Жұмысшы мамандықтар жылы • 01 Наурыз, 2025

Маңызы жойылмайтын мамандықтар

70 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қолынан іс келетін адамға еңбек нарығында әрдайым орын бар. Технология да­мы­ғанымен, адам қолының шеберлігі мен кәсібилігіне сұраныс ешқашан тө­мен­де­ген емес. Әсіресе аспаздық пен тігін өндірісі – күнделікті өмірде аса қа­жет­ сала­лар. Бұл екі кәсіп қай заманда да маңызын жоғалтпайды, керісінше, уа­қыт өткен сайын жаңа деңгейге көтеріле бермек. Бұған Астанадағы Қоғам­дық­ тамақ­тандыру және сервис колледжіне барғанымызда анық көз жеткіздік.

Маңызы жойылмайтын мамандықтар

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Колледж ішіне кіре бергенде-ақ жаңа піскен нанның иісі мұрын жарып, көңілге жылылық ұялатты. Қайда жүргеніңді бірден есіңе салады. Үзіліс уақытына тап келген сияқ­ты­мыз, студенттер дәлізде топтасып, бір жерге қарай үймелеп тұр. Біз де сол жаққа бет алдық. Жақындап келсек, ша­ғын буфет екен. Сөрелерде нанның түрі-түрі самсап тұр. Ал ар жағында ал­жапқыш киген бір қыз өнімдерді сатып, ширақ қимылдап жатыр. Бірақ ол жай сатушы емес, осы колледждің «наубайшы-кондитер» мамандығында оқитын 2-курс студенті екен. Аты-жөні – Сымбат Ерсін.

– Бұларды өздерің дайындайсыңдар ма? – деп сұрадық.

– Иә, – деп жылы жымиды Сымбат. – Біз тек нанды пісіріп қоймаймыз, сатуды да үйренеміз.

– Мамандығыңды қалай таңдадың?

– Әпкем осында оқыған. Ол өз кәсібін ашып, жақсы табыс тауып жүр. Соны көріп, мен де осы жолды таңдадым.

а

Біз «бәрекелді» десіп, колледждің бас­шылығына қарай бет алдық. Дәліз бойымен жүре бергенімізде қабырғалардағы картиналарға көзіміз түсті. Бұл суреттер жай ғана әдемілік үшін емес сияқты. Барлық сурет тағамға қатысты. Қамырдың нәзік құрылымы, торттың мінсіз кремі, кофенің бұрқыраған буы – бәрі-бәрі шеберліктің, талғамның, ең бастысы кәсіпке деген махаббаттың белгісіндей. Біртүрлі тәбетіңді оятып, шабыттандырады. Осылай картинадағы кереметке таңырқап келе жатқанымызда, алдымыздан колледж директоры Зәуре Қылышбаева да көрінді. Амандық-саулық­тан соң, оқу ордасының мән-жайы­мен таныстырды.

«Оқуға қабылдау кезінде ережеге сәйкес үміткерлердің аттестатындағы жал­пы орташа бағалары ескеріледі. Бұрын бізге орташа балы 3 болған талап­керлер түссе, соңғы жылдары орташа балы 4 және 5 болатын талапкерлер саны көбейді. «Жұмысшы мамандықтарға мек­тепте нашар оқыған оқушылар ғана барады» деген түсінік қазір өзгерген», деді З.Қылышбаева. Содан соң біз бұл колледждің ерекшеліктерін сұрадық.

– Колледжде академиялық мобильді­лік саясаты тұрақты жүзеге асып келе­ді. Мәселен, биыл сәуір айында 50 сту­дентті Түркияның Анталия қаласында орналасқан Мехмед Зеки Балджы атын­дағы тамақтандыру және қонақүй биз­несі колледжіне апаруды жоспарлап отырмыз. Олар бір семестр сонда білім алады, тәжірибе жинайды. Қаражат жа­ғынан қиналмайды. Түркиядағы оқу бағдарламасы студенттеріміздің кәсі­би біліктілігін арттыруға мүмкіндік бе­ріп, халықаралық деңгейде біліктілігін шыңдауға септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл – болашақта жақсы жұмысқа орна­ла­судың кепілі. Одан бөлек, біздің колледж кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың нақты өндірістік талаптарына сай мамандар даярлайды. Оқу үдерісіне дуальды оқыту форматы енгізілген. Студенттер өндіріс орындарында жиі тәжірибеден өтіп тұрады. Біздің білім алушыларға 61 пән оқытушысы мен 16 өндірістік оқыту шебері және кәсіпорындардан келетін сала мамандары сабақ береді. Олар теориядан бөлек, тәжірибеге ерекше назар аударады, – деді колледж директоры.

Айта кетейік, тарихы сонау 1983 жылдан басталатын колледж бас­тапқыда жеңіл өнеркәсіпке кадр­лар даярлау мақсатын­да құрылып, кәсіп­­тік-техникалық мектеп ретінде ашыл­ған. Мектеп қайта құрулардан кейін 2012 жылы колледж мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда бұл колледж елі­міздегі техникалық және кәсіп­тік білім беру саласындағы жетекші оқу орын­дарының қатарына жатады. Бүгінде аталған оқу ордасы 6 маман­дық пен 19 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды. «Тамақтандыруды ұйымдас­­ты­ру», «Нан пісіру, макарон және конди­тер өндірісі», «Ет және ет өнімдерін өндіру», «Тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киім­дерді үлгілеу», «Тағам өндірісінің технологиясы» сияқты сан түрлі сала мамандары білім алып жатыр мұнда. Осы уақытқа дейін колледж 10 мыңнан астам қызмет көрсету мамандарын даярлаған. Қазір 1 600-ге жуық студент оқиды.

Сонымен қатар оқу ордасының студент­тері аймақтық және республикалық «WorldSkills» чемпионаттарында бірнеше рет жеңіске жеткен. Солардың қатарында колледж түлегі, өндірістік оқыту ше­бері Еркебұлан Махмұтов та бар. Ол Швей­царияның Люцерн қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған. Біз Еркебұланмен еркін әңгімесу үшін наубайхана цехына бар­дық. Ол студенттерімен қызу жұмыс істеп жатыр екен. Мұнда кірген бетте көзге түсетін нәрсе – жылтыраған техникалар. Мәселен, анау жердегі «Миксер» – барлық ингредиентті лезде араластырып береді екен. Ал «Қамыр илегіш машина» ең мықты наубайшының өзі бір сағат илейтін қамырды бірнеше минутта-ақ дайындайды. Тіпті «Қамыр жайғыш машина» деген де бар. Бұл құрылғы «Қолмен жайғандай болмайды» дейтін әжелерге дәлел ретінде, біркелкі, жұмсақ, идеалды жұқа қамыр жасап береді.

– Қолмен ештеңе істемейсіздер ме? – деп сұрадым жанымдағы студенттен.

– Машиналар бәрін өздері жасайды ғой. Біз тек басқарамыз. Бірақ осы құ­рылғылар тоқтап қалған жағдайда өзіміз қол­мен-ақ істей аламыз. Сенбесеңіз, көрі­ңіз, – деп студент қамырды илеуге кірісіп кетті. Бәріміз дән риза болдық. Әрине, шүбә келтірмейміз, бірақ шеберліктеріне көзіміз анық жетті.

Осы кезде студенттерге нан өнімде­рін пісіруді үйретіп жүрген оқытушы Еркебұ­лан Махмұтовпен сөйлесудің сәті түсті.

– Сіз де осы колледждің түлегі екенсіз?

– Иә, мен мұнда білім алып, «World­Skills» әлем чемпионатының нау­байхана құзыреттілігі бойынша халық­аралық сарапшысы атандым. Қазіргі таңда студенттерге нан өнімдерін пісіруді үйретемін.

– Бәрекелді! Шыныңызды айтыңызшы, қазір бұл мамандыққа сұраныс қалай?

о

– Сізге өтірік, маған шын. Біздің тү­лектер оқуды бітіре сала наубайханаларда қызмет істеп, 500 000 теңгеге дейін жалақы алып жатыр. Жаңа технология­ларды мең­герген, кәсіби жарыстарға қа­тысқан түлек­тер тіпті одан да жоғары жа­ла­қыға жұмысқа тұра алады. Неге дейсіз ғой? Өйткені тамақ өндірісі – ешқашан маңы­зын жоғалтпайтын сала. Әсіресе наубайшы ма­мандығы сұранысқа ие. Қазіргі таңда жаңа технологиялар мен еуропа­лық тренд­­терді меңгерген мамандар өте қажет. Сон­дықтан бұл саланы таңдайтын жас­­тарға болашақта көптеген мүмкіндік есігі ашылатыны сөзсіз.

– Өте жақсы екен. Қазір өзі бұл ма­ман­дық иелері қайда жұмысқа орналасып жатыр?

– Біздің түлектер түрлі мекемеде жұмыс істеп жүр. Көпшілігі нау­байханаларда, кондитерлік цехтарда, мейрамханаларда басшылық қызмет атқа­рады. Өндіріс орындары, наубайханалар бізден тұрақты түрде тәжірибеден өтетін немесе жұмысқа орналасатын студенттерді сұрайды. Үшінші курста оқи­тын студенттер тіпті тәжірибе кезін­де жұмысқа кірісіп кетеді. Көпшіліктің ойын­да наубайшылық әйелдердің кәсібі деген түсінік бар. Алайда іс жүзінде бұл мамандықты көбіне ер адамдар меңгереді. Өйткені қамыр илеп, оны көтеріп, жұмыс барысын жүргізу белгілі бір физикалық күшті қажет етеді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, нағыз кәсіби наубайшылардың басым бөлігі ер адамдар, – деп Еркебұлан Махмұтов ағынан жарылды.

Содан соң біз студенттердің ойын білгіміз келді. Олар не дейді екен?

– Аты-жөнім – Рахымбек Дамир. Екін­ші курс студентімін, мамандығым – нау­байшы, – деді студент.

– Бұл кәсіптің қандай артық­шы­лық­тары мен қиыншылықтары бар?

– Мен үшін бұл кәсіптің тек артық­шылықтары бар. Ұнаған салада жұмыс істе­генде, оның кемшіліктерін бай­қа­май­сың. Әрине, кейде ұзақ уақыт тұрып, түнгі уақытта жұмыс істеу секіл­­ді қиын­дықтар болады. Бірақ бұл маман­­дықтың қызығы сол – жасаған өніміңнің соңғы нәтижесін көргенде, барлық еңбе­гің ақталады.

– Сен үшін наубайшының жұмысы несімен ерекше?

– Маған ең ұнайтыны – үдерістің өзі. Қамыр илегеннен бастап, пісіру, дайын өнімді көру – бәрі керемет сезім сыйлайды. Ең бастысы, пісіп шыққан нан­ның хош иісі ерекше әсер қалдырады. Бұл мамандық шығармашылық ізденісті талап етеді. Бүгінде күнделікті тамақ мәзірімен ешкімді таңғалдыра алмай­сыз. Асты дәмді әрі көз тартар­лықтай етіп әзірлеу үшін жаныңды салуың керек. Шынайы пейілмен, сүйіс­пеншілік­пен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығады. Әрине, қазір интернеттен қарап, кез келген тамақты істеуге болады. Бірақ оның бәрі фото мен видеодағыдай болып шыға бермейді. Аспаздықтың өз құпиялары бар. Оны оқымай меңгеру қиын, – деп Дамир ойын бүкпесіз ашық айтты. Шынайы жауап бергені жүзінен көрініп-ақ тұрды.

Осылайша, біз наубайханадан шы­­ғып, тігін цехына қарай бет алдық. Дә­ліз­де келе жатқанда-ақ тігін маши­на­­лары­­­­­ның біркелкі ырғағы алыстан естіліп жатты. Цехқа кірмес бұрын, көз алдымызға әдеттегі дәріс тыңдап, дәптер­ге конспект жазып отырған студенттер елестеген. Бірақ мұнда мүлде басқаша көрініс. Студенттердің қолдарында қалам емес, ине мен жіп. Алдарында қағаз емес, түрлі-түсті маталар. Олар кәдім­гі мамандар секілді, бірі мата өлшеп, үлгі сызса, енді бірі түйреуіштермен бекі­­тіп, матаны пішіп әлек. Кейбірі дайын­ болған бұйымдардың тігісін тек­серіп, үтіктеп жатыр. Өндірістік оқыту шебері студенттердің арасымен жүріп, әрқай­сы­сының жұмысына мұқият назар аудара­ды. Біріне тігісін түзеуді ескертсе, енді біріне матаны дұрыс орналастыру ке­рек­тігін көрсетеді. Иә, бұл жерде сабақ құр­ғақ теория емес, нақты іс-тәжірибе арқы­лы өтеді екен.

пр

Содан біз қашанғы бақылап тұра­мыз, жұмыс ырғағын бұзбауға тырысып, оқытушыға қарай жақындадық. Аты-жөні – Айнұр Мұқашева. «Өндірістік оқыту шеберімін. Тігін өндірісі және киім үлгілеу мамандығы бойынша сабақ беремін» деп таныстырды өзін.

– Бұл мамандық аясында тігінші, арнайы тігінші, модельер-пішуші, техник-технолог сынды бірнеше біліктілік бар. Оқу мерзімі – екі жыл, он ай. Сондай-ақ колледжімізде ерекше білім беру қажет­ті­ліктері бар балаларға арнайы топтар қа­рас­тырылған. Барлық ­студент грант негізінде оқиды, олар­ға­ ­43 ­000­ теңге көле­мінде шәкіртақы төленеді. Егер студенттің ынтасы болса, жұмыс табу түк те қиын емес. Қазіргі таңда тігінші мамандары сұранысқа ие. Фабрикалар, ательелер мамандарды үнемі іздейді. Әсіресе модельер-пішушілер жоғары сұранысқа ие, себебі олар пішуден бас­тап, тігуді толық мең­герген мамандар. Дәл қазір студенттер «WorldSkills» жарысына дайындалып жатыр. Бұл жа­рыста қатысушылар өздері сызған үлгіні үш күн ішінде толық дайындап шығуы керек. Бірінші күні – үлгіні сызып, өлшеу және кесу жұмыстары, екінші күні – тігін жұмыстары, үшінші күні – киімді толықтай дайындау қабілеттері сынға түседі. Жалпы, тігінші ешқашан жұмыссыз қалмайды. Білесіздер, карантин кезінде де жұмысын тоқтатпаған мамандық – осы. Декреттік демалыста да үйде отырып жұмыс істеуге мүмкіндік бар, – деді Айнұр Мұқашева.

Иә, сонымен, наубайшы да, тігінші де – өмірлік маңызы бар кәсіп иелері. Олардың қолынан шыққан өнімдер әр шаңыраққа керек. Бұл колледж­ден түлеп ұшқан жастар өндірісте, халық­ара­лық деңгейде өз орындарын тауып, кәсіп­терін дөңгелетіп жүр. Егер дұ­рыс насихат жұмысы жүргізілсе, бұл сала­ға деген көзқарас та өзгереді, ал жас­тар жоғары жалақы алатын, тұрақты жұ­мыс­қа орналасу мүмкіндігі бар осындай ма­ман­дықтарды таңдай бастайтыны сөзсіз.