Сенат • 07 Желтоқсан, 2023

Сенатор: Мектептегі аспаздардың көпшілігінде кәсіби білім жоқ

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі 7 381 мектепте оқитын оқушылардың арасында  1,5 миллионнан аса бала күнделікті мектепте тамақтанады. Ал оларға ас әзірлейтін аспаздардың көпшілігінде кәсіби білім жоқ, арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтпеген адамдар жұмыс істейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор: Мектептегі аспаздардың көпшілігінде  кәсіби  білім жоқ

Фото: senate.parlam.kz

Сенаттың бүгінгі отырысында депутат  Ақмарал Әлназарова  Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап,  мектеп асханасындағы жөнсіздікті  сынға алды.  Қазақстандағы балалардың  58%-ы анемияға шалдыққанын, А дәруменнің тапшылығы байқалатын балалардың қатары 23%-ға жеткенін айтты. 

«Білім беру мекемелерінде тамақтануға байланысты топтық сырқаттану тіркелген жағдайлар көбейіп кетті. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы 425-ке жуық бала тамақтан топпен улану салдарынан зардап шекті. Негізгі себептер асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болғаны, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы болып отыр.  Асхана саласындағы қызметкерлерінің біліктілігі мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істейді, 21,8%-ында арнайы біліктілігі жоқ. Білім беру ұйымдарында таза ауыз суға қол жеткізу әлі де проблема болып қалып отыр. Мектеп оқушыларының 68%-ы үйден су әкеледі, шамамен 30%-ы мектептен су сатып алады. Мектеп қабырғасында ауыз суға қол жеткізу балалардың қантты сусындарды ішуін азайтады. Сондай-ақ мектептегі тамақтану құны туралы бір ауыз сөз айтайын. Мектептегі тамақтану құнын есептеу барысында шикізаттық емес шығындар есепке алынбайды, өнімді сатып алуға тікелей шығындар ғана ескеріледі. Бұл толыққанды және теңдестірілген мәзірді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», деді сенатор.