Қоғам • 10 Қаңтар, 2025

Аманаты ерен еңбегімен еселенеді

47 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғапыл дүние, ғайыптан, бір бүйірі опырылып түскендей боп, мұңға батып, есін жия алмай қалғандай ма? Оның талтүстегі тосын күн күркіріндей күңіренісі мен күлбілтелі солғын күмбірі құлаққа еміс-еміс шалынды... «Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шаға­сы­ның ортасында, 2025 жылғы қаң­тардың 9-ы, жергілікті уақыт бойын­ша сағат 19.55-те (Қазақстан уақты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 05:55)». Бұл қазақ хал­қын өксіткен қаралы хабарды жет­кіз­ген классик жазушы Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге еді...

Аманаты ерен еңбегімен еселенеді

Сурет: Halyq-uni.kz

Елпең қаққан қарапайым Едіге осыдан төрт-ақ ай бұрын, былтырғы жылдың қыркүйегінің басында Кемерде тұрып жатқанына бір жыл болған Мұхтар ағамызға сәлем бере барғанымызда, елпілдеп алдымыздан шығып, елгезектік танытып еді. Оң қолындағы таяғына салмағын сала қисаң етіп орнынан көтеріле қонақтарына ықыластана қолын созып, күреңіткен солғын жүзіне күлкі демдеп, көзі жайнап қоя берген Мұхаң ағамызды Бақытжамал жеңгей: «Атасы-ау, байқа, байқасаңшы», деп сүрініп-қабынып қалар ма екен дегендей, сүйемелдеп зыр қаққаны есмімізде...

Дастарқан басы әңгімемен қызған еді. Мұхаң көбіне-көп естелік айтты. Бәрін түйіндей келе Қазақстанның болашағына зор үмітпен емеурін танытты. Шешен шешілгенде шежірелі тарих көмбесінен төгіледі екен, бүгінгі ел тәуелсіздігінің маңызы мың батпан алтыннан салмақтана түседі екен-ау, десейші. Көрікті кескіні ел амандығымен ажарланған асыл ағамыз туған жерге деген сағыны­шын көкірегінде құндақтап, өскен өңірін, қырандай түлеген Алма­тысын аңсағандай, біздің бар болмысымызға үңіле түсіп, қырағы жанарымен сылап-сипай масаттанып, құдды, сайын даласының жұпарлы жусанын иіскегендей, демін жиілете ауа қарпып, әйдік қуанып қалып еді-ау.

Сағат тілін қимастық сезімнің қылымен қанша байлап, тежеп тастағымыз келгенмен, еш әмірге бағынбайтын уақыт шіркін, сол жолы біздерді қоштастырған болатын. «Келесі кездескенше, Мұхтар аға!» – деп, қыркүйектің жиырмасында АҚШ-қа аттанғалы отырған ғажайып адаммен қимастықпен құшақ жазысқан едік...

Күллі қазақ елін алып құшағына сыйдырған алып жазушы сырт жерде мәңгілік өміріне аттанып кетті. Аруақты жазушының еліне деген аманаты ерен еңбектерімен еселене түспек, ел болашағына тілеулес бол­мақшы!

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері