
Фестиваль аясында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінді. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, өздерінің қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, аталған фестиваль барысында колледждер мен кәсіпорындар 250-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бұл – расымен үлкен көрсеткіш.
«Жұмыс берушілердің бұл үдеріске белсенді қатысуы қуантады. Біздің басты басымдығымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау. Бұл үшін біз инвесторлармен өзара ынтымақтастықты арттырамыз. Осы бағытта 270-тен астам мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр», деді Ғани Бейсембаев.
Министр сөз соңында фестивальды ұйымдастыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан барлық министрлікке, әкімдікке, ұлттық компанияларға, кәсіпорындарға, колледждерге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс білдірді.
Фестивальдың бес күнінде 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберлік сыныптары, мамандық таңдауға қатысты 200-ге жуық қызықты ойындар ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды. «Бейбіт атом» шеберлік сабағы аясында балалар атом энергиясы қолданылатын салалар туралы білді, ал «Бортсерік мансабы» атты шеберлік сабақта «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері мамандықтың артықшылықтарын, бортсеріктер мен ұшқыштарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Металлургтер көшесінде студенттер мен оқушылар геолог, геофизик, кенші, оператор рөлінде өзін сынап көрді. «ERG», «Kazakhmys», «Qarmet» сынды ірі жұмыс берушілер көрмелерін тренажер, макет, симулятор, VR-технологиялармен жабдықтап, қатысушыларға мамандықтардың қыр-сырына терең үңілуге мүмкіндік берді.
Осы күні еліміздің 772 колледжінде 556 мың студент білім алып жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе өсті. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алатын студенттер саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Олардың қатарында машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салалары бар.