Қала халқы көп жиналатын орынға киіз үйдегі кітапхана құрылып, оқырман қауым табиғат туралы кітап-журнал оқиды. Викторинарлық ойындарына қатысып, тіпті өсімдікті өздері егуге болады. Көшпелі кітапхананың үйлестірушісі – С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана. Жылжымалы кітапхананың тұрақты оқырманы күн санап артып келеді. Бұған қоса туристердің де арнайы ат басын бұрып, кітап оқып кететіні бар. Әсіресе киіз үйдегі кітапханадан балалар бір елі кетпейді. Өйткені табиғатқа қатысты кітаптар мен жаңа басылымдар көп. Жазғы демалысын таңнан кешке дейін ойынмен өткізетін балқаштық балалар кітап оқып, зейіндерін ашып жүр.
– Жылжымалы кітапхананың басты міндеті – мәдениетті, экологиялық ой-өрісті, экологиялық сауаттылықты насихаттау. Адамдар келіп, туған өлкенің табиғаты туралы кітаптар, газеттер, журналдар оқи алады. Викториналар, байқаулар өткізіледі. Тіпті көгалдандыру бұрышы бар. Ең белсенді тұрғындарға сыйлықтар беріледі. Қазірдің өзінде оң әсер бар деп айта аламын. Күн сайын кітапханаға барамын. Айналамыздағы қоқыс азайды. Тұрғындар жиналған қоқыс сұрыпталуы үшін біздің жәшіктерді толтыруға тырысады, – дейді жобаны ұйымдастырушы Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова.
Жоба кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртуды, тұрғындарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеуді көздейді. Көшпелі кітапхана оқырмандарды 1 қыркүйекке дейін қабылдайды.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы