болатын 16 әлеуметтік жоба жасадық. Солардың бірі – жыл сайын 700 ерекше бала көмек алатын «Қамқорлық» оңалту орталықтары. Қазіргі таңда тасқын салдарынан зардап шеккен Жаңаөмір ауылында көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл да – қор компаниялары тобының өңірлердің инфрақұрылымын дамы­туға, халықты әлеуметтік қолдауға жасап жатқан қадамының бірі, – дейді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғибрат Ауғанов.

Жастарға арналған жаңашыл жобаның басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов те ÓzgeEpic Oral креа­тив хабының ашылуы өңірдегі мәдени және интеллектуалдық әлеуетті арттыруға зор үлесін қосарына сенімді. Оның айтуынша, жаңа кеңістікте мәдениет пен технология саласындағы әртүрлі қызмет бағыттары бір алаңда тоғысады.

Креатив хабтың экожүйесінде концерт алаңы, театр, кинозал, кітапхана және асхана орналасқан. Сонымен қатар галерея, дәрісхана, коворкинг кеңістігі, өндірістік және медиа цехтар – фото, подкаст және дыбыс жазу студиялары, түсірілім алаңдары жұмыс істейді. Айта кетерлігі, креатив хабта өңірлік анимациялық студия жұмысын бастап, мультипликация мамандары даярланады. Бұл аймақтағы анимация бағытындағы алғашқы кәсіби студия болмақ.

– Әр өңірде креатив саланың дамуына ықпал ететін кеңістіктерді құрғанда ол жергілікті жердің, сол аймақтың мәдени-әлеуметтік ерекшелігіне негізделуге тиіс. Осыны ескере отырып, тиісті зерттеулерден кейін хабымызды аштық. Орал қаласындағы ашылған креатив кеңістік өңірлердің зияткерлік әлеуетін өз деңгейінде көрсететін, аймақтардың мүмкіндігін орта­лық­пен теңестіретін, креатив индустрияны дамытудағы өңірлердің рөлін айқындайтын бірегей алаң болады деген ойымыз бар, – дейді ÓzgeEpic негізін қалаушылар Мақпал Жұмабай және Тоғжан Құрманжанқызы.

Жаңа орталықтың техни­ка­лық мүмкіндігі өте жоғары. Мысалы, мұндағы бейнетүсіру құрал­дарының сапасы халықаралық Oskar сыйлығына ұсынылатын фильмдерді түсіруге қабілетті. Бұл жерде осындай аппараттың төрт топтамасы бар екенін айтты Мақпал Жұмабай. Яғни бұл жерде жоғары сапалы фильмдер түсіруге, концерттер жазуға болады. Сондай-ақ мұндағы анимациялық студия да ең заманауи компьютерлермен жабдықталған. Жоба демеушілерінің бірі «Samruk-Kazyna Trust» қоры алдағы уақытта креативті индустрия саласында 200 жаңа маман даярлауға жәрдем бермек, соның ішінде 10 маман-аниматорды оқыту арқылы облыс­та алғашқы анимациялық студия құру жоспарланған.

«Іс тетігін маман шешеді». Бұл қай заманда да өзгермейтін қағида болып тұр. Кадрды жүйелі даярлау, креативті индустрияда білім беру бағдарламаларын дамыту – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Орал қаласында ашыл­ған жаңа орталық аймақтың шы­ғар­машылық әлеуетін, экономикасын бәсекеге қабілетті ете түседі дейді идея авторлары. Солай болғай!

 

Батыс Қазақстан облысы