Партия • 01 Наурыз, 2024

«Ауыл аманатының» тиімділігі артып келеді

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдады. Жоба өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бүгінде шамамен 80 млрд теңге сомасына жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын 12,7 мың шағын несие берілді.

«Ауыл аманатының» тиімділігі артып келеді

Мәжіліс спикері, «Amanat» төраға­сы Ерлан Қошанов ауылды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Осы орайда, партия қоғамда кең қолдау тапқан «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» сынды екі жоба әзірледі. «Ауыл аманаты» – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай жоба аясында 1 млн ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жос­парланып отыр. Алғаш рет ел тарихында аталған мақсатқа 1 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді.

«Ауыл аманаты» – Президенттің сай­­лау­­ал­­ды бағдарламасына енгізіл­ген бірегей жоба. Жобада ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарасты­рыл­ған. Ең бастысы, қаражаты толық шешіл­ген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімді­лігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік орган мен әкімдік «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіс. Негізгі міндет те осы болуы керек», деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыспен қамтылған азаматтар санын арттыруға арналған нақты жос­пармен бөлісті. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров фракция мүшелерін жобаның негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті. Отырыс барысында бейнеконференция режімінде бірқатар өңірдің өкілдері сөз алып, жобаны жергілікті жерде жүзеге асыру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Талқылау барысында Мәжіліс спи­кері өңірлер арасындағы қаржылық теңгерім­сіздікке назар аударды. Былтыр жалпы несие сомасының 43,9 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облыс­тарына берілді. Алайда небәрі 1 мил­лиард теңге алған аймақтар да бар. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Үкімет ірі ауыл шаруашылы­ғы кооперативтерін құруға тиісті көңіл бөлмейтінін атап өтті. Партия жанындағы жобалық кеңсе былтыр ауыл шаруашылығындағы жекелеген салалардың экономикалық бағдары мен даму әлеуетін анықтау үшін 166 ауданда, 16 шағын қала мен 2 260 ауылдық округте скрининг жүргізгенін еске салды. 

«Болашақта барлық кем-кетікті ескеру қажет. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдағы кезеңде кемінде жыл сайын 50 мың жұмыс орнын ашып отыруға тиіспіз. Қағаз бетіндегі әдемі цифрлардың қажеті жоқ деп санаймын. Бастысы – жұмыссыз ауыл тұрғындарын тұрақты еңбекпен қамту», деді Ерлан Қошанов.

Жиынды қорытындылаған партия төрағасы жоба аясында несие беруді цифрландыру үдерісін жеделдетуді, мал сатып алу және техникамен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды, статистика деректерін бірыңғай стандартқа келтіруді, сондай-ақ ауқымды түсіндіру жұмысын жүр­гізуді тапсырды. «Ауыл аманаты» жо­ба­сын жүзеге асыру барысы партия фрак­циясының ерекше бақылауында болады.

Іс-шара аясында Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі әзірлеген «Ауыл аманаты» ақпараттық жүйесі таныстырылды. Плат­форма «Ауыл аманаты» бағдар­ла­масына онлайн режімде өтініш беруге және ол өтініштің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде платформа қанатқақты режімде жұмыс істейді. Биыл шілдеде платформа толық іске қосылады. Сондай-ақ фракция мүшелері «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысты.