Руханият • 08 Сәуір, 2024

Түркістан рухани бірлігіндегі «Шағатай бәсі»

206 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Большевизм толық жеңген уақытта түркі тұлғаларының, соның ішінде қазақ зиялыларының басын көбiрек қосқан бiрегей шаһар Ташкент едi. Мұның себебi Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов әр тұрғыдан көтерген тәуелсiздік пен бірлік мұраты-тын. Осы қалада 1918–1922 жылдары өзбек жәдитшiлдерiнiң «Шағатай бәсi» (түпнұсқада «Чигатой гурунги») атты мәдени ұйымы жұмыс істеді. Мағынасы – «Шағатай ұлысы мұрагерлерінің пікірталас, сұхбаттасу, бәс тігу алаңы» (гурунги – парсы сөзі).

Түркістан рухани бірлігіндегі «Шағатай бәсі»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Оны ұйымдастырған – әйгілі санаткер, қаламгер, қайраткер Абдурауф Фитрат. Фитраттың өзбек және тәжiк халқына сiңiрген еңбегiн А.Байтұрсынұлының қазаққа сiңiрген еңбегiмен салыстыруға болады. Ол жаңа өзбек тiлiн жүйеледi һәм өзбек және тәжiк әдебиетi тарихын алғашқылардың бiрi болып жазды. «Шағатай бәсiне» дейiнгi Фитраттың дүниетаным баспалдақтарын қалыптастырған орындар – Бұхарадағы Мiр-Араб медресесi мен Ыстанбұл университетi. Фитрат 1909–1913 жылдар аралығында Түркияда оқиды. Бұл ол елдегi «Жас түрiктер» қозғалысының мерейi үстем шағы болатын.

Абдурауф Фитрат 1913 жылы Бұхараға қайта оралды. Елiн ағарту iсiне бiрыңғай жұмылды. Бiрнеше еңбек жазды. 1917 жылы Бакудегi ағайын­ды Орудж баспаханасынан «Оқу» атты оқулық шығарды.

Қоқанда Түркiстан автономиясы жарияланғанда жазған оның мына сөзi аса тағылымды: «Елу жылдан берi езiлдiк, тақыр болдық. Қолымыз былғанды, тiлiмiз кесiлдi. Ағзамыз бұзылды. Намысымыз қорланды. Адамшылығымыз аяқ астында қалды. Төздiк, сабыр еттiк. Күш ұлғайғанда, әр бұйрыққа мойынсындық. Бүтiн бiрлiгiмiздi қолдан бердiк. Жалғыз пiкiрдi бермедiк, жасырдық, иманымызға орап сақтадық. Ол – Түркiстан тәуелсiздiгi едi»  (Фитрат А. Чин севиш. – Тошкент: Ғ.Ғулом номидаги Адабиет ва санъат нашриети, 1996. – 256 б.).

Ресейдегi түркі халықтары өмi­рiн­дегi аса ауыр 1918 жылы жазған «Әмiр-Темiр қабірі» атты пьесасында А.Фитрат кейiпкерi: «Уа, алдияр! Езiлген, жаншылған, тоналған түркі халқының бiр ұлы саған медет сұрап келiп тұр! Саған бағы ойрандалған, гүлi тапталған, бұлбұлының үнi өшкен Тұран шырақшысы көмек сұрап келiп тұр! Тұранның қапқаздық өкiлi жанып кеттi, әзербайжаны жойылды, түрікменi алданды, татары тоналды, өзбегi жаншылды, қа­зағы аштан өлдi! Естимiсiң, алдияр!» , дей­дi баба аруағына тағзым етiп (Фитрат А. Танланган асарлар. 1-жилд. Шеърлар, насрий асарлар ва драмалар. Тошкент: Маънавият нашриети, 2002. – 320 б.).

Мiне, жоғарыда бiз үзiндi келтiрген сөздерiне және басқа да поэзиялық, прозалық, драматургиялық, танымдық шығармаларына қарап, Абдурауф Фитраттың «Шағатай бәсi» ұйымына қандай әзiрлiкпен келгенiн байыптауға болады. Аталған ұйым қызметiн зерделеуде бiз мына проблемаларды қарастыруды жөн көремiз: 1. «Шағатай бәсi» неге Ташкентте құрылды? Оның бағыт-бағдары қандай едi?; 2. «Шағатай бәсi» мен жалпы түркі, соның iшiнде қазақ руханиятының нендей қарым-қатынасы бар?

Алғаш «Шағатай» атауына келейiк. Ол – Шыңғысханның екiншi ұлының аты. Ал Фитрат қолданылымындағы «шағатай» – мәдени-рухани бiрлiк (тип) атауы. Қарапайым тiлмен айтсақ, ол – Шағатай ұлысының (Орта Азия, Жетiсу, Шығыс Түркiстан) мәдениет (тiл, әдебиет, т.б.) атауы. Түркітанушы-лингвист А.Аманжолов бұл термин хақында: «Түркiтану әдебиеттерiнде «шағатай тiлi» (немесе сыңаржақ ұсынылған «ескi өзбек тiлi») деген термин Ақсақ Темiр мирасқорлары заманында өз дамуының классикалық түрiне жеткен ХIV-ХVI ғасырдағы ортаазиялық әдеби «түркi» тiлiн көрсетедi. «Шағатай» тiлiнiң ХI-ХIII ғасырдағы шығыстүркiстандық түркi әдеби тiлiмен және ХIII-ХIV ғасырдағы алтынордалық түркi әдеби тiлiмен бiр iзден таймай жалғасуында ешқандай дау жоқ. …Орта түркi («шағатай») тiлiнде жазылған ортаазиялық жазба әдеби шығармалардың дәстүрлерi ХVIII-ХIХ ғасырда түркiтiлдес өзбек, ұйғыр, түрікмен, қазақ пен қарақалпақ халықтарының жазба әдеби тiлiнiң қалыптасуына мейлiнше зор әсерiн тигiзедi», деп жазады (Аманжолов А. Орта Азия түркi  әдеби тiлi // Кiтапта: Қазақ тiлi. Энциклопедия. – Алматы. IДК–ТIРО редакциялық-баспа орталығы, 1998. – 303-304 б).

Ғалымның «шағатай тiлi» – «ескi өзбек тiлi» емес, орта тiл дегенiнде мән бар. Мысалы, 1992 жылы Өзбекстанда шыққан «Саводхонлар лұғати» (орысша: «Старо узбекский толковый словарь») еңбегiн алып қарайық (Саводханлар луғати. Тузувчи: М.Рустамий, С.Хасан. – Тошкент: Езувчи, 1992. 112 б.). Сөздiкке енген шағатай тiлi сөздерiнiң көбi дерлiк бүгiнгi қазақ әдеби тiлiнiң актив қолданысында жүр деуге негiз бар.

«Шағатай бәсi» – пiкiрталасты көздеген, ақыл-ойдың қайнауын тiлеген ұйым. Мұнда бәс шындық пен ақиқатқа тiгiлсе керек. Жеңген жан ғылым мен ағарудың абыройына бөленедi, көзi ашылған елдiң есiнде қалады. Абдурауф Фитрат пайымы осыған саяды деп есептеймiз.

Тарихқа жүгiнсек, Түркiстан автономиясы 1917 жылы 27 қарашада Қоқан қаласында жарияланды (құрылды) да, 1918 жылы 11 ақпанда ол большевиктер тарапынан құлатылды (қуғындалды). Автономия өмiрге келгенде, Абдурауф Фитрат:

Сен үшiн қайта тудым, өмiр сүрем,

Сен үшiн құрбанмын, қасиеттi Түркі ошағы! – деп жазды. Бұл автономияны құру iсiне қазақтан Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, т.б. қатынасқаны мәлiм. Большевиктер демократиялық жағдайда құрылған Түркiстан автономиясын (кейiн кеңес қол­данылымында әдейi шатастырылып «Қоқан автономиясы» делiнген) аяу­сыз құлатып, оны қолдаған елдi қырып-жойғаннан соң, 1918 жылы 22 көкекте (Ленин туған күнiне дөп келген) тездетiп РСФСР құрамындағы Түркiстан авто­номиялы советтiк социалистiк рес­публикасын құрды. Демократиялық автономияның күштеп құлатылғанын өз көзiмен көрiп, қабырғасы қайысқан Хайретдин Болғанбай большевиктердi «тұла бойлары қан сасиды» деп сипаттайды. Оның осы оқиғаға қатысты мақаласы көркем шығармаға бергiсiз. Қаламгер: «Ол күндерi адам-хайуан өзiнiң бет-аузын Түркiстан халқына ашық көрсеттi. Ол күндер – Түркiстан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер. …Тозаңдай кiнәсi жоқ есепсiз мұсылман халқының қаны судай шашылып, жаңа ғана қылтиып өсiп келе жатқан бостандық гүлiнiң адам пiшiндi жыртқыштар табанында тапталған күндер – ол күндер. …Япырмай, осы сықылды үлкен масқара, зор сұмдық күндерiн де Түркiстан халқы бiр уақыт ұмыта ма екен? Жоқ, мың қабат жоқ! Неше бүгiн сүйегiне құлдық сiңiп, тамырына iрiң толса да, бұл күндердi ұмыта қоймас!.. Тым болмаса, неше мыңдаған сәбидiң кiнәсiз  қанын судай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға сөз таба алмаймын. Мен түгiл, бұл масқаралықты жазбақшы болған тарихшылар оған ұнамды ат қоя алмас», дейдi (Болғанбайұлы Х. Тұла бойлары қан сасиды // «Бiрлiк туы» газеті, 15.03.1918).

Сөйтiп, большевиктік қалыптағы автономия құрылды. Оған жергiлiктi ұлт азаматтары тартылды. Бiрақ тарих сабағынан хабардар ұлт қайраткерлерi қуыршақ болғысы келмедi. Әрине, олар ресми «большевик» те, «басмашылармен күресушi» де, «коммунист» те болды, бiрақ жаны ел деп ауырды, жүрегi Түркiстан деп соқты. Бұлар Х.Болғанбай айтқан ақиқатты бiлмедi емес, бiлдi, сондықтан iштей егiлдi. Қайғыра жүрiп, Түркiстанды қиындықтан шығарар амалды там-тұмдап қалыптастырды. Әлихан большевизмге дейiн Түркiстанға қосылу «мойынға тас байлап, суға секiрумен бiрдей» десе, ендi жастарға «қарақтарым, өздерiң бiлiңдер, әйтеуiр Алаш мұраты өлмесiн» деп, аманатын жеткізді. 20-жылдары «Қазақстанға қосыла алмаймыз, онда отаршылдардың сарқыты көп» деген түркiстандық қазақ қайраткерлерiне Смағұл: «Қазақстанда колонизатор бар­лығы – қосылмауға дәлел емес, қосылуға дәлел. …Түркiстан азаматтары бiздiң қотырымыз болса, бiзбен бiрге жаз­сын», деп ой салды (Садуақас­­ұлы С. Шарт керек пе? // «Еңбекшiл қазақ» газеті, 04.08.1922). Анығырақ қарасақ, С.Садуақасұлы сөзiнде Түркiстанға деген сенiм бар.

Қиын шақта Фитраттың – Бұқарадан, Мiржақып, Мағжан, Халел, Мұхтар, Даниял, Дiнше, тағы басқалардың – Қазақ­­станнан (жеке автономиялық респуб­лика), Қошкенiң – Омбыдан Ташкентке ат басын бұруының себебi – сол қауiпсiздiк мәселесi. Сонан соң – Т.Рысқұлов сынды қайраткерлердiң тәуелсiз Түркiстан республикасы идеясына сенгендiгi. Ендеше, Түркияда шыңдалу мектебiнен өткен ғылыми-шығармашылық әлеуетi мол А.Фитрат «Шағатай бәсi» ұйымын Ташкентте ашуы заңды едi.

«Шағатай бәсi» ұйымының тарихи қызметi «пантюркизм» ретiнде сыналған 20-жылдардың аяғында Абдурауф Фит­рат: «Чигатой гурунги» ұйымы саясатпен шұғылданған жоқ, ол тек тiл, емле, әдебиет мәселелерiн қарастырды», деп жазуға мәжбүр болды. Бiрақ осы сөзiнiң өзiнде мол мағлұмат бар едi. Бiле-бiлгенге руханиятты жүйелеудiң өзi – саясат. Алайда ол – ұлттық мұратты негiздеу саясаты.

Өзбек ғалымы Х.И.Якубов: «Шағатай бәсiн» ұйымдастырушылар төңкерiстен кейiнгi әдебиет негiзiн шағатайлық, түркішiлдiк қағидатына сай құрғысы келдi. Олар әдебиеттiң жаңа мазмұнына, өзбек тiлiн орыс және интернационалдық сөздермен байыту шарасына қарсы тұрды. Түркi тiлдерiн жалпы шағатай тiлiнiң диалектiсi деп есептедi. Ұйым 1922 жылға дейiн өмiр сүрдi», деп жазады (Узбекская литература ХХ века. Москва: «Восточная литература», 2010. -225с.).

«Шағатай бәсi» жалғыз А.Фитрат ұйымы емес, сондықтан оның жұмысына Чулпон, Елбек (Машрик Юнусов), Бату (Махмуд Хадиев), Абдолла Авлони, т.б. қатынасты. Түркiстандықтардан қазақ Нәзiр Төреқұлов та атсалысқан тәрiздi. З.У.Тоған «Хатираларында» (естелік): «Нәзiр мен Чулпон жас күнiнен аралас­ты, өйткенi Ферғанада алғаш аталған қаламгердiң әкесi губернатор аудармашысы, ал соңғы аталған ақынның әкесi бай саудагер болды, екеуi де түрiктiң «Тюрк юрду» газетiн оқушы едi», дейдi.

Фитраттың ой-пайымдары Ғұмар Қараш, Шәкәрім, Міржақып пікір­ле­рімен сәйкес келеді. Мысалы, Абдурауф Түркия сапарынан кейін жазған «Бола­шақ» атты мақаласында Бұхара мен Мысыр діни оқуларының сапасы мен мәнін талдайды. Әлем (соның ішінде Мысыр да) ізденіп, оқудың оңтайлы тәсілін тапқанда, құжырасында са­уат ашу үшін ғана табандай 7 жылын сарп ететін шәкірттерге жаны ашып, озық елдердің білім әдістемесін ұсынады. Сөйтіп, жауапты адамдарды өнерге (Ыбырай Алтынсары айтқан техника-технологияға) бет бұруға шақырады. «Диқаншылықтың да ғылыми негізі болуы керек», дейді. Арбаны темір жолға айырбас­тауды ойланған жөн деп түйін­дейді.

Өзбек зиялылары Алаш қай­рат­­кер­­­лерінің «Айқап», «Қазақ» басы­лым­­да­ры секілді 1913-1915 жылдары Са­мар­­қандта «Айна» атты журнал шы­ғар­ды. Реформаторлық, жәдитшілдік бас­пасөз. Осында Фитраттың «Өмір және өмірдің мұраты» атты мақала жариялап, барға қанағат тұтатындарды, таби­ғат­тың бір бөлшегіне айналып, дамуды қалайтындарды, қоғамдық санамен тұта­са­тын­дарды бөліп зерделейді.

Әдебиет тарихына келсек, «шағатай әдебиетін» үшке бөліп қарастырады: дас­тан әдебиеті, ясауилік әдебиет, сарай әдебиеті. Әмір-Темірдің «Тузуки Темур» («Темір түзіктері») мұрасын, Әлішер Науаи мен Құсайын Байқараның түркілік тиянақтарын жүйелі талдайды.

Жалпы, А.Фитрат құрған «Шағатай бәсi» ұйымының түркі халықтарының рухани өмiрiне қандай әсерi болды деген сұраққа былайша жауап қайырамыз:

Бiрiншiден, Фитрат ойлары – өзбек жәдитшiлдiгi мен Түркия реформасының өзбек-түрiк-тәжiк (парсы) мәдени-рухани контексiндегi синтезi. Сондықтан мұны iзденiстiң бiр жолы деп қарастырамыз. Ол iзденiстi түрiк зиялылары Түркiстан басылымдарынан оқып бiлдi.

Екiншiден, Фитрат көркем әдебиетте түр­­кі халқы қаламгерлерiнiң iшiнде ал­ғаш­­­­қылардың қатарында туған елiнiң шын­­дығын, қасiретiн, өзге елдiң жағ­да­йын суреттей отырып немесе жат жұрт­тық көзiмен қарап бейнелеу соқ­па­ғын бас­тады. Бұған – «Чин севиш» (Шын сүю), «Хинд ихтилолчилари» (Үндi келiс­пеу­шi­лiк­терi), т.б. шығармалары куә. Осы туын­ды­лардың мәтiн астарынан автордың әлем отар­шылдығын параллель жүргiзiп зерде­легенi аңғарылады.

Сонымен ХХ ғасырдың басындағы жал­пы түркі мәдени-әдеби серпілісі ая­сында «Шағатай бәсі» ұйымы Түр­кіс­тан рухани бірлігіне тілектестікті, жал­пы­адамзатқа ортақ ізденіс пен өрісті аңғартады.