Көрме • 30 Қаңтар, 2025

Британиядағы білім көрмесі

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Ұлыбританияның Лондон қаласында «British Education Training and Technology Show» көрмесі өтті. Осынау білім алаңына еліміз алғаш рет ұлттық павильон ретінде қатысып, бірегей жобаларын таныстырды.

Британиядағы білім көрмесі

Халықаралық көрме аясында Ұлыбританияның оқу ордаларымен іс­кер­лік кездесулер өтті. Атап айт­сақ, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев беделді британдық University of Glasgow-дың ғаламдық ынтымақтастық жөнін­дегі деканы Мойра Боланд­пен меморандумға қол қойды. Осы­лайша, «Mechanical Engineering and Management» мамандығы бойынша «1+1» форматына негіз­делген қос дипломды магис­тра­тура бағ­дар­­ламасы жүзеге аспақ. Бұдан бөлек, аталған оқу орда­ларының оқыту­шылары мен зерттеушілері ынты­мақтастық аясында екі университетте дәріс оқи алады. Айта кетейік, «University of Glasgow» 2025 жылғы QS әлемдік рейтингінде 78-орынға ие және британдық жетекші зерттеу уни­вер­­ситеттерін біріктіретін «Russell Group» құрамына кіреді.

Аталған көрмеде сондай-ақ­ University of Exeter-мен ме­мо­рандумға қол қойылды. Ын­ты­мақтастық нәтижесінде, бір­не­ше қос дипломды магистратура­ бағ­дарламасы құрылды. Бұл «Mining & Minerals», «Climate», «Data Science», «Environmental Management» және «Geology» бағыт­тарын қамтиды. Аталған бағ­дар­­ламаларға Satbayev University студенттері атсалысып, бірлес­кен ғылыми жобаларға, оның ішінде Exeter университетінің «CREWW» және «Engineering Exeter» зертханаларында жүргізілетін зерттеулерге қатыса алады.

Осылайша, University of Glas­gow және University of Exeter-­мен жасалған екі серік­тес­тік­­ Satbayev University сту­дент­те­рі­ мен оқытушылары үшін жаңа мүм­кіндіктер есігін ашып, еліміз­дегі ғылым мен техно­ло­гия­лардың дамуына ықпал етеді.

Аталған көрмеде Nazarbayev University «Soyle App», қазақ тілінің үлкен тілдік моделі «ISSAI KAZ-LLM» және «Artisan Education» стартаптарын таныс­тыр­ды. Түсін­діріп өтсек, «Soyle App» ауызша сөз бен жазбаша мә­тін­ді төрт тілге (қазақша, орысша, ағыл­шынша, түрікше) аудару мүм­кіндіктерін ұсынады. Аударма са­пасы «Google Translate», «Yandex Translate» нәтижелерінен асып түседі.

«Bett Show» 2025 көрмесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті «Faraby» супер­компьютер, «Farabi Robotics» орта­лық­тарын таныс­тыр­са, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еура­зия ұлттық университеті қазақ тілінде эмоционалды түрде дәріс оқитын жасанды зердені көрсетті. Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­­стан техникалық университеті Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық аясында құрылған «Лу Бань шеберханасы» атты ерекше білім беру жобасына баса назар аударды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылардың кәсіби және инженерлік дағдыларын дамы­туға, оқыту үдерісіне иннова­ция­лық технологияларды енгі­зуге, дәстүрлі инженерлік пәндерді заманауи цифрлық және авто­мат­тандырылған технологиялармен үйлестіруге бағытталған. Білім көр­месінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универси­теті студенттері мен ғалымдары «VR виртуалды кен орны» технологиясын таныстырды. VR технология­ның көмегімен сту­денттер виртуалды ­ортада түр­лі кен орындарын зерттеп, тео­рия­лық білімдерін бекіте алады. Жоба­ның артықшылығы – қауіпсіз экс­пе­рименттік орта, виртуалды экскурсиялар, интерактив­ті және иммерсивті оқу үдерісі. Utebayev University аталған көрмеде түрлі елдерден келген білім және технология саласының мамандарымен танысып, ынтымақтастық орнату мақсатында диалог жүргізді.

Айта кетейік, аталған көрмеге «Google», «Microsoft», «Lenovo» сынды 600-ден астам халықаралық ком­паниялар мен 300 спикер қа­тысты. Сондай-ақ 130-ға жуық мем­лекет білім саласындағы өз әзір­ле­ме­­лерін ұсынды.