
Сурет: kazgazeta.kz
Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен өткен іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттердің Қазақстандағы өкілдері мен саяси сарапшылар қатысты. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқықтары мен тұрақты дамуды ілгерілету бағытында 1945 жылы құрылған ұйым 80 жыл ішінде жаһандық ынтымақтастықтың әлеуетін арттыруға ауқымды үлес қосып келеді. Еліміздің 1992 жылы БҰҰ-ның құрамына кіруі халықаралық қатынастар тарихының маңызды кезеңі әрі тәуелсіз жас мемлекеттің күрделі жаһандық мәселелер мен сын-қатерлерді шешу мақсатында халықаралық қоғамдастықпен бейбітшілікке, қауіпсіздікке және жемісті ынтымақтастыққа ұмтылысының көрінісі екенін айтқан Алматы қаласындағы СІМ өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов осы жылдар ішіндегі айтулы табыстарға тоқталып өтті.
«Біз осы мерейтой аясында Қазақстанның БҰҰ мүшесі болып қабылданғанына 33 жыл толуын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде халықаралық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қоса отырып, Қазақстан БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын берік ұстанады және жауапты серіктес болып келеді. Ортақ тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетудегі көшбасшылығын дәйекті түрде көрсетіп жатыр», деді Ж.Әбдірашов.
Әділдік, соғыссыз бейбіт әлем идеясын ұстану, адам құқығын қорғау, денсаулық сақтау мен табиғатты аялау, ғаламдық қиындықтарды бірлесе еңсеру ұйымның басым бағыты екенін айтқан Қытай халық республикасының Бас консулы Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстың өркен жаюына БҰҰ-ның ықпалы зор деп мәлімдеді.
«БҰҰ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылды. Адамзат қанқұйлы қасіреттен сабақ алуға тиіс еді. Алғашқы құжаты 1944 жылдың тамыз айында қабылданған ортақ халықаралық ұйым жаһандық мәселелерді бірлесе шешу үшін ауадай қажет еді. Осы жылдар ішінде Қазақстан ұйымның барлық іс-шарасына белсенді қатысып келеді. Қытай мен Қазақстан ұйымның белсенді мүшесі ретінде әр кез бейбітшілікті қолдайды. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, әлемге жақсы үлгі көрсетті. Терроризммен күрес бағытындағы бастамаларыңызды да қолдаймын. Кейінгі 20 жылдықта адамзат баласы түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. БҰҰ жан-жақты қарым-қатынастардың алаңы ретінде беделін арттыра беруге тиіс», дейді консул.
Конференцияда Қазақстанның саяси аренадағы беделі, сырт мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы кеңінен талқыланды. БҰҰ-ға мүше болудың маңызы жөнінде Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі әрі ел тарихындағы алғашқы әйел-елші Ақмарал Арыстанбекова баяндама жасады.
«Әлем дамуының қазіргі заманғы беталыстары, қалыптасып отырған халықаралық-саяси ахуал жаһандану жағдайында жаһандық проблемаларды дүниежүзілік қоғамдастықтың ортақ мүдделері негізінде шешуге жаңаша тұрғыдан қарауды қажет етеді. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда көпжақты дипломатияның рөлі, мемлекеттердің көпжақты саяси және қаржы-экономика институттарының қызметіне, интеграциялық үдерістер мен өңірлік ынтымақтастыққа белсене қатысуының қажеттігі арта түседі. Қазақстан 33 жыл ішінде БҰҰ мінберінен өз ойын еркін айтып келеді», деді А.Арыстанбекова.
Басқосуда бұдан өзге ғаламдық жылыну үдерісінің өзекті мәселелері, цифрлық сауатты дамыту, инновациялар мен кәсіпкерлікті қолдау, сандық трансформацияда күш-жігер біріктіру секілді өзекті тақырыптар талқыланды.
АЛМАТЫ