Құқық • 21 Маусым, 2024

Қауіпсіздікті нығайту – даму өлшемінің бірі

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің іс басқармасы жанындағы Парламентаризм инс­ти­туты мен Президенттік орталық бірлесіп «Құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алу: заңға қарсы әрекеттерге нөлдік төзімділік қағи­датының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Қауіпсіздікті нығайту – даму өлшемінің бірі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағ­дар­ла­масында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» құ­қық бұзу­шылықтың алдын алу жүйе­сінің тиімділігін артты­ру, аза­маттардың құқықтық тәр­тіп­ті қамтамасыз ету жөніндегі шешім­дерді әзірлеуге қатысуын кеңейту міндеті қойылған болатын.

Аталған міндетке қол жеткізу мақсатында қазір ел Үкіметі құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын әзірлеу үстінде. Ол қазіргі қолданыстағы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын­ алу туралы», «Кәмелетке тол­мағандар арасындағы құ­қық бұзушылықтардың алдын алу тура­лы, балалардың қада­ға­лаусыз және панасыз қалуы­ның алдын алу туралы», «Бас бос­тан­дығынан айыру орындары­нан босатылған адамдарды­ әкім­шілік қадағалау туралы», сон­дай-ақ «Азаматтардың қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы» бес заңды бірік­тірмек. Ал Парламентаризм инс­ти­туты құжатқа өзінің түзе­тулері мен ұсыныстарын дайындайды.

Дөңгелек үстелге қатыс­қан Парламент депутаттары, мем­лекеттік органдардың өкіл­дері, сарапшылар мен ғалым­дар атап өткендей, құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлеудің уақыты келді. Заңның қабылдануы халық­тың құқықтық қорғалуын жақ­сартады және құқық қолдану тәжірибе­сін жеңілдетеді. Онда жауапты органдардың құзы­реттері, салааралық үй­лес­тіру тетіктері және құқық бұзу­­шылықтардың алдын алу құрал­дары нақты жазылуы керек.

Парламентаризм инсти­ту­тының норма шығару жөніндегі атқарушы директоры Алмас Қанатов елдің қауіпсіздік дең­гейі оның дамуының негізгі өлшем­дерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, Президенттік орталық дирек­торы­ның орынбасары Серік Сы­дықов, Парламентаризм инс­­­ти­­­тутының сарапшысы, заң ғы­лым­­дарының докторы Әлібек Темербеков, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының басшысы Руслан Қаржасбеков, «Астана» халықаралық университетінің доценті Ержан Жамбаев заң жоба­сының нормаларына қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Дөңгелек үстелдің қоры­тын­дысы бойынша даярланған ұсынымдар одан әрі қарау үшін уәкілетті органдар мен Парла­ментке жіберіледі.