
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
2011 жылы Ұлттық банкке аффинирленген алтынды міндетті сату нормасын енгізу алтын-валюта резервін толықтыруға және отандық алтын өндіру саласын дамытуға мүмкіндік берді. 2024 жылдың соңына қарай алтын-валюта резерві 45,8 млрд долларға жетті. Тазартылған алтын құймасы өндірісінің көлемі өсіп, алтын өндіретін компанияларымыз халықаралық деңгейде танылды. «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының құйма сапасының халықаралық стандарты бойынша аккредиттеуден өтті.
Қазір алтын бағасына қатысты болжам нарыққа бағынбай барады. Әдетте доллар өссе, алтын бағасы арзандайтын. Бұл жолғы жағдай өзгеше – алтынның бәсі тым жоғары болып тұр. Ұлттық банк биыл құны 6 млрд доллар болатын 70 тонна алтын сатып алуды жоспарлайды. Сосын ол алтынды сатудан түскен долларды алтын-валюта резервіне қоспай, валюта нарығында сататыны айтылып жатыр. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің түсіндіруінше, алтын-валюта қорындағы алтын үлесі үлкен көлемде сатуға және доллар алуға қатысты мәселені қиындатып жіберген. Себебі алтын үлесі қалыпты деңгейден асып кеткен.
Ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізу ғана емес, қазіргі деңгейде сақтай алудың өзі өзекті болып қалды. Себебі Ұлттық қор тек алтын мен доллар емес, ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын сақтайтын қорға айналып барады. Ал олардың бағалы қағазының құны тұрақты емес. Демек теңгені қолдайтын тетіктердің арасында алтыннан өзге сенімді көз болмай тұр. Экономист, қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, алтынның буымен теңге мен экономикаға қолдау көрсету соншалықты стратегиялық шешім емес.
«Ұлттық банк осыған дейін трансферт, БЖЗҚ операциялары және алтын-валютаны қосымша сату арқылы нарыққа ықпал етті. Қазір ықпал ету мүмкіндіктері шектеліп келеді. Шикізаттық емес сектордағы ресурстар әлсіз. Ұлттық банк пен Үкімет осыған дейінгі экономика, қаржы саясатындағы кемшіліктерін мойындап, оның орнын толтыруға қадам жасауға тиіс. Бірақ бұл бағыт тек алтын сатумен шектеліп қалмауы керек», дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, бұған дейін алтынды арзан кезінде сатып алып, қымбаттағанда сатуға мүмкіндік болды. Ал қазір алтын жыл сайын қымбаттап жатыр. Қазіргі бағыт – тек алтынды долларға сатып, оны айналымға жіберу арқылы инфляцияны тежеу, долларға деген сұранысты толтыру.
«Халықаралық биржада алтыннан өзге бағасы аспандап тұрған уранды да, мақтаны да, бидайды да сатуға мүмкіндік бар. Бірақ Үкімет пен Ұлттық банктің ықыласы алтынға ауған. Инфляция мен теңгенің көшін алтын бағасы түзей алмайды. Біздегі ішкі экономикалық ресурс әлсіз болғандықтан елге инвестиция келген кезде де, сырттан қарыз алғанда да алтын-валюта қорындағы алтынның үлесіне назар аударылады. Экономикалық ресурстар әлсіз болғандықтан, нәтиже біз күткендегідей болмауы мүмкін», дейді І. Исаев.
Сарапшы Мұрат Темірханов Ұлттық банктің алтын саудасына қатысты шешімін құптайды.
«Бұған дейін Ұлттық банк теңге эмиссиясын жүзеге асырды (жаңа ақшаны басып шығарды) және оны алтын өндірушілерге төледі. Бұл жағдай инфляцияны тездетіп, теңгеге қысым жасады. Ал қазір Ұлттық банк алтынды сыртқы нарықта валютаға сатып, қор биржасы арқылы ішкі нарыққа айналымға жібереді. Бұл теңгенің әлсіреуіне жол бермей, инфляцияға да оң әсер етеді. Бұл шешім бірінші кезекте инфляцияны тежеу арқылы теңгеге қосымша күш беру үшін қабылданды», дейді сарапшы.
Андрей Чеботарев те осы пікірді қолдайды. Ұлттық банктің жаңа жылдан бастап өз риторикасын өзгертуді бастағаны дұрыс дейді ол.
«Желтоқсан айында тек интервенция күшімен қорғауға бағытталса, енді одан әлдеқайда қатаң позицияға ие болды. Бірінші тоқсанда шамамен 1,4 млрд доллар сатылады. Бір жыл ішінде – барлығы 6 млрд доллар. Бұл –теңгені қолдау үшін ғана емес, теңге эмиссиясын төмендету үшін қабылданған мәжбүрлі шешім. Бұрын экономиканың қажеттіліктері үшін нарықтағы теңге айналымының көлеміне назар аударып, инфляцияға ие бола алмай қалдық. Енді басқа тәсілдердің бағын сынап жатырмыз», дейді сарапшы.