Қоғам • 25 Қаңтар, 2024

Біліктіліктің бірлескен жобасы

85 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Назарбаев университеттің Жоғары білім беру мектебі Финляндияның үздік, жетекші университеттері – HAMK және JAMK қолданбалы ғылымдар университеттерімен бірлесіп, «Педагогикалық білім беру моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» атты жобаны іске қосты.

Біліктіліктің бірлескен жобасы

Дүниежүзілік банк пен Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсеткен ауқымды жобаның мақсаты – педагогикалық оқытудың жетілдірілген моделін енгізу және 30 білім беру бағдарламасын жаңа үлгіге бейімдеу. Сондай-ақ педагогикалық университеттерде мұғалімдерді даярлау бағытын трансформациялап, сол арқылы мұ­ғалімдердің рөлін, мәртебесін көтеру көзделген. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде білім алушының назарын аударуға ұмтылатын бәсекелестер көп. Сондықтан оқытушылар өз құзыреттілігі мен кәсіби деңгейін арттыруы керек.

– Министрлік өткен жыл бойы мұ­ға­лімдердің білімін арттыру бойын­ша үлкен жұмыс атқарды. Жеке тұжы­рым­дама қабылданды. Педагогикалық уни­верситеттердің арнайы жұмыс тобы Назарбаев университетпен бір­лесіп, осы тұжырымдама аясында Дүниежүзілік банк жобаларын жүзеге асыруға қатысқан Финляндиядан келген серіктестермен жұмыс істеді. Қазір жобаны ауқымды жүзеге асыру кезеңі – жоғары оқу орындары оқытушылары арасында білімді тарату кезеңі басталады. Ескі мазмұнмен жаңа мәселелерді шешу мүмкін емес. Бұл біздің ұжымдық шешімді қажет ететін үлкен үдеріс, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бұл жоба биыл қаңтар-маусым айлары аралығында онлайн және офлайн форматта өтеді. Оқу барысында 1 800 оқытушы қазіргі заманғы мұғалімдердің білім беру үрдістері, студентке бағдарланған оқыту мә­се­­лелері және цифрлық педагогика бойын­­ша құзыреттілігін арттырады. Соны­мен қатар сарапшылар жоғары оқу орын­дарының 200 оқытушысы мен 50 ауыл мектебінің директорлары үшін білім берудегі көшбасшылық бағытында біліктілікті арттыру бағдарламасы бойын­ша тренингтер өткізеді әрі CLIL технологиясы – пәндік-тілді кіріктірілген оқыту – жоғары оқу орындарының 100 оқытушысына жекелеген дәріс болады.

Жобаның ашылуында Назарбаев университеті президентінің міндетін атқарушы Илесанми Адесида оқыту­шыларды оқу курсының басталуымен құттықтап, оқу ордасының отандық білім беруді өзгертуге қосқан үлесін атап өтті.

Айта кетейік, тренингтерді фин­дік және Назарбаев уни­верситеттің сарапшылары, соның ішінде NU GSE қауымдастырылған профессорлары Дүйшөнкүл Шаматов пен Сұлушаш Керімқұлова, Назарбаев университетінің академиялық сапа жөніндегі директоры Әлия Сүлейменова, институттық тиімділік жөніндегі қауымдастырылған директор Айжан Мусина жүргізеді. Жобаға жергілікті сарапшылар мен отандық жоғары оқу орындарынан 50 педагогикалық әзірлеуші де тартылған.

– Инновациялық білім беру жобасы аясында Дүниежүзілік банк арқылы 30 білім беру бағдарламасы бейімделген. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарында үлкен өзгерістер мен реформалар болған жоқ. Бүгінгі іске асырылып жатқан бағдарлама – алғашқы бастамалардың бірі. Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебі осы бағдарламаның нәтижесінде, педагогикалық университеттердегі білім жақсара түседі деген үмітте, – деді Дүйшөнкүл Шаматов.

Жобаның ашылу сессиясынан кейін офлайн режімде жоспарланған тренинг басталып та кетті. Әртүрлі университеттерден келген оқытушылар топтарға бөлініп, арнайы тапсырмалармен жұмыс істеді. Астана халықаралық университеті педагогикалық институтының қауым­дас­тырылған профессоры, Матема­тика және математикалық модельдеу институтының PhD Дәулет Нұрах­метовтің айтуынша, бұл бастама оқытушылар үшін дәл қазіргі сәтте аса қажет.

– Қазір күнделікті өмірде, технологияда, әлеуметтік салада болып жатқан жаңалықтар оқу үрдісінде міндетті түрде ескерілуі керек. Соған байланыс­ты бұған оқытушы қалай, қай жағынан дайын болуы керек деген дүниені жақсы білу маңызды. Себебі біз шәкірт тәрбиелейміз. Болашақта олар мектептерде, университеттерде немесе мекемелерде жұмыс істейді. Сондай-ақ болашақ мұғалімдердің бойында қандай құзыреттілік болуы керек деген сұрақ туындап жатыр. Олар қалай бәсекеге қабілетті бола алады? Әлемде болып жатқан өзгерістерге ілесіп, дамып жатыр ма? Міне, жобада осы тақырып төңірегінде пікір таластырып, ақпарат алмасып, шыңдалып жатырмыз. Өткен аптада тренинг онлайн режімде болды. Ал қазір офлайн режімде өтіп жатыр. Оған әртүрлі сала бойынша бірнеше университет қатысып отыр. Бәріміздің мақсатымыз бір – туындаған мәселелерді жік-жігімен талдап, талқылау. Яғни біздің оқытып жатқан жүйеміз әлемдік стандарттарға сай келе ме, көштен қалып қойған жоқпыз ба, айналамызда не болып жатыр деген нәрсеге назар аудару. Әсіресе бір-бірімізбен пікір алмаса отырып, халықаралық сарапшылардың ұсынысын ескере отырып, деңгейімізді анықтау қажет, – деді Д.Нұрахметов.

Бұл жобада Финляндияның үздік, жетекші университеттерінің тәжіри­белері пайдаланылып отыр. «Мұғалім әлеуетін нығайту үдерісі тұрақты болуы үшін бізге, ең алдымен, жүйелі көзқарас қажет. Қазақ мұғалімдерімен серіктесе отырып, бағдарламаның мазмұнын дайындадық. Курс аясындағы біздің міндетіміз – педагогикалық жоғары оқу орындары үшін жаңа бейімделген силлабус құру. Біз әлемдегі ең үздік білім беру жүйесінің өкілдері ретінде өз тәжірибемізбен бөлісіп отырмыз», деді HAMK университетінің тренері Ирмели Лингнель.

Айта кетейік, 15-19 қаңтар аралығында Назарбаев университетте, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінде және Ө.Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан педагоги­калық университетінде параллель офлайн сессиялар өтті. 22-26 қаңтар аралығында сессиялар Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтіп жатыр. Оған 950-ден астам оқытушы қатысады.