
Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық сайыста елімізге белгілі 20 ақын сынға түсті. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, ақын, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабек, белгілі күйші Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков дәстүрлі өнер жолын жалғаған жастардың шеберлігін бағалады.
Айтыстың ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірде өнер мен мәдениет өкілдеріне қолдау жасалып жатқанын айтып өтті.
«Мемлекет басшысы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», деген болатын. Өнер мен мәдениетке, оның өкілдеріне қандай қолдау, қошемет жасасақ та жарасады. Осы ретте аймақтағы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне «Тұран», журналист-қаламгерлерге «Жебе» арнайы сыйлығын табыстадық. Өткен жылы салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден мәдениет, өнер өкілдеріне алғаш рет 40 қызметтік пәтер берілді. Сыр бойындағы айтыс өнерінің ізбасарларының да жеңісті, жемісті сәттері көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың ізін жалғаған талантты ақын Мейірбек Сұлтанхан кезекті «Алтын домбыраны» жерлестеріне тарту етті. Бұл өткен жылдың айтулы мәдени жаңалығына, Сыр руханиятының қуанышына айналды. Жаңа жыл басталысымен жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыра» иеленді. «Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Халықты сөз құдіретімен демеп, ізгілікке үндеген өнердегі шын жүйріктердің келесі кезеңге өтіп, ақтық сынға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін», деді өңір басшысы.
Алматы облысы командасының мүшесі Асылым Кәдірбек пен қызылордалық Нөсер Айдосұлының таныстыруынан кейін басталған сүре айтыста алматылық Айбын Жәмәли мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан сөз бәсекесін қыздырды. «Ағайын, бәріңізге басымды идім, біз үшін көлдей көңіл бөлгенсіңдер, демалыстың көкесі осы ғой деп, демалысқа қарамай келгенсіңдер. Айтыс үшін бәрінен ерте тұрған, нағыз еңбек адамы сендерсіңдер», деп сөз бастаған Мейірбек пен қарсыласы Айбынға қазылар тең баға берді.
Алматылық Серік Сүйіндік Жетісу жерінде Жәмеке, Ұзақ батырлар бастаған Ұлт азаттық көтерілісін сипаттайтын жырдан үзінді орындаса, Сыр жыршысы Марат Сүгірбай «Шыңғыс-нама» дастанынан Керулен оқиғасын қобыз үнімен үндестіре баян етіп басым түсті. Түре айтыстағы Шынарбек Тұрсын мен Әділбек Сырым өнеріне ел дуылдата қол соқты.
Күй тартыста Төлеби Нұрғали мен Алдияр Шағдатов күрделі туындылардан бастап, шырқау шегінде «Көрұғлыны» шалқытып, сайысты «Сарыарқамен» аяқтады. Дәстүрлі ән жанрында Бейсенбек Төлеубай мен Ұлжан Ағлақова ән шырқап, термешілер Ербақ Құрметжанұлы мен Күнсұлу Түрікпен текті өнердің төресін танытты.
Қайым айтыста Мұхтар Ниязов пен Расул Сауытбектей қос жүйрік көрермен қошеметіне бөленді. Алты сағатқа созылған аламан айтыста Сыр өнерпаздары жеңімпаз атанып, республикалық командалық айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алды.
Өңірдегі өнер бәйгесінің көрігін қыздырған екі команданың мүшелеріне де қаржылай сыйлық табысталды.
Қызылорда