
Дүниені дүр сілкіндірген пандемия өмірдің әрбір сәтін қадірлеп, тіршіліктің шынайы мәнін ұғынуға шақырды. Суретшінің шеберлігіне таңғалмауға хақыңыз жоқ... Осы бір аласапыран кезеңде кенепке түскен кемел қолтаңба өмір мен өлім арасындағы шекара қаншалықты жіңішке болса, сол жіптей үміттің соншалықты мықты екенін ұғындырады.
Ажалмен тайталасқан кейіпкерлер қараңғылыққа жұтылып кетпеу үшін жарық сәулеге жанұшыра ұмтылады. Жарық пен кеңістіктің үйлесімін шебер ұштастырған Муллашев, қайғының қара түнегіне сіңген дәрменсіздердің жан айқайын түс палитрасы арқылы жеткізеді. Адамдардың ажал алдындағы жалғыздығы мен шарасыздық сезімі көрерменге эмоцианалды әсер қалдырады. Ашық бояудың салқын реңі өлімнің суық желін үдетсе, көзге көрінер-көрінбес тәтті бояулардан үміттің әлсіз нұры сығалайды. Кейіпкерлер жүзіндегі эмоциялардан жаныңыз түршігіп, өзіңізді бір сәт сол арпалыстың бел ортасында жүргендей сезінесіз. Композициядағы тереңдік пен драматизм орман ойға жетелейді. Үміт пен үрей шиеленісін шебер бейнелеген суреткер әрбір бояу сызығын жан айқайымен өреді.
«Суретші жай ғана қиял адамы емес. Сурет салу – шығармашылық жұмыс. Картиналар өміршең болып, аудиториясын табуы үшін өмір шындығынан шалғай болмауы керек. Көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін нәрсенің образын санама сызып аламын. Пандемия кезінде адамдарда түрлі эмоция, көзқарас пайда болды. Айналамыз қолдан келгенше қауіпті вирустан қорғануға, құтылуға тырысты. Дәрігерлер адам өмірі үшін арпалысты, басқалар да адамзаттың қауіпсіздігі мен болашағы үшін түрлі шара қолданды. Пандемия өткінші болғанымен, оның қалдырған сабағы мәңгілік. Адамзат енді бұрынғыдай бола алмайды. Адамдар сағынышты қайта ашты. Терезеден кірген күн сәулесі, көктемгі гүлдердің иісі, балалардың күміс күлкісі – міне, нағыз өмірдің мәні осы екенін ұғынды. Уақыт шектеулі екенін, жақындарымен бірге өткізген әрбір сәттің баға жетпес құндылық екенін сезінді. Мұндайда нағыз шығармашылық адамдары жаңа туынды жасап, халықтың рухын көтеруге тырысатыны анық. Бұл туындымның өзегі – осы», дейді Камиль Муллашев.
Өлім құшағын бейнелеген сұсты жағындылар мен өмірдің жалындаған бояулары бірімен-бірі шендесіп, адамзат баласы аялдар тұсқа дейін жалғаса беретін ең үлкен күрес өмір үшін арпалыс екенін еріксіз мойындатады. Осы күйді әлдилеп отырып, Мұқағалидың мына бір жолдары ойымызға оралды:
«Жарық дүние-ай!
Жарығың неткен жақсы еді?
Жаңылыспаспын, жарым деп айтсам нақ сені.
Құшаққа сыйсаң, құшырым қанып өбер ем,
Құшақтап тұрып өлер ем.
Жарық дүние-ай,
жаным-ай неткен ғажапсың!
Ғажапсың шіркін!
Амал не, тезсің азақсың».
Суретші өмірдің құны суреттеуге сөз жетпейтін, уақыт шегіне бағынбайтын, жүрекпен сезіп, жан дүниеңмен ғана түйсінетін жарық нұр деп айтқысы келетіндей. Шарықтап сөйлесең де, елге дес бермесең де, осынау ұлы заңдылыққа шүбәсіз бағынатыныңды байыптап жеткізеді.
«Аталған шығарма тек қылқалам туындысы емес, жанның айнасы іспетті. Кенепке үңілген сайын тіршіліктің мәнін, адам болмысының тереңдігін сезініп, өз өміріңе жаңаша көзқараспен қарайсың. Мұнда фигуралардың орналасуы мен қимыл-қозғалысы үлкен мәнге ие. Иілген денелер, еңкейген бастар, созылған қолдар – осының бәрі өлімнің ауырлығын, осынау мұңның салмағын көрсетеді. Өмірге деген құштарлықтың шексіздігі мен өлімнің ызғарын суреткер шебер үйлестірген» дейді өнертанушы Нұрлан Асқарұлы.
«Өмір үшін күрес» картинасы – адамзат баласы жаңа мүмкіндіктерді игергенімен, ең ізгі құндылықтардан ажырап бара жатқанын айтқысы келетіндей. Үмітті пендеге жігер беріп, өмірдің исін сезуге, өмірді сүюге үндейді! Мұқағалиша айтсақ: «Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс, Өмір дейтін – өлемін деп қарамау».
АЛМАТЫ