Ең қысқа әңгіме • 21 Қаңтар, 2025

Қой мен қасқыр

231 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сол жылы әлдебір себеппен Бетпаққа көшпейтін болдық. Жаз жайлауымыз – Қаратаудың бір пұшпағы Қарақұр қойнауының орта тұсындағы Көкбұлақ аумағы болып белгіленген. Кеңшар басшылығы әкемнің өтінішін ескере келіп солай шешіпті... Мамырдың соңғы аптасынан бастап шопандар жаппай Бетпаққа көш түзеді. Мыңғырған малдың аузы мен тұяғынан төл қоралар маңы жылан жалағандай болған соң жұрттың бәрі қоныс аударуға құмбыл. Біз де Көкбұлаққа көшеміз деп етек-жеңімізді жинай бастағанымызда әкем Байдалы: Бала-шаға тауының етегіндегі Жарма тұмаға екі-үш апта аялдаймыз, қозылардың аяқтанғанын күтеміз», деді.

Қой мен қасқыр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әкем жер шолып келген-ді. Ол кісінің айтуынша, Жарматұма маңайының оты да жаман емес көрінеді. Отарға екі-үш аптаға шыдап береді. Шынында Жарматұма маңы қыртысты келетін. Қысы жазы төсі малдан босамаса да жайылғанды, тісін салғанды аш құрсақ қайтармайтын жер еді.

Сонымен, Жарматұмаға көшіп келдік. Киіз үйді тұма бұлағының шығыс жағына ұқшатып тұрып тіктік. Үйден алыстатпай сым қора құрдық. Ит-құс көп, сондықтан қораны үйден алыс орналастыруға болмайды. Қасекең деген қаскөй бар.

Жаңа қоныс жанымызды жадыратып жібергендей. Бәріміз көңілдіміз. Әсіресе, біздер, балалар жағы мәзбіз. Мектептен қол босаған. Алдымызда мұрты да кертілмеген тұтас үш ай демалыс бар.

Кешкі ас үстінде көкем әрқайсымызға атқаруға тиіс міндеттерімізді бөліп берді. Маған бұйырылған міндет – жаман малды үйден ұзатпай жаю. Қойшылардың барлығы үлкен отарға қоспай бөлек алып қарайтын ақсақ-тоқсақ, құрттаған малдар тобын жаман мал деп атайды. Оның ішінде үлкен отарға ілесе алмайтын жас төлдер де енесімен бірге болады.

Жарматұманың желке тұсында, үш жүз метрдей жерде иесі көшіп кеткен төл қора бар. Кешке сол қораның әулісіне емес, жабығына әлгі жаман малды қамайтын болдық. Әулісі қауіпті. Ит-құс оңай кіріп шығады. Ал жабығы қауіпсіз. Есігін, сосын дуалдың қиды сыртқа лақтыратын тесіктерін жақсылап бекітсең, бітті шаруа. Қасакең қойдың шуашын искейді де қояды, басқа амалы болмайды.

Көшіп келген күні әкем бас болып әлгі жабық қораға саңылауы жоқ ағаш есік қойып, сыртқа қи лақтыратын тесіктерді әбден кепкен, тастай, кірпіштен кем емес көңмен жақсылап бекіткенбіз. Соңғы, яғни шеткі тесікті бекітіп жатқанымызда үйге қонақ келіп қалды да, істі аяқтауды әкем бізге, дәлірегі менен үлкен балаларына тапсырып, өзі үй жаққа кетті.

Бастауыш мектеп жасындағы ағаларым соңғы тесікті ынты-шынтысымен бекітті. Тастай болды. Біз солай есептедік. Шаруақор әкемнің істегеніндей қайдан болсын деп ойламадық. Үйге «қатырдық, тас қылдық, шыбын кірер саңлау қалдырмадық, мықтылығын танкімен соғып тексеріп көруге болады» деп бір нәрседен құры қалғандай үйге жетіп бардық. Үйге қонақ келсе алдымен мінәйі себептермен бала-шаға қуанбай ба?.. Біздікі де сол әуен ғой.

Алғашқы үш күн тыныш өтті. Сойқан содан кейін басталды. Үлкендер үшін бұл жай ғана нәрсе болуы мүмкін, ал маған ауыр тиді... Ол не дейсіз бе?

Азанда жаман малды санап алдыма салып береді. Ұзын саны – жиырма жеті.

Жаман малды сондағы жаятын жерім әлгі төл қорадан екі жүз не үш жүз метрдей жердегі жазық көк алаң. Ол жерде ши де, қамыс та, тас та, жыра да, сай-сала да жоқ. Жаман малмен ұзап ешқайда бара алмайсың.

Жаман малды таңғы шайды ішіп болған соң қорадан асықпай санап шығарамыз. Түске жақын шу-шулеп айдап келіп бұлақ басына иіріп тастаймын. Түстен кейін, дәлірегі бестен өте тағы сол көк алаңға жаюға айдап кетемін. Бәрі алақандай көз алдымда. Бірақ, кеште апақ-сапақта қораға ешкім санап кіргізбейді. Жаман малдың бәрін түстеп алғанмын. Қаракөл жас қозылардың түсі бірдей. Нұқыл шымқай қара. Құйрығының пошымынан ғана ажыратасың. Олардың әуелгідегі саны ерте туған екі-үш ақсақ қозыны қоспағанда алтау-тұғын.

Көшіп келгеніміздің төртінші күні жаман малды қорадан санап шығарғанымызда бір бас кем шықты. Бұл менің мал жоғалтуымның алғашқы «оқиғасы» еді. Жоғалғаны қой ма әлде қозы ма анықтап жатпадық. Өйткені, әкем соншалықты мән бере қоймады. «Жарайды, енді мұқият бол, ұзатып жайма, қора маңынан алыстама», деді де одан әрі ештеңе айтпады. Алдымда барлығы жиырма алты бас қалды. Күні бойы алдымдағы малды көзімнен таса қылмадым. Кешкісін қораға әдеттегідей өзім қамадым. Есікті тарс бекіттім. Күнде кешке жақын ересектер жағы үлкен отармен, басқа да шаруалармен қарбалас болады да, жаман малға мән бере қоймайды.

Содан ертесіне қорадан шығарда жаман малды тағы да санадық. Тағы біреуі кем. Әкем сынай қарады да қойды. Маған соның өзі де жетеді. Сүмірейдім де қалдым көзіммен жер шұқылап. Әкем жаман малды сырттай көзімен бір шолып шықты да: «Алты жас қозы бар еді, төртеуі ғана қалыпты ғой. Жас төл қалғып-мүлгігіш келеді. Әлдененің түбінде жатып қала береді. Енесінен не тобынан ажырап қалса не болса соны қара тұтып қаңғып кетеді. Солай болған ғой. Абай бол», деді. Мен де өз кезегімде мына алақандай көк алаңқайдан малды шығармағанымды, мұқият болғанымды айтып жыларман болдым. Бірақ, мал жоғалтқанның сөзі құрысын.

Содан әкем төрт-бес күнге бір жаққа жолаушылап кетті де, азанда өріске жаман малды санап шығару өзімізге – балалар жағына жүктелді. Азанда санап шығарған төрт күнде де бір-бір қозыдан кем шықты. (Кейін кешке жаман малды қораға неге санап кіргізбедім екен деп ойлап жүрдім). Үй бетіне қарауға бет жоқ. Күнде күлкіден, түнде ұйқыдан мақұрым қалдым. «Малға қараса мендей-ақ болсын» деп қоямын. Кінәсізбін. Бірақ қозылардың жоғалғаны рас. Ішім өртеніп барады. Қозылардың жоғалғанына емес, барынша сақтық жасаған есіл еңбегімнің еш болғанына. Әкем мен шешемнен басқалардың бәрі маған аларып қарайды, бейне бір алапес көргендей.

Әкем бесінші күні таң қараңғысында келді. Сол заматта жаман малдың ішіндегі қалған төрт қозының да жоғалғаны тетелес «жауларымның» тарапынан әкеме айшықтала баяндалды. Ол кісі үндемеді. Ұрыспады. Ұлдардан кенжесі болғандықтан әншейінде басқаларға қарағанда әкем алдында еркін жүретін мен есік жақта пүшәйман жеп, жүзімді төмен салып отырмын. Балаларына әдеттегідей базарлықты үйіп-төгіп әкелген әкем апыл-ғұпыл жиналған төсектердің орнына жайылған дастархан басында маған күлімсіреп қарағандай болды. Май шамның жарығынан анық көрдім, әкем маған жымия, мейірлене қарады да өзіне шықырды. Оң тізесіне қарындасым жайғасқан. Оған дау жоқ. Маған сол тізесіне келіп отыруымды нұсқады. Мен орнымнан әрең тұрып, басымды төмен салып келіп сол тізесіне жайғаса беріп, жылап жібердім. Іштей тығылып отырған едім. Арқамнан қағып жұбатты. «Қой енді, жігіт деген жылай ма екен? Жоғалса – мал жоғалсын» деді көп созбай. Түрлі базарлық салынған сөмкелерге басқа бауырларым жалтақ-жалтақ қарап қояды. Мендік күй – базарлық түгілі бас қайғы. Мал жоғалтқанға базарлық не теңім?

Апам Ділдаш сыртта самаурынға шай қайнатып жүр. Үйге апамның кіргенін асығып күтіп отырмыз. Апам кірсе, базарлық толы сөмкелер ашылады да басқасы басқа, кәмпит-печене дастарханға молынан шашылады. Бірақ әкем самаурынның қайнағанын күтпей дастархан басынан тұрды да апама дауыстап: «Әй, Ділдаш, маған қол фонарды тауып берші» деді. Апамнан қол фонарь алған әкем қарындасым мен апамнан басқаларымызға соңымнан еріңдер дегендей белгі берді. Біз ештеңе түсінбей қалдық. Әкем жаман мал қамап жүрген қораны асығыс бетке алды. Әкеміздің соңынан сүрініп-қабынып еріп келеміз.

Міне, қызық. Мені толғантқан сыр оп-оңай шешілді. Алты қозы жоғалтқан маған әкем кінә артпай, қайта мейірлене қарағанының сырын осыдан кейін барып ұқтым. Әкем күн сайын бір-бір қозыдан жоғалып отырғанының сырын бауырларым баяндаған әлгі сәтте-ақ біліп қойған екен, жарықтық. Мен ақ, кінәсіз болып шықтым. Сонда не болған десеңізші...

Әкем қораның есігін ашып ішке кіргенде аузы-мұрны жабық, таңның бозамық белгілері түгілі ұлы сәулеге орын жоқ тас қараңғы қораның ішін қол фонары жап-жарық қылып жіберді. Жаман мал бір уыс болып түкпірге тығылысып қалыпты. Әкем ғана байқаған. қораның қи лақтыратын шеткі тесігінен қасқырдың көк шулан құйрығын көзі шалып қалыпты. Қи лақтыратын, әлгі біз бекіткен шеткі тесікпен тұспа-тұс бір үлкен, ерте туған қозы тұр. Үсті-басы қан-қан, жырым-жырым. Қасқыр оны тесіктен алып шығамын деп  әбден әурелеген. Сөйтіп жүргенде қозы байғұстың сау тамтығы қалмаған ғой. Бәрі белгілі болды: Біз «тастай» қылып бекіткен қораның тесігіндегі көңді қасекең оңай құлатқан. Міне, сол жерден күн сайын бөлтіріктерін ауыздандыруға жас қозыларды алып кетіп отырған. «Қи лақтыратын тесікті мықтап бекіттік» деген жалған ақпаратқа сеніп, әлгі тұстан қауіп келер деп күтпегенбіз. Малды қораға санап кіргізбей, шығарарда ғана санағанда кем болуы қасқырдың тірлігінен екен. Адамның қасқыры болмаса түздің бөрісі жабық қораға түседі деп ойламағанбыз.

Үйге келген соң шай үстінде әкем айтты: «Мына Жетім шоқыда қасқырдың ұясы бар екенін бұрыннан білетінмін. Ешкімге айтпағанмын, біреу-міреу бөлтірігін алып кетсе, оның зияны осы маңдағы шаруаларға зияны тиер деп. Қасқыр кекшіл келеді. Мұны бүкіл қазақ біледі... Дегенмен, мына қасқыр мәрт екен. Әйтпесе, бөрі атаулы қораға түссе ту-талапайын шығарып қой біткенді тамақтап тастайды емес пе? Ол біздің қораға түскенде басқа бір малға тиіспей өз керегін ғана алып отырған. Ал ана үлкен, салмағы ауыр, ерте туған қозыны тесіктен алып шыға алмаған. Алып шығуға барын салған. Алып кетер ме еді, егер біз келіп қалмағанда... Аналығы сыртта қалып, қораға түсуге аталығы тәуекел еткен секілді... Өйткені тұрқы ірі болып көрінді», деді.

Әкем бізге қарап, «Сендер шеткі тесікті жөндеп бекітпеген екенсіңдер. Сендерге де бір мезгіл сенейін деген едім. Жарайды, енді пысық болыңдар. Қасқырды да Құдай өлтірсін бе? Ол да өз әрекетін жасаған ғой. Мұны қасқырдың қастығы емес, достығы, ұрпағы үшін күресі деу керек. Бөлтіріктерін ауыздандыру, тамағын аулауға үйрету үшін қастық жасамай, ісін ізетпен атқарған екен, бұл түз тағысы. Кейбір адамнан ізет екен», деді әкем.

Біз көп ұзамай таныс-бейтаныс көршімізді тастап Көкбұлаққа көшіп кеттік.

Әкем: «Қасқыр да адам секілді. Олардың да тектісі мен тексізі болады. Түздегі малға шауып немесе қораға түсіп керегін ғана місе тұтқан бөріге ашуланба, өйткені бұл олардың күнкөріс амалы. Құдай оларға тамақ етіп жаратқан жануар атаулыны азайтып, санын, өрісін шектеп, кейбірін өзіне меншіктеп алған адамзат иелігінен қасқырдың да өз үлесі бар. Дүниеңнің қасқырға бұйырғаны садақа. Дегенмен өз малыңа ие бол. Ал малыңды тамақтап, аш көздене қырып салатындары кек қуғанының немесе тексізінің тірлігі. Бөрінің бөлтірігіне тиіспе, тиіскенің әлсіздігің, мықты болсаң аталығы мен аналығын ұста», дегені есімде қалыпты.

Әкеммен ілесіп бір жиынға барғанымда бір кісінің Жетім шоқы жақтағы бір үңгірден үш бөлтірік ұстағанын айтқанын естіп қалдым. Сол жылы қойшыларға екі көкжал күн көрсетпеді. Ал біздің отардан алты жас қозыдан басқа шығын болмады. Таныс-бейтаныс үйдің тынышын алғысы келмеген болар, бәлкім.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15